«Бет күймесін таңда машқар күніңде –
дейтін қария, – бір тергеу бар түбінде».
Белгісіз бір үрей туып үнінде,
бұны айтқанда кететұғын дірілдеп.

Сол қария – бетің сипа, күбірле –
өліп кетті сүрінді де түбірге.
Тамыр-тамыр қара ағаштың түбінде
шымнан қиған зираты тұр бүгінде.

Көп күліп ек, «Машқар-ата» деп күлдік –
Содан қалды тілдегі сәл өткірлік.
Күлкі отына талай көйлек кептірдік;
ұмыт болды-ау, ұмыт болды көп тірлік.

Жалғыз сиыр сауылатын сол шалда,
жалғыз еді сыйынары болса – ол да.
Бір жөткіріп: «шүкір, – дейтін ол сонда, –
Таңда машқар, кісі асына қол салма».

Таңда машқар деп сөйлесе сол адам
қорыққаны емес шығар моладан.
О дүние – жоқ нәрсе ғой,
жоқ, одан
қауіптірек ой бар мені қамаған.

Сөз дегенді ие берсең – иін көп,
сөздің құны кетті, білем, тиын боп...
Кейде осы мен өкінемін, өкінем:
о дүниенің жоғы қандай қиын деп.

1978