Рахмет Иманғалиұлы


(Естеліктен үзінді)

О, киелі кең Нарын деп тебіреніске түспей болмайды. Оның қасиетті құмына, ата-бабаның табаны тиген топырағына Жәңгір хан Бөкейұлының, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының, күй құдіретін әлемге танытқан Құрманғазы мен Динаның, қазақтың жазба әдебиетінің Еділ-Жайық арасынан шыққан тұңғыш түлектерінің бірі Әбу Сәрсенбаевтың кіндік қандары тамғаны ерекше құдіреттің көрінісі десек, солардың ізін басқан Жұмекен Нәжімеденовтің, Зейнолла Серікқалиевтің, ерекше дарынымен дараланып тұратын Рақымжан Отарбаевтың дүниеге келулері де сол киелі көріністің белгісі саналғандай. Ең басты ғажабы – осылардың барлығының шыр етіп өмір есігін ашқан сәттерінің киелі атақоныс атанған Нарын даласында болуы еді. Соның ішінде Нарынды жеке дара бөліп қарағанның оғаштығы болмас. Аппақ айдыны мен көкмақпал орманы жоқ құмды жапанда осыншама дарындардың тәй-тәй басып ғұмыр кешкендері тарихқа таным, тағдырға тағылым іспетті. Егер осындай ірі тұлғалар ғұмыр кешпесе, Нарынның үлкен тарихын кім танып, кім бағалар еді. Қалай десек те, қазақ халқын ғасырлар бойына мыңдап, миллиондап өсірген қара қойлары емес, дарындылары мен даралары танытқан және солай әйгілеп келеді. Байлықтың берер бағасы баянды емес, өнер өшпейді, рухани дүние мәңгілік жасай береді. Сол ғаламат әлемнің жарқыраған шоқ жұлдыздарындай абыз Әбудің де, Жұмекен мен Зейнолланың да есімдері ел есінде сақтала бермек. Бұл сөзді салмақтап айтуымның да сыры бар. Абыз Әбу жұмыр жердің бетінде ұзақ ғұмыр кешті. Туған топырақта талай-талай мерейтойлары өткізілді.
Ал Жұмекеннің де, Зейнолланың да жерлестерінің ортасындағы мерейтойлары өздері тірі кездерінде болған жоқ. Сондықтан олардың дарынды жандар екенін білетіндер сирек еді, енді олардың қатары барған сайын азайып қалуда. Жұмекенді бірқатар жерлестері оның түрлі шығармалары, қолға тиген кітаптары арқылы біледі. Бар болғаны қырық сегіз жыл ғұмыр кешкен жыр жұлдызының туған жерде мерейтойын өзінің көзі тірісінде жасаудың орайы келмегенін айттық. Ол кезде қазіргідей қырыққа, қырық бес жасқа келсе атойлатып, дабылдатып той қылу дәстүрі өмірге енбеген тұс-тұғын. Елу жасқа толмаса, алғашқы мерейтой ауызға алынбайтын. Оған қоса абыз Әбудің бірде маған айтқан «сұғанақ еместігіңді таныдым, бірақ ол кейде адамды өз сыбағасынан кем қалдырады» - деп даналықпен ескерткені Жұмекен мен Зейноллаға да ортақ еді. Олар Алматыда айбындап жүріп жатса да, туған жерге, өз ауылдастарына келгенде, ешкім білмей қалатын. Себебі бағзы біреулердей Алматыдан шығарда қоңыраулатып дабыл қақтырмайтын. Соның салдарынан бұл екеуімен көзі тірілерінде мәдениет ошақтарында, мектептерде бірде-бір рет болса да кездесу кештері өткізілмеді. Ондай қошеметтеу, марапаттау көріністерін бұлардың өздері де күтпейтін және ойларына да алмайтын. Асқан кішіпейілділік, қарапайымдылық бойларына дарыған ерекше қасиетті тұлғалар еді-ау десек артық болмас.
Жұмекен Нәжімеденов 1935 жылдың қараша айында Нарын даласының түстік етегінде киелі Қошалақ қонысының шығыс-түстігіндегі Ашақ ауылында дүниеге келген. 1983 жылы 48 жасында бақилық сапарына аттанды. 1985 жылы оның туғанына елу жыл толғаны атүстілеу ғана аталды. Оның сүйген жары Нәсіп Мұстахқызының тілек білдіріп қозғауымен Құрманғазы ауданының бір-екі елді мекенінде шағын кездесулер ұйымдастырылды. Жұмекен осы аудандағы Ленин атындағы (қазіргі Нұржау) орта мектебінде оқыған. Нәсіп те осы мектептің түлегі. Балалық, шәкірттік шақтың сағынышы осында жетелесе керек, ақын жары алғашқы кездесуді сол білім ошағында бастауды қалады. Алматыдан бір топ қонақтар бар. Белгілі жазушы Өтебай Қанахин, ақын Ақұштап Бақтыгереевалардың қатысқаны кездесудің ажарын айшықтандыра түсті. Облыстан, ауданнан жол бастаған өкілдер де болды. Осы естеліктің авторы да сонда Жұмекеннің шәкірттік жылдарынан мектеп оқушыларына түсінік бергенде оның балалық шағын таныстырғандай болып еді. Одан кейін Жұмекеннің туыстары тұратын Қызылоба, Жыланды ауылдарында дастарқан басындағы әңгімелермен ұштастырылған. Соңынан Қызылоба ауылындағы «Жасқайрат» орталау мектебіне Жұмекен Нәжімеденовтің есімі берілді, кейінірек аудан орталығының кіші Ганюшкин аталатын бөлегіндегі Колхозная көшесі Жұмекен Нәжімеденовтің есімімен аталады.
Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық қуаты, дарындылығы тым ерекше келеді. Оның жырларын бір оқып шығу мүлде жеткіліксіз, қайталап оқыған сайын ғаламат ой дариясын шарлай түскендей боласыз. Түрлі атақтар мен марапаттау шараларын сығымдап, әбден саралап отыратын кеңестік заманда Жұмекеннің жыр жұлдызы атанып, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атануы көп қаламгердің қолы жетпеген шың басындағы шырақтай еді. Сол Жұмекеннің туғанына жарты ғасыр толғаны жоғарыдағыдай жүрдім-бардым шағын қозғалыспен аяқтағаны көп адамның көңілін қоңылтақсытып салған. Осыны ұмытпаған зиялы қауым өкілдері жыр жұлдызының туғанына алпыс жыл толуы жақындағанда баяғы олқылық қайталанбас үшін Нәжімеденовты насихаттау кең ұйымдастырылды. Облыстық «Атырау» газетінің редакциясы осының ұйымдастырушысы болды.
Ол ешкімге ашылып бір ауыз сөз айтпайтын, «мен ананы тындырып тастадым, мынадай бір дүниелерді жазғалы жатырмын» деп жар салмайтын. Жалпы мадақтау мен марапаттаудан өзін ылғи да аулақ ұстайтын. Қолы қаламда, көзі қағазда қалпында «астынан су шыққанша» отыра беруге бар еді-ау марқұм. Ғажап еңбекқор, ерекше төзімді жан болатын. Бұл да бір ерлік-тұғын. Ол ерлікті Жұмекен қаламы арқылы көрсеткен.
«Қайықшы қайықшыны көрінім жерден таниды» дегендей, таза таланттар бірін-бірі айтпай ұғысатын сияқты. Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов... Бұл үшеуінің табиғатында, тағдырларында ұқсастық бар екені айқын аңғарылатын. Ақпа-төкпе өлең-жырлары құйылып тұратын. Мұқағали аршынды жүретін, Шәмші болса көктайғақ мұздың үстінде келе жатқандай кібіртіктеп басып, ылғи бір ән тербетіп, әуен терген дағдысынан арыла алмайтын, Жұмекен жүрсе де, отырса да әлі ұйқысы ашылмаған жандай манаурап, мәнсоқ көріністен қол үзбей-тұғын. Таза дарын адам табиғатын солай билейтінін шамалайтынбыз. «Сөз өнері дертпен тең» деп Абай данышпандық жасаса, бұлар сондай құзырлы құдіреттер болатын.
Енді еліміздің жаңа әнұраны «Менің Қазақстанымның» авторларының бірі болып әлемге танылатын Жұмекен Нәжімеденовтің 70 жылдық мерейтойы ауылдан Астанаға дейін айбындатып аталып өтеді. Тамыз айында Жұмекен жайлы танымдық-тақырыптық конференция Атырау қаласында өткізіледі. Одан бұрын мынадай жаңа деректі қосуды орынды санадым.
Заманымыздың әлем таныған кемеңгер жазушысы Әбіш Кекілбаев Жұмекен жайлы естелік жазды. Онда құмда туған ұлы ақынның алғашқы қаламгерлік қадамын бастаудағы өмір көріністерінен де көп адам біле бермейтін жағдайларды жеткізеді, туған жердің ғаламат көне тарихынан да мол мағлұмат ұсынады. Өзіміз күнде айтып жүретін Ақжонас атауының қашан, қалай аталғанынан да оқырманды хабардар қылады. Алдымен Әбіш Кекілбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы он бірінші қарашадағы санында жарияланған «Қайсарлық» деген көлемді жазбасының басындағы үзіндісін оқып шығайық.
«Бір жоқты бір жоқ іздеп табады деген. Оған бірер жыл бұрын Нарынға барғанда көзіміз анық жетті. Ең алдымен, қырық хан, қырық мешіті бар Қырымға кісі өлтіріп, қырғыздан қашып келетін ер Тарғын еске түседі. Ақша ханның еркетотайы Ақжүніс сұлу оған: «Әкем мені қайдағы бір ханзадасымаққа жөнелткелі жатыр. Алып қаш!» – деп қиғылық салады. Батырлық тақсіретіне ғашықтық тауқыметі қосылады. Жүз жасаған Сыпыра жырау екі ғашыққа «Жанарыс жақтағы Үш Тарғын тауы» деген жерді бергізеді. Олар қыстап-жайлап, «мысыр еткен» қоныс содан «Ақжонас» атанады.
Ол ХІХ ғасырда қазақтардың қолына қайта түседі. Соны естіп, Тайсойғаннан Жайық өтіп, Өтеміс батыр көшіп келеді. Бұрын жеткендер малын қуып, суатқа жолатпайды. Адуын жолаушы жолын бөгеген қойшы-қолаңды сықпыртып сабай жөнеледі. Бұны естіп, ауыл иелері жетеді. Сөйтсе, дүрліктіріп жүрген – Қосуан деген қыздарын алған өз күйеулері екен. Алдап-сулап көңілін табады. Сүйінішқали төре 1816 жылы сол Өтемістің, қалың қолмен келіп үйін үптеп кетеді. Жауқазын Махамбет ақынның ұлпа жүрегінде алғаш рет ереуіл отын түтеткен әлгі содыр оқиға болған Ақжонас алабындағы Дүңгірлектің тауын (Бесшоқы тауын айтады. Р.И.) көруге барсам, дәл басына: «Бұл арада ұлы сазгер Құрманғазы туған», – деп жазылып қойылыпты. Ол аз дегендей, жастайымыздан жолдас болған Жұмекен досым да Махамбет, Құрманғазылармен бір тақырда асық атып, бір құмақта құмаршық терген болып шықты. «Міне, керемет!» деп таңғалып, «Е, бәсе!» деп талай нәрсеге көзім жеткендей болып, қаралай тебіреніп кеттім.
Иә, әлгі Махамбетті туған Қосуан анамыздың төркіні – алаша ауылы еді. Сол ауылдан шыққан Нәжімеден қарияны бүкіл Нарын елі әліге дейін аңыз қылып айтады екен. Өзі де сол эпос заманынан бүтін жеткен сом асылдың сойынан секілді. Жалғыз баласы Сабыр майданға аттанғалы жатқанда, ол жарықтық Ашақ-Мәші сорына ертіп апарып, аяғына биік тақалы әмірқан етігін кигізіп, тұзы шығып жатқан жентек сазға із түсіртіп алады. Тайға басқан таңбадай сайрап түскен сыңар ізге атына өңгеріп әкелген темір қазанды төңкереді. Онысы – жаңбыр жауса, әлгі ізді су шайып кетпесін деген амал еді. Бір жағынан, қан майданнан балам атамекеніне аман оралсын деген тілекші ырым болса, екінші жағынан жалғызын сағынғанда іздеп барып, көріп мауқын басатын көз жұбаныш еді. Расында да, бұл тек ақын көкіректен шығатын тосын тапқырлық еді.
Соған қарағанда, бұл күндері туғанына жетпіс жыл толып отырған Жұмекен талантының алтын бастауында да сол Нәжімеден қария тұрса керек. Өйткені, Жұмекен әлгі ай тақырда ізі қалған Сабырдың артындағы жалғыз ұлы, ал Нәжімеден кемеңгердің бауырына басып, тұлымшағынан иіскеп, жанына медет етіп өткен жалғыз немересі еді. Жесір анасы мен кәрі атасының жәйін ойлаған Жұмекен 1954 жылы мектеп бітіріп, мұғалім болып, ауылда қалады. Ал 1955 жылы жазды күні шілдеде қайран ата: «Қаққан қазықтай алысқа аттатпай жатқан мен о дүниелік болып барам. Анаң мен жарың жастар ғой. Аяғыңнан оратылмас. Не көрсе де бірге көрер. Бағыңды сына. Жолыңнан қалма!» – деп, көз жұмады.
Расында да, атасының сол сөзі Жұмекеннің соған дейін қырсық шалғандай қырын жүгіріп келген талабын бірден оңғарып жібергендей болады. Алматыға мұғалімдікке оқуға келген Жұмекен мектепте озат оқып жүрген қазақ әдебиетінен шығарма жазғанда екілік алады. Суық қолдың араласқанын сезсе де, дәлелдейтін дәрмен таба алмай, арыққа аяғын малып, налып отырған баланы көшеде кетіп бара жатқан қазақ офицері Ғұбайдолла Ержанов байқайды. Бұрылып келіп, жағдайын біліп, үйіне апарып, Қарағандыға жұмысқа алынып жатқандарға іліктіреді. Кішкентайынан күй тартатын баланың жұмыстан боста домбыраны безілдетіп отырғанын Майқұдық шахтасындағы кәсіподақ басшысы Әукебай Кенжин көреді. Көркем өнер үйірмесіне араластырып, кәсіподақтың бүкілодақтық байқауына жібертеді. Мәскеуден жүлделі оралған жігіттің «обалына қалмайық» деп, арнайы жолдама алып береді. Сүйтіп, Жұмекен Алматы консерваториясына келіп түседі.
Біз онымен дәл сол жылдары таныстық. Жатақханада кітап оқып жатыр ем. Дудыраған шашы желкесіне түскен тәмпіш мұрын бала жігіт кіріп, қара көзілдірігінің мүйіз сабын ерніне қыстырып, сығырая қарады. Жұлып алғандай қылып: «Е, Кекілбаев, сен де осындай екенсің ғой», – деп бір мырс етті. Лекцияға бармай қалғандарды тексеріп жүрген студенттер комитетінің қара таяқтарының бірі екен деп, аузымды енді аша беріп едім: «Жә, сыртқа шығып, сыра ішіп қайтпаймыз ба?» – деп жымиды. Ғайып перен көріп тұрғандай, аңырдым да қалдым. Ол қасыма келіп: «Жұмекен Нәжімеденов», – деп қолын ұсынды. Орнымнан атып тұрдым».
Міне, Әбіш Кекілбаев Жұмекен жайлы естелігін осындай кіріспеден бастаған. «Болар бала басқондырысынан байқалады» дегендей, болашақ екі дарын бірін-бірі осылай танып-білуден бастаған екен. Демек, оларды сырттай бір-біріне қанықтырып қойған ұлы күш – ақындық қуаттылықтары мен жыр құдіреттері еді. Әбіш Кекілбаев та әдебиет әлеміне шалқыма жырларымен келген адуынды ақын еді, енді әлемге танылған ірі қаламгерлер сапында самғауда.
Оның «Қайсарлық» деген естелігіндегі кейбір айтқандарына қосымша толықтырулар жасағаным оғаш болмас деп санадым. Алдымен Жұмекеннің орта мектеп бітіргеннен кейін ауылда өткізгенін, алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастағанын көп оқырман біле бермеуі мүмкін еді. Жалпы Жұмекен есейе, марқая келе тек жазудың соңына түсті, сырт адамға томаға-тұйық, көп сөйлемейтін адам сияқтанатын. Оны өзіміз де үйіне барғанда көретінбіз. Оңаша бөлмесіне кейде жалаңаяқтанып алып, аузынан темекісін түсірмей, басын сол жағына қисайтып алып, мұрнынан бұрқыраған түтіні, қаламынан жосылта жазатын сөздері толастамайтын. Біз кіріп барғанда, бар айтар әңгімесі: «Қашан келдіңдер, отыра беріңдер» - дейтін еді. Бұл оның аман-саулық сұрасып, «қош келдіңіздер, кетпеңдер» дегені екенін біздер ғана білетінбіз. Жұмекен ондай жағдайда Нарын даласының ақ шағылында қалған балалық, жастық шағын айтуға мұрға таппайтын, кейін оның барлығын «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» романдарында ерекше көркемдікпен жазып кетті-ау. Сонда да Әбіштің естелігінде жыр жұлдызы атанған Жұмекеннің алғашқы еңбек жолын айқындап айтқаны өте құнды дерек деп бағалаймыз.
Екінші құндылық, Нарындағы Ақжонас атырабының Ер Тарғын мен Ақжүністің алғашқы табысқан, махаббаттың ыстық құшағына бөленген киелі топырақ екенін әлем таныған, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев басын ашып айтып беріп отыр. Бұрын оны біз де талай естігенімізбен аңыз шығар дейтінбіз. Ақжонаста тұратын, бар ғұмырын сайын далада жылқы бағып өткерген Дәулешев Нығымет ақсақалдың сонау бір жылдарда жатағандай қоңыр төбенің үстіндегі ескі қорымды аралатып жүріп, бір сұлбасы байқалатын соқпа бейіттің орнын көрсетіп, «Мынау Ер Тарғынның серігі Қара Дөң жырау дегеннің моласы көрінеді. Бізге әкеміз, ол кісіге өздерінің әкелері көрсетіп, осылай жоғалмай келеді» деген еді. Жалпы Ақжонаста тылсым дүниеге айналған тарих тұнбалары жетерлік, оның да шымылдығы ашылып, шындығы шырақтай жарқырайтын мезгіл келер деген саңылау үміттің жібін жоғалтпағандай боламыз.
2003 жылы Әбіш Кекілбаев Ақжонаста, Бесшоқыда болған еді. Махамбет ақын жайлы «Шандоз» романын жазу үстінде соны деректер жинақтаған тұсы еді. Мен Әбіштің ол сапары жайлы кезінде қайта-қайта жазғанмын. «Шежіре дала» атты кітабымда да айтылады. Бесшоқы тауындағы Құрманғазының ескерткіш белгісі басында болды, Кененбай үңгірінің «түбіндегі» көктастың үстіне жайғаса отырып, Махамбеттің жастық шағы жайлы әңгіме қозғап, біз де білгенімізше пікір дамытқан едік. Мынау естелігінде «Дүңгірлектің тауы» деп отырғаны – сол Бесшоқы. Оның ежелгі атауы солай екен. Көп аттылы адамдар келе жатырғанда, тау тасының асты дүңгірлеп, солқылдағандай дыбысы айқын естіледі екен. Оның бір шетінде «ойықтың» суы жатырғаны да ғажап көрініс. Сөйтіп Әбіш Бесшоқының ежелгі атауын айқындап беріп отыр. Тағы бір ғажап дерек бар. Ол – Махамбет ақынның туған нағашылары алаша руынан екен. Оның жазбасынан мына жолдарды қайта оқиық: «Иә, әлгі Махамбетті туған Қосуан анамыздың төркіні – алаша ауылы еді. Сол ауылдан шыққан Нәжімеден қарияны бүкіл Нарын елі әліге дейін аңыз қылып айтады екен». Мен кітабымның басында Сиғуатолла Мәкәрімұлын баяндағанда, Баршақұмның Көмбелі жайлауында Жұмекеннің арғы аталары да қоныстанғанын жаздым ғой. Мәкәрімнің әкесі абыз Мұсылман ақын Махамбетпен тұстас адамдар болған. Сиғуатолла Мәкәрімұлы жайлы жазғанымда атап көрсеткенімдей, Жұмекеннің арғы бабасы Қартпенбет жыраудың Өтеміске қайнағалығы болған. Сонда Махамбетке ақындық нағашысы абыз жыраудан көшуі ықтимал дейтін жорамал айтушылар болып еді. Кешегі бес жылға созылған сұрапыл соғыс жылдарында сығырайған май шамның жарығында шал-кемпірлерге батырлар жырларын оқып беретінмін. Көзім талып әбден шаршаған тұсымда ақсақалдар мені демалдырып қойып, өздері кеу-кеулеген әңгімелерін қоздандыратын. Ондай шежірелердің бірін тыңдасақ, кейбірін ілмей қалыппыз, қалғып отырып ұйықтап кететінмін. Сонда Қартпенбет жырау мен оның жақын туысының қызы Қосуанға үйленген Өтеміс күйеудің арасында болған достықты, сыйластықты, Жайықтың арғы бетіндегі Тайсойғаннан көшіп келген шәлкес мінезділеу Өтеміс күйеудің өжеттігін, алқамсоқ еркелеу болғанын, бірақ сөзге шешендігін айтып отыратын. Сол ұмытылып бара жатырған шежіренің бір сілемдері Әбіштің жоғарыдағы жазбасын оқығанда еске түсті. Әрине, менің мұным барынша жеткілікті әңгіме емес. Дегенмен, «жел болмаса, шөп басы қимылдамайды». Өтеміс күйеуді ақыры Сібірге айдаттырып жібергені, оның қайда қайтыс болып, қай жердің топырағы бұйырғаны жұмбақ күйінде қалуда емес пе. Бізге қалған ақиқат – дауылпаз ақын Махамбет – алаша руының жиені. Көмбелінің киелі топырағында жүгірген дала перзенті. Сонда Махамбет пен Жұмекеннің туыстық арақатынасында «қарға тамырлы қазаққа» келетін ілік-шатыс жатыр. Оған екеуінің де дүлей ақындығы. Махамбет күй шығарса, Жұмекен оны он саусақтан өнерін төгілдіріп орындап береді. Бұл да екі дарынды бір-біріне өнердегі «егіздікпен» ұштастырады. Әбіш Кекілбаевтың жоғарыда «Махамбет пен Құрманғазы өскен киелі атырапта Жұмекеннің болуы да ерекше көрініс екенін» атап көрсетуі тек айтылған сөз емес. Жұмекен жыр жұлдызы болып, алдындағы Махамбет, Құрманғазымен үзеңгі теңестіреді деген меңзеу бұл. Оның үстіне еліміздің Әнұранын жазған ерекше тұлға болып тарихқа мәңгілікке орналасуы және бар. Осылардың барлығын салмақтай келгенде, Жұмекен Нәжімеденовке арналған құрмет көріністері әлі кенжелеу жатырғанын ойға оралтпасқа амал жоқтай. Атырау қаласында Махамбет, Құрманғазыға үлкен ескерткіштер орнатылды. Ал Жұмекенді ондай биікке шығара аламыз ба? Бұл – келер күндердің күн тәртібінен түспей тұратын мәселелерінің бірі болғай дейік. Жоғарыда айтылған Мұқағали мен Шәмшіге туған жерлерінде биік тұғырдағы тасмүсіндері (бюст) орнатылды. Жұмекенде ол жоқ. Құрманғазы ауданындағы Еңбекші округіне қарасты Жұмекен ауылында осындай бір тасмүсін тұрса ше...