Аспанда күн барда, әлемде сыр барда
адамдар маңдайын жуған тер құрғар ма!
Беремін барымды, аламын жоғымды
екі қол, бір кеуде өзімде тұрғанда.

Дайын сөз, теңеумен, бояумен бір түне!
Ойға орта кеуделер жарайды күлкіге.
Арманда, жұрт, ойлан, орманда нұр тайған
Аю ма, қасқыр ма, білмеймін түлкі ме?

Торғай да, тоғай да көнбейді ырқына
Көк бұлақ, өлме сен көнбесең – бұрқыра!
Өлім деп нені айтқан – ұқпаймын, жоқ қайғым.
Әлде ол өмірдің тоздырған жұрты ма?

Аспанда күн барда, жерде ауа барында
ақ бұлақ, ақ құлап, арында, арында.
Аласа шынында шыңың да, жарың да –
Аламын бәрін де, жұртым тек тарылма!

1960, 1982