Мына аспанға не боп кетті,
                                       О, ғажап!
Қарауытып дір-дір етті дөң, алап.
Тамшы, тамшы келеді әне домалап,
Көк бұлтының бар сезімін тонап ап.
Мөлдір тамшы қонды құмға секпіл боп,
Сонау көктен саған әрең жеттім деп.
Мөлдір еді, мөлдір еді тамшы бұл –
Кеудесінен шыққан үндей әншінің.
Қалайша енді болды екен ол қарала –
Қарамашы, қарама!..
Көмейіне түйдек бұлттар лек келіп,
Көкжиек тұр үндей алмай кептеліп.
Ал, сол тамшы шашырады сәуледей,
Ақырында құмға сіңді – кетті өліп.
...Тамшы тапты Жерді – мәңгі мекенін,
Мезгіл-ана тербетеді екеуін.
Өкінбес ед, білмейді ғой сол тамшы
Жердің-дағы тамшыға ұқсас екенін?!

1963