Мына қонақ мені өлтірмей жерлеп тұр,
ептеп ішті: ағыл-тегіл тер кетті.
Мен отырмын —
мылжыңымен қонақтың
домбыраның екі ішегін ермек қып.

Оңаша бір кешім еді жыр жазаар,
қашан ғана бітер екен бұл «базар»!
Мен отырмын азар шыдап,
қарашы:
құлап түскен бокалымда сынды азар.

Қайдан келді, неткен бәле бұл өзі?
шылым түтіні сақина емес, білезік.
Бұрыш сеуіп кетті біреу миыма,
көмейіме құйды біреу күл езіп.

О, жалғыздық!
Жаман деген кім сені,
дәл сол адам біздің үйде тұрса еді;
Мына мылжың келер еді-ау оған да,
о, жалғыздық, жаман деген кім сені...

Тыңдаушы еді тойып алған ер нені,
мен болдым-ау езіп жейтін ермегі.
Шын беремесе дым бермейтін «құдайым»
жалғыздықтың өзін түгел бермеді,
...жартылықтың өзін бүтін бермеді.

1969, 1982