Туған аспан. Қызыл шапақ – кешкі бұлт
Қызыл тудың қанатындай десті жұрт.
Жалт етсе егер найзағайдың қанжары –
Қан майданның үні тұрар естіліп.
Жылт еткен от, жылу тартқан әр жанар
Ол күнгідей жасауға енді арланар.
Бір көлеңке көлбеп түссе кешкі отқа,
Өткен күндер қиялыңда жанданар.
Тып-тымық боп жатыр сұлап жол әне,
Әлде қайда ол шақырғандай болады.
Батқан күннен қалған шапақ күп-күрең
Сол күндерді есіне әкеп салады.
Батыс жақта қызыл бояу, қызыл нұр
Кешкі ауаның мұхитында жүзіп жүр.
Туған жерді ымырт болып сүзіп жүр
Сол күн жәйлі қайғылы жыр, қызық жыр…
Көкжиекті орман мүлгіп отырды.
Гүр етті бұлт –
Жалғыз тамшы секірді.
Сол майданның оғына ұшқан бір батыр
Бүгін ғана құлап түскен секілді.
Желге мініп таратады ел әнін,
Көңілдерге күркіреп кеп толады үн.
Кешкі бұлттың көрген сайын жалынын –
Ерлік отын жаққандаймын тағы бір,
Тағы бір ту көтергендей боламын…

1965