Бұл жердің ойға бөккен әр бұтасы,
Бұл жердің гүлі ұялшақ, арлы тасы...
(Ар көрмей жыра түгіл, жарды тағы
Кей біреу мәстек мініп қарғытады.

Сен бірақ қарғымай өт, секірме де,
Зынданда жүрген жоқсың не түрмеде.
Асықпа бұл өлкеден аттануға,
Өлмейсің– мен берейін кепілдеме.

Асықпа барыңды айдап жаратуға
Көзің бар – туған жерге қара тура.
Қалғыма, қара деймін, қарап үйрен
Шаттыққа, қайғыға да қара киген.)

Болсын деп аспан асты ала-құла
Туған жер көл құйыпты табағына –
Қос қолдап бір көтерші, дана-жердің
Әжімі түссін сенің қабағыңа!

Сен ексең жер бетіне бір шыбықты,
Ол өсіп бір бұлбұлды жыршы ғыпты.
Әр бұта тамырлары жер астынан
Сүйрелеп шығып жатыр тіршілікті.

Ей, досым, ойлан ойлан!
Ерлегенің
Уақытты кұр мақтанға бермегенің.
Ұяң бол – гүлін көріп бұл өлкенің,
Қайсар бол – дауыл күнгі көр де еменін.

Сүгіреттер тұрсын солай көңіліңде!
Кетпесін табаныңның көні мүлде.
Теріңмен жібіт жерді, сонда ғана
Хақың бар туған жерге көмілуге.

1961