* * *
Бүлк-бүлк етіп көмекейі
бала-бұлақ ойнап аққан;
Ойнап ағып, қара тасқа
ақ тамағын аймалатқан.

Мөлдір бұлақ көз жасындай,
қойдым кейде бір түсінбей:
Көлгір бұлақ, жәдігөйдің
Жүзіндегі күлкісіндей.

Ерке бұлақ (ескі теңеу!)
Бола қойсын солай-ақ шын.
Бұлақ – мықты, сондықтан ол
қалай ақса солай ақсын.

Бұлақ, бұлақ... бұлақ біткен
тек биіктен таралады,
Алатаудың барлық даңқы
Бұлт үстінен қарағаны. ‘

Сонсоң оның Алатау боп
тұруы ғой – бар керегі!
Ал, адамдар аспаннан да
төмен тұруды ар көреді!..

КЕЗДЕСУ

Таңертеңгі Алматы осы –
Гүл алаңы. Мен отырмын.
(Сағат тоғыз соғылғанша
күнде осылай келетінмін).

Кенет мынау таяу тұрған
көк теректің аржағынан
Шыға келді жалғыз адам,
Секілді бір жан қажыған.

Ептеп-ептеп басады өзі,
Жоққа – шыдам, барға – күмән,
Жер майысар дей ме екен ол
басқан аяқ салмағынан?

Секілді ме, именуге
үйренген жан бала жастан.
Қорқақтық пен батылдық ой
Бір бойында араласқан.

Басам десе бір аяғы,
қоя тұр деп екіншісі;
Мейірімін әлдекімнің
келе ме екен өтінгісі?

Жо, жоқ, оған да ұсамайды
өткір еді жүзі қандай! –
Қазір жаз боп жарқыраса,
қазір қыс боп бұзылардай.

Әжім басқан биік маңдай
көп шытынып үйренген бе?
Әлде мынау, көпті көрген
кәрі адам деп түйген жөн бе?

Қос жауырын, бір көкірек
жатыр шалқақ – бәрі кеуде.
Осы адамды бата алмадым
Жас деуге де, кәрі деуге.

Маған тура бұрылды ол
Мұнысын мен тағы ұқпадым.
Осы адамға мен өзімді
Келер еді танытпағым!

Көз буалдыр – осы адамды
Көргендеймін түсімде мен.
Қол ұсынды ол, мен де ұсындым
Түк ұқпаған пішінменен.

Тоқта! Мынау сол емес пе –
бола берді елес мүлде ой,
Жымияды ол: “таңданбашы
өлген адам емеспін ғой”.

Он жыл бопты көрмегелі,
(байқатып тұр бет өрнегі),
Сол он жылды әрқайсымыз
Өзімізше көтергелі.

Әрқайсымыз бір он жыл боп
Бір-бірімізді құшаққа алдық.
Сонда өзіміз, екі жылдың
бір күніне ұсап қалдық...

Көп көрмесең танысың да
Досың болып кетеді екен.
Құштым оны қайта-қайта,
кейін ұқтым – бекер екен.

Мен балаша еркеледім,
Ол ауырлап қалды осыны;
Итергендей болды кейін –
әлде ойыны, әлде шыны?

Кіп-кішкене жүрегімді
шүйіліп кеп намыс ілді.
Таныдым мен, танымадым
сонау жарқын танысымды.

Ол – әкедей, мен – баладай,
Алшақ тұрды екі арамыз.
Сабыр, сабыр... бір-бірімізді
кінәлаудан не табамыз?

Күлген болдым тым ыңғайсыз,
Бұл жан бірақ ұқпады оны.
Менің күлкі, шаттығыма
Бір жымиды ол – мықтағаны..

Сұрадым мен, содан бері
қайда өткенін өмірінің;
Асықпады ерні бірақ
Естіртуге көңіл үнін.

Сұрланды ол – суып қаны,
Тапты барып қол маңдайын;
Көптен бері ұмытқанын
Мен есіне салғандайын.

Үңілді ол өз ойына,
Мен қарадым айналаға.
Бұта басы тұрды ауырлап,
Ол да ауырлап ойлана ма?

Жақсы екен ғой көңілділік,
Сілкін, адам, жаның жоқ па!
Кенет... қирап темір құлып
Ашылғандай ауыр қақпа.

Ашылды ол, көктем күні
Босатты ма жан-жүйесін,
Маған да емес, сол көктемге
Айтып кетті ол әңгімесін.

БІРІНШІ ӘҢГІМЕ
І
“Дәл осыдан он жыл бұрын
Он жетіде ем – бала едім мен,
Шылбырымды ер қасына
Бойым жетіп әрең ілген.

Атам марқұм (айтып едім ғой)
Тым көңілшек жан еді бір.
Мені әлпештеп жүретұғын –
Секілді ем бір әдемі гүл.

Сол кісі еді менің барлық
“Қасиетімді” ерте білген.
Жан секілді ем жер үстінде
Пайда болған ертегіден.

Бір ерлікпен ассам деуші ем,
Бермеді өмір о тілекті.
Жауған отқа тоссам деуші ем
Матросовша көкіректі...

Аға деуші ем өз әкемді,
Шешем менің ерте өліпті.
Қиқарлықты – қайрат көріп,
Асырушы ем еркелікті.

Сұлу қиял – болды әлемім,
Ән тыңдағам жыршы құстан.
Жаным бар-ды сонда менің
Қалмайтұғын бір суықтан...

Әкем құсап күн батарда
Барушы едім Есілге де...
Сол әкемді соғыста өлді
Деп едім ғой – есіңде ме?

Деп едім ғой бай тұрамыз,
Ең бай үйміз Есілдегі –
Сол айтқаным барлығы да
Жалған еді – кешір мені.

Бұл ақиқат – атам мені
Сүйген жылап, сүйген жүдеп:
Әкесіне тентек іні,
маған жақсы ұл болды деп.

Еркеледім мен де ұятсыз –
Жалғыз шырақ – қойған атым,
О, дариға, бас болса ше
Сонда бір сәт ойланатын!..

Кедей едік сүйтсе де біз –
қара сиыр құлап өлген,
арқандаулы арам қатқан –
айрылғанбыз Құлагерден.

Атам үшін мұның бәрі
қайғы емес-ті бас аманда,
Күніне мың шүкір дейтін
жасамаған “Жасағанға”.

Көп ұзамай сол өмірдің
Талқан болды шырқы мүлде –
Атам, әжем ернін тістеп
Еңіреп шықты бір түн үйде;

Бұлар неге жылайды екен,
Азалай ма ат өлгенін?
Бұлар неге жылайды екен,
қайда кеткен әкем менің?

Мұғалім ед мектепте ол,
Жаттататын өлеңі – үйде
Сырты жаңа кей кітаптың
іші сарғыш – көне күйде.

Жатушы еді буда-буда,
кім әкетті бүгін оны?
Шоландағы текеметтің
шеті неге тігіледі?..

...Сол мектептен кеше түсте
ұстапты оны жау деп елге,
Тілдепті оны, өзге түгіл
өсекші мен саудагер де.

II
“Сол күн болсам, бұл күнге мен
айтар едім мен не бетімді!..
Эх, бауырым, беріп қойшы
Тағы да бір темекіңді.

Ағы кейде қара болды,
есік болды төр дегені...
Әй, айтқаным бәрі бір ғой
бұл ел нені