1. Қара Ертіс жағасында

Бір мезет дала шаршап, тау құлазып,
Сай, жыра қарауытып қалды ұзарып.
Жалтақтап жан-жағына қарап жатты,
Қара Ертіс жалыққандай жалғыз ағып.

Жағада ескі жартас тұрды налып,
Көл жатты бір қайғырып, бір қуанып.
Толқындар ұзай алмай түсті әлекке,
шатысып бір-бірімен мың бұралып.

Қырына көк толқынның жел жығылып
Жүр еді;
көңілді бір белгі ғылып
айнала шалқи қарап бала-бұлақ
Сарыарқа құшағына келді кіріп...

Екі арна: ән арнасы, су арнасы
Биік ед екеуінің туар басы:
Біреуі – табиғаттың таңдаулысы,
Біреуі – адамзаттың шығармасы...

Күн жүрді ала бұлтта билеп басып,
Айдында: қырғи қуды, үйрек қашып.
Екі арна – егіз арна қосыла ақты,
Бір-бірін жетекке алып, сүйреп қашып...

2. Х о р л а н

Бір қыз бар Хорлан атты Маралдыда
Деген сөз кетті желдей таралды да.
Со қыздың шашбауындай сыңғырлайтын
Маралды ши-қамысы таң алдында.

Көңілді ед көл секілді қарапайым
ерке-сал,
ер жүрек деп тағы атайын:
Ауылда балалармен бірге үйретті
Қысырдың құла тайын, қара тайын...

Жел күнгі Маралдыдай көңілі де өктем,
көңіл барда күз де оған болды көктем.
Секілді көл шарасы, көз жанары
әлде не тәтті бір сыр мөлдіреткен.

Сөйлесе тау суындай еркін еді,
Кедергі тапқан сайын серпіледі.
Көз күлсе жүзі жайнар,
сол бір күлкі
Алдыңа Маралдыны келтіреді...

Өзгеше бітті қызға зерде мүлде,
туғандай толғану мен тебіренуге.
Маралды дауыл күні бір күрсініп,
Осындай бір сұлуды берді өмірге.

Он бес пен он алтыға келгенінде,
Құмартты көкте жұлдыз, жерде гүлге.
Он бес пен он алтыда жасы қыздың...
байқаңыз, ағарғанын басыңыздың!

...Мейлі ғой оқымаса “басы қатып”,
ермексіз болды деп қыз жасыма түк;
қыз болып жалғыз сәтке кесте тіксе,
артынша кетуші еді асық атып.

Көңілін дос-жаранның тасыттырды, ал,
Қымыздай тар ыдыста ашыттырған...
Кінә жоқ бозбаласында ауыл үйдің
өзі еді бәрін бірдей ғашық қылған.

Өзі еді сол жалғанда адам гүлі,
адам гүлі – көңілдің адалдығы.
Бір сөзбен: атақ-даңқы Хорлан қыздың
Арқаға таныстырды Маралдыны.

“Бір қыз бар Маралдыда Хорлан атты,
Хорланды көп көзінен қорғамақ кім?!
Бишілер бу жамылып, суға қызып,
күйшілер перне бойлап жорғалапты.

Жел есті Маралды деп алып ұшып,
Шың тұрды Маралды деп сағым құшып.
Арқада ақ кеуде бұлт Баян-таумен,
Көрісті Маралды деп сағынысып.

Шыдамай Қарқаралы қар жамылған,
Қарайды қара бұлттың ар жағынан.
“Бір қыз бар Маралдыда...
ал, болса ше?
Сен өзің қайдан шықтың,
зар-жақ ұлан?”

...Құс-бегінің жүзінде сыз бар әлі:
көжекті де ілмеді мұз-балағы.
Мергендер тал тасалап,
бір-бірінен
Маралды маралын да қызғанады.

* * *

“Бір қыз бар Маралдыда Хорлан деген,
Барар ем адаспасам Орманменен.
Маралды аспанындай алыс арман,
Маралды көлі жақын болғанменен”–

Деген ән иен өлкеде талып ұшты,
әндердің талып ұшқан мәні күшті.
Сол әнмен күндер өтті,
көл қалды сол
тербетіп махабатты, сағынышты...

3. Е с т а й

Еркіндеп қаға алмас ән қанатын,
Серілік қыз бен атқа алданатын.
Қайғырса ақын байғұс арман аңсап,
Несі бар қайғысына таң қалатын?!

Ол ақын кәдімгі Естай – қайғылы ақын,
Сол қосқан өнер деген бәйгеге атын.
Дұшпандар, сол-ақ екен, ізін аңдып,
Достары жол іздеді айрылатын.

Содан да көңлі қалған әнші мұңды,
тұтса егер аяғынан бал шыбынды,
қыранды қанатынан көл тұтыпты,
жүрегін сынап біраз толқытыпты...

...Келеді ол тағдыр салған жолды басып,
Жол үсті кеудесіне домбыра асып,
Сорына, уа, сорына өз басының,
бағына өнерінің – болды ғашық.

Найза емес, бұл майданға көңлі налып,
Шығып ед екі ішекті домбыра алып.
Ұшқан үн екі ішектен
қоңыр қаз боп
Төсіне Маралдының қонды барып...

Жол жатты қара белде қайқаң қағып,
(Бұл өзі жол ма, сор ма – сайтанға анық).
Осынау аз ғұмырда
Естай ақын
Уәде етті қанша қызға – айта алмадық.

Бұл жолы келеді Естай тағы асығыс,
Көңіл алабұртқанмен, дала тыныш.
Жатса да дала тыныш,
көлде – толқын,
Не деген қызық еді жаратылыс!

Сол көлдей толқытты оны ой-арманы,
ой-арман құмарлықты қоя алмады.
Ежелгі жалқау дала жатты ұйқыда,
көл қанша толқыса да – оянбады.

Уәдені бергенімен күліп тұрып,
Кетіп ед қызды шын-ақ үмітті ғып,
Ақталса үміт – бақыт күліп келер,
шын қасірет екенін біліп пе еді ол?!

Ал, егер ақталмаса үміт деген
Анық ед тағдыр жолы ол атаған,
сенімін сері кеуде тонатпады, ал
айрылысарда үзіліп қыз көзінен
бір жұлдыз бұл кеудеге қонақтаған...

* * *

Ақ үйдің іші де адам, сырты да адам,
Аралас сөз бен күлкі бұрқыраған.
Ас, тойға жиылғанға ұсап кетті,
Арқаның дүйім елі-жұрты маған.

Ақ үйдің іші қайғы, сырты жайлы,
Сырты жайлы дүние жылтырайды.
Сол үйде біреу отыр дауыс етіп,
Тыңдасаң сай-сүйегің сырқырайды.

“Мен – бір жанмын шерменде,
үміт те маған көп пе еді?
Үмітім өшті кеудемде,
Күнім сөнді көктегі –
Көрмейсің ғой, ағайын!”

Қалың малға сатылдым,
Он жетіге келгенде.
Бір қу шалға қатынмын,
Қатыннан нәлет сендерге –
Сезбейсің ғой, ағайын!

Келмеді ме сол бір жан,
Сарқылды ма бұлақ-ән?!
Тірлігім бар болдырған,
Бір гүлім бар құлаған –
Құлаттың ғой, ағайын!

Арманым көп, арманым,
Арманға қайғы жамалар,
Тікенді тор жан-жағым,
Қозғалып кетсем қадалар –
Жылаттың ғой, ағайын!

Көзімде жас мөлдіреп,
Көңілімде – жалғыз жар.
Естиінші соңғы рет
“Жай қоңырға” сал, қыздар,
Рұқсат етші, ағайын!”–

Сұр дала осын-ау зарды дамылдатты,
Күңгірт көк көңіл бұлтын қалыңдатты.
Ал, сыртта бір есердің сойылына
Жығылып Естай ақын талып жатты.

4. Махаббат тағдыры

“Қайғысын, азабын да махаббаттың
Өз басым бақытым деп атамақпын.
Бұл өзі біреуге шөл, біреуге көл
ал, маған өрт болғанын білер ме еді ел!”
Жыр туды осы сын-ды бірер көбең,
Көбең боп өнерге есе жібермеді ол.
Тұрмыста, махаббатта кетті есесі,–
есесізбен сен неге кектесесің?!
Қайтадан қайрат жию үшін уақыт
көп керек,
бір жасыса жігер деген.
Бәрін де адамын деп ойлады ақын,
тек бір дертті ойламады бойды алатын.
От еді, өмірінен жел сұрады ол,
Замана таяқ берді қой бағатын,
Өтеді ол өнерімен дос тілегін,
тек қана сол өнермен өсті көңіл.
Бұлақ ед күй тілеген,
Ұйқылы-ояу
Тағдырдың сұр жартасы тосты жолын.
Сондықтан қорғады әннің ар-намысын,
Сондықтан үміті – сыр, арманы – шын.
Тірі боп көрді соққы тірлік үшін,
тірліктің тұтқындағы Хорланы үшін.
Сол Хорлан тұтқын ба екен тас қамалға?
Жоқ, емес. Тас қамалға тастаған да
ешкім жоқ... Ұзатылды ол.
– Қалай?
– Кімге?
Әйтеуір Естай емес, басқа адамға.
Міне, осы бар болғаны әңгіменің!
(От болып өкінішім жанды менің).
Жағада жас қамысын дір еткізіп
Маралды бір күрсініп алды демін.
Көл беті: лай ақты айғызданып,
қара жел болып есті қайғы ызғары;
тоқалын сабап кәрі бай қызғанып,
көлінде аққаулардың шүрегей жүр,
қыранның тұғырында байғыз қалып.
Түйілді қыр қабағы қатпарланып,
Бұлбұлдың көз жасына бақтар қанып,
Еңіреді екіленіп аққан бұлақ,
Жылауға тастар ғана жатты арланып.
Сонда да жазғы дала маужырады,
Толтырып толқын жатты сай-жыраны.
Қайығын махаббаттың тағдыр айдап,
Жұмбақ ед сол қайықты қайда ұрары –
Тауға ма, тасқа ма әлде белеңге ме,
Соғып ед нелер қайық, нелер кеме.
Отыр ед сол қайықта ол желге сеніп
Желігі – көңіл деген көбең кеме.
Көңіл ғой: бірде жарлы, бірле байып,
Кететін ақ желкенін желге жайып.
Жел тынды, бірақ кенет дауыл ұрып,
Айдында күл-пәре боп сынды қайық.

5. Естай жыры

“Еркесі Маралдының Хорлығайын,
Табиғат берсе-дағы күн мен айын,
аққуым, айдыныма қона алмадың,
Мен жалғыз, арманым көп – не ғылайын!

Менің де сый-сыбағам болды дайын,
Бір өнер – ол да азап, ол да уайым.
Туған жер аспанында шоғырланған,
Қара бұлт, сен жылама, мен жылайын.

Ескен жел, сен зарлама, мен зарлайын,
Соғайын толқын болып жар маңдайын.
Жатса да күнім сынып, айым қирап,
алысып бір өлуді армандайын.

Арпалыс қызығына кенелейін,
Қуалап бір елесті жөнелейін.
Туған жер жүрегінен жарып шыққан,
Бір тал гүл, сен тірі бол, мен өлейін”.

* * *

“...Дариға, өшкенім бе жанып барып,
дақ түсті, бір қара шабытқа анық.
Баладай жаңа ғана тәй-тәй басқам
Қу заман, құлаттың ба шалып қалып?!

Азабы жасытқанда жан-дененің
Көзімнің жасын жұтып әлденемін.
Аузымнан жыр орнына жалын шықты,
зар болды әһеу-у десем ән дегенім.

Көрсем де көкте күнді, жарық айды,
Қуаныш енді маған дарымайды.
Келешек, үміт күтем, саған сенем,
Өткеннің бәрі өкініш, бәрі қайғы.

Құлашы, байғұс денем, бекер, бекер,
бекер боп бар ғұмырым өтер ме екен,
торғайдай торға түскен
тулаймын деп
сор-жүрек жарылып-ақ кетер ме екен!

Осы ма оза шауып келген жерім,
қадірін білуші еңдер сендер ненің?
Сыртыммен серісініп жүрсем-дағы
У менен зарға толы кеудем менің.

Сондықтан жақындама – қайғылымын,
білмеймін болған қайғы қай күні бұл?!
Соғар ма бір дауылым бұлт үйіріп,
Естимін әлдеқайдан жайдың үнін.

Мұңымды өзің тыңда, қойшы-қолаң,
Жо-жо-жоқ,
оқ жұтсам да ойсыраман.
Жалғыз-ақ айтарым бар алғы өмірге:
адамды қор етуді қойсын адам!

Ал, сендер жабықпаңдар жанды ластап
Ханға емес, қайрат берем қаңғыбасқа.
Жоқ енді, әнім барда қала алмаймын,
апарам алғы күнге әнді бастап!”

6. Ән

Ән – топшылы қыран боп, арқадағы
қайғыны, шаттықты да арқалады.
Ән – бір құмар, басылмай көңіл шіркін
Көзінен қасіреттің бал тамады.
Ән, әсем ән, о, ғажайып!
Өмірдің соқпағы өсіп, жолы азайып,
Жылқышы жылан-белде жылап айтса,
тыңдады балықшылар қоға жайып.
Ән – қайран, көп жігерді бір шыңдадың,
Мен-дағы бір шыңдалдым, қылшылдадым.

Ән, қайран ән, кешір мені
кім білген сенде мұндай тылсым барын.

Ән – бұлақ боп сусыл қақты,
сусылдап жер сыр ашты, су сырласты.
Ән – жел қанат жапырақтар,
сүйісіп бір-бірімен сыңсып жатты.
Ән...
еркесі досы бар, салты бардың,
әнім бар, кімнен қорқып, қалтырармын!
Ән – сәттерде ән тыңдаған,
Қазеке, ұнайды көп салтың маған...

7. Қорытынды

Селт еткен шөп жапырағын сырласы ғып,
далаға бала-бұлақ кірді асығып.
Замана – құм еді бір, сол ән-бұлақ
Шақ қалды кете жаздап құмға сіңіп.
Жо, жо-жоқ мұның бәрі бекер бірақ,
Бәрін де өткінші өмір, көтерді бақ.
Өмірге күліп келген бала-бұлақ
бір күні ылайланып кетер жылап!

* * *
Сарыадыр, сағымданған бұл алаптан
Ышқынып арманды бір бұлақ аққан.
Толқындар кемірсе де,
Жел үрсе де
Әлі тұр ескі жартас құламастан.
Әлі тұр аспаны да айнымаған,
Көл аман,
көлшік аман,
айдын аман.
Бәрі де бәз қалпында,
әттең, әттең
тек сол бір көрінбейді қайғылы адам.

Қайғы, мұң – ескілік қой, жұрт ескіңді
Не ғылсын, ескі архивке тіркестірді...
Сондағы көздің жасы тамған қырдан
бұл күнде бір әдемі күлкі естілді...

1960