Білсең егер қастерлей,
Қастерлей гөр даланы.
Жауға шапсаң әр бұтағы – әскердей,
Жаурап қалсаң – пана бола да алады.
Төбе болса шығар едім, әттең бір,
Дейсің ғой сен алыс кетсең құмартып.
Тауларынан жат жердің
Өз жеріңде тандап шығар қыр артық.
Шық та қара, бабаңша емес, бірақ та,
Төбелердің момындығы  – қойдай ғой.
Келсе сонда бота даусы құлаққа,
Өз жерімде отырмын деп ойлай ғой.
 

Мұхит асып бара қалсаң сен анда
Ала кетші жалғыз уыс құм-жұпар, –
Кілемі де кір боп жұғар табанға,
Балағыңды тікен емес, гүл жыртар...
 

Қастерлей гөр қарт далаңды төзімді;
Саулығы үшін қалада өсер балаңның.
Қаппас үшін балтырыңды өзіңнің
Әрбір итін адам қыл.

1965