Құбыш Мұхитов

 

Жұмекенді еске алғанда сонау елуінші жылдар еске түседі. 1956 жылдың шуақты күнінің бірінде Жұмекенді Ғұбайдолла Ержанов деген азамат маған алып келді. Жұмекен өзін 1954 жылы он жылдық мектепті бітіріп, мектепте мұғалім болғанын, одан кейін комсомол жолдамасымен Қарағандыға шахтерлік жұмысқа барғанын, сонда істеп жүріп шахтаның көркем үйірмелеріне қатысып, Мәскеуде өткен қорытынды концертте қазақтың "Қараторғай" әнін хормен жеке дауыста орындағанын, жеке бір күй тартып бергенін баяндап берді.
Мәскеуден келгеннен кейін шахтаның бастығы "Сен өнерлі жігіт екенсің, оқуың керек"- деп, Алматы консерваториясына жолдама береді. Осындай танысудан кейін Жұмекеннің өнерімен таныстым. Ол өлең айтумен қатар домбыраны да бір кісідей тартады екен. Маған оның тартқан Мәменнің "Ақ шолпан", "Қайғылы қара" күйлері өте ұнады. Мұндай өнер талантын алмағанда кімді аламыз! Жұмекен оқуға түскеннен кейін Ахаңа (Ахмет Жұбанов ол уақытта халық аспаптар кафедрасын басқаратын) барып, біраз сөйлескеннен кейін, өзін дәріс алу үшін Құбыш Мұхитовтың класына жіберуін сұрапты. Ахаң "Өзім де сол ұстазға жіберейін деп отырмын" - депті. Ахаңа рахмет айтып, сол күні Жұмекен менің алдыма келді…
Жұмекен қазіргі уақытта есімдері елімізге белгілі Оспанхан Әубәкіров, Бақыт Қарабалина, Шәмші Қалдаяқов, Бақыт Әшімова және т.б. өнер тарландарымен қатар оқыды. Шын өнердің ортасында болды. Үлкен өнер мектебінен өтті. Соған да байланысты болар, Жұмекен творчествосы өнер саласымен жарыса жүріп, өнерден қол үзген жоқ. Олай деп отырғаным, Жұмекен IV-курста оқып жүргенде, қатты науқасқа шалдығып, бір жылдай емделуде болды. Ахаң Жұмекеннің ауырып қалғанын естіп: "Жігіттер, керемет өнерлі құрбыларың ауырып қалған екен, қолдан келетін көмектеріңді аямаңдар" - деп, ақыл берді. Біздер, кафедра ұстаздары мен студенттері, барынша ақша жинап, студенттік профкомнан отынға талон алып, оны үйіне жеткізіп бергеніміз әлі есімде.
Ол уақытта Жұмекен қазіргі Төле би көшесі мен Қонаев көшелерінің қиылысында бір бөлмелі пәтерде тұратын. Осындай қатты науқастан кейін Жұмекен оқудан қол үзіп, өнердің басқа саласы - ақындық, жазушылыққа бет бұрды. Ол жағынан Жұмекеннің жеткен жетістіктері туралы ой айтуды мен әдебиет сыншыларына қалдырғым келіп отыр. Сонда да Жұмекен өнерден қол үзген жоқ, оның келешек өнер таланттарының алғашқы қадамдары, алғашқы туындылары, жетістіктері, студенттік өмірлері туралы жазған "Даңқ пен дақпырт", "Домбыра және көсеу" роман-повестері, студенттік өмірден алынған ой-түйіндері өте сенімді және тәрбиелік жағынан мәні бар деп есептеймін. Өйткені сол елуінші жылдары әдебиет-өнер саласында жаңа толқын жастар көптеп шыға бастады. Олар айтарлықтай із қалдырған ақын-жазушы, келешектері өте мол композиторлар еді. Оларды қазіргі аға буын азаматтар өте жақсы біледі. Солардың көбі жарқырап шығып, даңқ пен дақпыртқа шыдай алмай, өмірден көбі ерте кетті… Солардың бір әні немесе бір өлеңі жақсы шықса, халқымыз оларды қатты мадақтап, жер-көкке сыйғызбай алақанында ұстады, ал соның мәнін түсінбей, арақ-шарапқа беріліп, оқуын оқымай, тастап кеткендері көп болды. Олар "ата-әкелеріміз оқымай-ақ ақын, композитор болған, біз де солардай боламыз" деп ойлады. Кейбір зиялы азаматтарымыз олардың көңілін басып, ақыл айтудың орнына, араққа тойдыра берді…
Шынында, олардың халқымызға, өнерге берері көп еді. Тағы бір қынжылатын нәрсе, сол уақытта өнер-ғылымды басқарып отырған жоғарғы лауазымдағы азаматтарымыз олардың келешегіне көңіл бөліп, мән бере қоймаған сияқты. (Тіпті оларды көре алмаушылық ба деп ойлаймын). Жұмекен осының бәрін жас та болса біліп, сезіп, өз ойын қағазға түсіріп, келешекте ондайдан сақтандырып, талантты жастарымызды уақытынан бұрын асыра көп мақтамай, тәрбиелеу керектігін алға қойып кеткен сияқты. Қазақта "Семіздікті қой ғана көтереді" дейді ғой. Расында, өнерлі жастарымызды тәрбиелеуде сақ болғанымыз дұрыс қой.
Жұмекеннің 1967 жылы өмірге келген "Күй кітабы" өнер саласындағы үлкен жаңалық - күйге деген үлкен сүйіспеншілікті, түсінікті әкеледі. Онда Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Динаның, Тәттімбеттің әрбір күйлеріне арнау-талдаулары бар, ол күйлердің сырымен, автордың ойын өте терең түсінеді, оларды соқырға таяқ ұстатқандай талдап береді. Мұндай талдау тек қана музыка зерттеушілерінің, музыка теоретиктерінің ғана қолынан келетін нәрсе. Бұл Жұмекеннің музыка саласында да ой-өрісінің жоғарылығын, күй өнерін бес саусақтай сезінетінін, білетінін көрсетеді. Жұмекеннің бұл еңбегін домбыра мамандарының, музыка зерттеушілерінің қолынан түспейтін оқу құралы деп есептеймін. Бұл еңбектің тағы бір құндылығы - академик Ахмет Жұбановтың дирижерлік өнерін, дирижерлік сезімін, оркестрді басқарып тұрған бейнесін көз алдымызға елестетеді, өте сезімталдықпен алдымызға жайып тастайды.
Жұмекен, біздің түсінігімізше, тек қана ақын-жазушы емес, айтарлықтай домбырашы, орындаушы, өнер қайраткері деп есептеймін, оған радионың алтын қорында сақталған көптеген күйлері куә.
Жұмекен Нәжімеденовтің өнері әлі де жалғаса береді.

2002 жыл