Алу, алу, бар мақсаты тек алу,
құрығанда Кавказ асып демалу.
Тіршіліктің бар мәні
тек қана алу деп ұққан
бір дос мана таңсәріде жолықты,
кеше де сол жолыққан.
Көп естиді ол қала өсегін – анық бұл,
есінде, әттең, тек «алулар» қалыпты:
біреу орден алыпты,
біреу біреудің атын ұрлап алыпты,
ақырындап ақыл ұрлап алыпты.
Наполеон Ганнибалдан алыпты,
Аристотель Аплатоннан алыпты.
Маяковский Уитменнен алыпты,
Ник. Гоголь А. С. Пушкиннен алыпты.

Алу, алу – алағай да былағай –
ана ағайдан алған екен мына ағай.
– Тоқтат! – дедім, Гоголь алмаған шығар.
Пушкин берген шығар, дедім, шыдамай.

Пәс боп қалды ол,
аяп кеттім шіркінді,
ал, ол мені жұбатқандай бір түрлі:
– Бер, бер, деді ол, сұратпай бер, сұратпа,
бер, бер, деді ол, ...өзіңе бер бірақ та.

1983