Тас қабырға бара жатыр шегініп,
Балуан қолдар бұрғылады, құлатты.
Тас қабырға бара жатыр шегініп
Жолаушының көкжиегі сияқты.
Комбайндар қабырғаға енеді,
Тас көмірдің қадалады ол төсіне.
Қоңырайып көмір ағып келеді,
Қоңыр бұйра толқындары есіле.
Маңдайының терін сүртіп жеңімен,
Шахтер демін екі иінінен тұр алып.
Қайнап қатқан қайсар тастың жігіне
Болат бұрғы дәл түскенге қуанып.
Сол бұрғыны қадаған бір шағында
Шахтер жігіт ұшып кете жаздайды.
Білектегі білеуленген тамыры
Ток жүретін кабельдерден аумайды...

1963