Желсіз де тербелед ну орман,
ну орман – баяғы ну орман:
Кей бұта көгеріп, кей бұта қуарған.
Ну орман ыңырсып күні-түн
тербейді қайғысын, үмітін.
Кей сәтте түйіліп қара орман,
қарайды қабақпен қабарған.
Жапырақ – көк ала, сары ала,
қалтылдап аулаққа бара ма!
Ну орман – көп тілді бір орман,
мыңдаған бұтақтан құралған.
Мың бұтақ тілінде сөйлейді
бір орман.
Кейде орман сылайды бойын жәй,
ойлары тұрғанда қойылмай:
шөбіңді ор, қойың жай.
Сол орман рухын етеді құс мазақ,
Сабырлы адамның ұшқалақ ойындай.
Басында бар қиял, бар талап
орман тұр алды – көл, арты – алап;
Мәз боп тұр көктемді көтеріп,
көкжиекті арқалап.
Ну орман тұр сыңсып.
Күн айық,
жел есті желпініп, тыңайып.
Әр бұтақ – орман боп жырлайды,
орман боп мұңайып.
Әр бұтақ өзінше – бір кеуде,
кеуде боп күрсініп жүр кейде.
Орманға шынымен еліктеп көрер ем,
Біреулер күлмей ме?!

1963, 1982