Мәру Сапарқызы

- Жұмекен Бессарының жиені еді,
Жиеннің туған жері киелі еді.
Ашақта тай үйреткен қара бала,
Бұл күнде ақын атын иемденді, - деп
нағашылары мақтан тұтқан Жұмекен туралы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев: «Жұмекен жұмбақ ақын. Тамырын тереңге салған, ойға бай, тілге сараң суреткер. Ақын-Жұмекен, жұмбақ-Жұмекен біздің поэзиямыздың бүгінгі де, ертеңгі де орнына мықтап жайғасқан. Ол оқушысы құрымай, өзі де құрымайтын саналы, ақылды жырлардың авторы» - дегені сияқты мен де Жұмекеннің оқырманы ретінде мерейтойы қарсаңында өзіміздің естіп, көргенімізді ортаға салуды мақсат тұттым.
1942 жылдың жазы болатын. Соғыстың қызу жүріп жатқан кезі. Бір топ ауыл қыр жолының бойындағы «Ақтікен» деген жерде жайлауда болатынбыз. Кіші бесін кезінде қыр жолынан бұрылып, біздің үйге қасында 6-7 жастар шамасында баласы бар түйелі ақ сақалды қария келді. Әкем үйде жоқ еді, анам көрісіп, мәре-сәре болды да қалды. Кешкісін жұмыстан әкем де келді. Көршіміз Бисенғали деген қарт та болды. Қой сойылып, әңгіме-дүкен қыза бастады. Бұл келген құдамыз Нәжімеден ақсақал екен де, қасындағы бала немересі біздің Мүслима апамыздан туған жиеніміз Жұмекен болып шықты.
Әкеміз Сапардың Айдын, Сары деген екі ағасы болған. Әкеміз жастай ата-анадан жетім қалып, ағасы Айдынның қолында тәрбиеленеді. Айдын атамыздың кенже қызы Мүслима әкеміздің қарындасы болатын. Нәжімеден құданың жалғыз ұлы Сабыр жездеміз соғысқа кетіп, көңілсіз жүрсе, біздің әкеміздің жалғыз баласы Мардан да соғысқа аттанып кеткен еді. Әңгіме үстінде қария: - Мына жиендеріңді таныстырайын деп, әрі нағашысынан аз ғана алажақ бұйымтайын сұрайын деп әдейі ертіп әкеліп отырмын, - деді. - Жігіттің үш жұрты болады: өз жұрты – күншіл, қайын жұрты – міншіл, нағашы жұрты сыншыл деген. Осы немеремді әрі сынатқалы, әрі бата сұрағалы келдім, - деді.
- Құда, - деді әкеміз жауап беруге асықпай. Әкеміз ағасын Айкөке деуші еді.
- Бата берудің жолы Айкөкенікі ғой, менің шаңырағым ол кісіден кіші емес пе? – деп күлді. – Ой, Сапаржан, екі торының өзгешелігі жоқ деген. Көзі ашық, көкірегі ояу деп сізге келдік. Сіздердің үлкен аталарың Бекей еді. «Бекей айтпас, Бекей айтса, бекер айтпас» – деген мәтел сөз текке айтылмаған. Сен Бекейдің кенже немересісің, олай болса бата беру сіздің жолыңыз – деді құда. Құда сөзді мақал-мәтелмен шебер сөйлейтін, әзілқой, ақжарқын адам екен. «Өнерлі өрге жүзер» деген жігітті ақылы мен өнері көтереді. Шүкір, немерем өнерден құралақан емес, - деп керегеде ілулі тұрған ағамның домбырасына қарады.
Сонда әкеміз: - Балаңыз адал сүт емген болсын, атаның баласы болмай, елдің баласы болсын. Алашаға тартса ақын болар, берішке тартса батыр болар. Елге елеулі, халқына қалаулы болсын, басқа не айтайын, жас қой, бақыты алдынан жарылқасын, - деді де әкеміз «аһ» деп үнсіз отырып қалды. Құдамыз да, көршілер де «айтқаның келсін, әумин!» деп бір көтеріліп қалған. Сол кезде Жұмекен жиеніміз домбыраны алып, Құрманғазының «Кішкентай» атты күйін тарта жөнелді. Ынталы бала қолдарының өте икемді де тез қимылдайтыны отырғандарды бір желпіндіріп тастаған еді. – О, жиен өнерлі екен, тағы бір күй тартып жібер, - деп қолқалады отырғандар. Ол «Ақсақ киік» күйін жалғастыра жөнелді. Жұрт ұйып тыңдауда. Бір қарасақ, әкеміздің көзінен жас моншақтап отыр екен. Жалғыз балаларының соғыста жүргеніне қайғырды ма, әлде оның өмірден ерте аттанатынын жүрегі сезді ме? Қайран әке үнсіз егілді. Жұмекеннің нағашысымен ең соңғы кездесуі осылай болған еді.
Жұмекен жасында домбыраны сүйіп тартатын. Апамыз момын, өте жай мінезді, байсалды кісі болатын. Ұлы домбыра тартқанда тырп етпей жымия күлімсіреп отырып тыңдайтын-ды. Содан бері жылжып жылдар өтті. Әрқайсымыз әр түрлі білім алу жолына түсіп, өмір соқпағынан өттік. Енді бір сәт көңіл күнделігін ақтарсақ, балалық шақтың қызығы мен қиындығы, өткен өмірдің жүрекке тастап кеткен қуанышы мен қайғысы, соғыс жылдарындағы ауыр өмір, ел ішінің тыныс-тіршілігі, адамдардың жеңіс жолындағы жанқиярлық еңбегі – бәрі-бәрі көз алдыңа келеді.
Сөз соңында айтарымыз, Жұмекен Нәжімеденов өз творчествосын өрелі оймен бірден-бір биікке көтерген айтулы ақын. Оның өлеңдері қашан да оқушысын тұңғиыққа сүйрей жөнеліп, тереңге бойлатады, философиялық ойлармен өрнектейді. Сондықтан да болар, ақын Әбділда Тәжібаев: - Жұмекен поэзиясы – біздің ұлттық мақтанышымыз, біздің енді ашылар алтын сандығымыздың бірі. Ешкімге ұқсамайтын ақынның әрбір өлеңі, тіпті өлеңнің әрбір шумағы тың қазыналар. Мен поэзияны жақсы түсінетін талантты жас сыншыларды осы алтын сандықтағы асыл байлықтарды ашуға шақырамын, - деуі бекерден бекер айтылмаған шығар.