Шығыста шабысады арайға арай,
арай да шабысардай абайламай.
Мойыны ұзарып тұр қарт шындардың,
ентелеп күншығысқа қарай-қарай.

Керуен-тау іркілумен, тоқталумен,
секілді сенім тауып топқа кірген.
Шу-шулап мезгіл өзі тебінеді,
Алатау секілді бір ноқталы інген.

Батқанда санға Қамшы, белге – бұрау,
көк терін кептіреді желге омырау.
Өркеші иір-иір, иір-иір
құлады көлеңке боп көлге мынау.

Шұға-нұр ши қызыл ғып аспанды көк,
қомдығын Алатаудың жастанды кеп.
Жар салды жас орманға бала-бұлбұл,
Тағы да бір тамаша басталды деп.

Бірге алып мұнарды да, тұманды да,
ірмеліп дөң-белімен бұраң-бұраң
Күн бата – күнбатысқа көшті Алатау,
Таң ата шығу үшін күн алдынан...
 

1963, 1982