Жыламсырап тұрып едің, тал-түсте
мені тағы сендіріп ең нан тістеп.
Күн астынан жел жүгірді бір ыстық –
арамызға сөз жүгірді – ұрыстық.

Иір-қиыр сөз қуып біз, сол маңда
қайта ұғыстық, түн ортасы болғанда.
Алыс шамдар ұғынысқан, ымдасқан
жазып тұрған секілді еді бір дастан;
бұталар да сыбыр-сыбыр сырласқан.
Жер үстінің тірлігіне кір басқан
тесіліп тек қарап еді түнгі аспан...

Таң алдында қылыш құсап Ай туды.
Серіліктен пері болдың айтулы –
қағып өттің, тірлік еттің тым еркін,
тағы кеттің сүйреттің де бірер түн.

Содан бері ызадан бір ашынам,
содан бері қызарам бір, басылам.
Қырқып неге алмадым мен желкеңді
қайқы қылыш-айды алып қыр басынан?!

1978, 1982