Өз тұсынан о дағы
қарғып шығып, қалды үздік –
қиын,
қиын соғады,
шың болсаң да, жалғыздық.

Тұрған бойы күпірлік,
күпір,
күпір, масқара;
жараспаған бұ тірлік
жаратқаннан басқаға.

Баяғы сұс, кәрі айбын,
кімге керек көктігі?
қар да тұрақтамайды,
қатаяр да жоқ түгі.

Кетіпті тым әріге,
ақ бұлттардан әрі асып.
Қатар өссе бәрімен
тұрар еді-ау жарасып.

Қатал тағдыр кез келді,
аяр пенде жоқ әлі.
Ортасынан безгеннің
обалы жоқ, обалы.

Өзгелерден,
мұндар жан,
өскенің жөн ептеп кем:
ол – безген жоқ шыңдардан,
шыңдар оны шеттеткен.

1978, 1982