Самал, самал, сері самал, сал самал,
самал жұтып, сана жұтып тамсанам.
Бұл өмірде қайғылы екен қанша адам,
бұл өмірде бақытты екен қанша адам!

Соның бірі – мен емес пе, мен екем,
Еңбек, бейнет болды менің мерекем.
«Құдайға да», адамға да – бір тірлік,
Бір тірлікті бәріңмен де тең етем.

Мен біреуді, мені біреу тербетті,
Жер-анаға өзге өнерді бермепті.
Адамзаттың рахатын, бақытын
Бағзы біреу қинап аққан тер депті.

Самал, самал, құлақ салшы сөзіме,
кептірмеші, тер құйылсын көзіме.
Өзгелерге кешіретін кінәні
кешірмеймін (қайғым осы) өзіме!

1960, 1982