Уақыт жоқ, уақыт жоқ өлуге,
Айналмайды, айналмайды бал уға.
Жанған оттың хақысы жоқ сөнуге,
Болса да еркі шикі қидың жануға.

Күлімсіреп бата алады күн ғана,
Ертең қайта шығады ғой ол-дағы.
Ал, адамдар өлгенімен бұлдана,
Қайта тумас, бір туғаны болғаны.

Бір-ақ өмір керек бізге «бірегей»,
Бір өмірге сыйғызамыз біз бәрін.
Жүз баланың ішіндегі бір өгей
Сезе алмайды жетімдіктің ызғарын.

Мезгілге айтсаң: өзгереді бұл ұғым
Уақыт тұр дүниені арқалап;
Айлар жылдың жаламасын жұғынын,
Өгейсімей өтсе деймін әр сағат.

Планетамыз енді ғана түзелді,
Керек емес қарулардың жарқылы.
Ғұмырды да ұзартамыз біз енді
Ерте тұрып, кеш жатулар арқылы…

1963