Менің де кетті бүгін күйім жылып,
Күлші әсем, көк күмісті құйылдырып!
Шашың да әсем екен үйірілген,
Өткендей тас төбеңнен құйын жүріп.
Тамшыдай тұнып жанса көз дегендер,
Қайтесін, мөлдірлікті сезбегенде.
Шаттық жоқ бұ көшені кезбегенге,
Қайғы жоқ кәріліктен өзге менде.
Айнала күбір-күбір, мың-мың ғашық
бал әуен құйылады ындынды ашып.
Егіз үн жараспай ма,
кеткен кезде
екі ішек бір-бірімен қылмыңдасып,
Ғұмыр-ай, қарттар сүйген, жас ұнатып,
Көңілді күлкі, назға асыратып.
Жұмақты ешкім керек етпеген соң
Жүр дейді құдайдың да басы қатып...
Қоңырым, әсемсің ғой әсерден де,
Тек күйдің күші келер әсемдеуге,
Күлмесек,
Жылымасақ бұл шуаққа
ұқсармыз емшек емес, тас емгенге.
Тамшыдай тұнып жанса көз дегендер,
қайтесің мөлдірлікті сезбегенде.
Шаттық жоқ – бұ көшені кезбегенге,
қайғы жоқ– кәріліктен өзге менде.
1967