Сұлтан болып,
Мықты боп
атанса да би өскен,
өз жүрегін түткілеп,
Жібектей бір күй ескен.

Мырзалығы,
барлығы
Шығып кетіп жиі естен,
ауған жүгін жарлының
Жотасымен сүйескен.

Аласарған көп ойды,
Көтеріпті күй беріп:
қайта тігіп кедейдің
құйын жыққан үйлерін.

Таңдайы сәл жібіпті
бар малына өзінде –
ол да сырқат жігітке
сусын берген кезінде.

Жас төгіпті ол,
тек жасып
көрінбепті кісіге –
Сақалға емес,
Көз жасы
құйылыпты өз ішіне:

Сері боп та желкілдеп
Шығармаған атағын.
Әр күйінде мөлтілдеп
Көз жас содан жатады.

Көкірексіз адамға
Көрініпті ол дүриіп,
Керек болғасын заманға
Көтеретін бір иық.

Өліпті ол да тұншығып,
ел – омырау бояпты:
Біреу өлген күйшіні,
біреу халқын аяпты.

Қосыламын өз басым
Сөнгендерге асығып,
Өлгендерге,
Көз жасын
өзінен де жасырып.

1967