Ойың үшін сот бар ма, жаза бар ма,
жаза болса – дәл мені жазалаңдар:
«өршіл үнін өмірдің» ұқпағандай,
өлең жаздым қайғыға, қазаға арнап.

Неге?
Неге дейсіз бе?
Неге деген
сұрақ қойсам ернімде кебеді өлең.
Құй сен, сенбе өзің біл,
осы сұрақ
Мені мынау столға шегелеген.

Кез келгенге оп-оңай неге дейсіз,
неге десем мен егер – елемейсіз.
Көлеңкесіз бола ма, айтшы, Шуақ,
жан қайғысыз жана ма, өлең – ойсыз.

Неге?
Неге? –
Апыр-ай қиын бұйым,
көп «негені» жинады миым биыл.
Сұрақ деген неғұрлым-қойылса оңай,
жауабының солғұрлым қиындығы.

Қиындыққа сот бар ма, жаза бар ма,
жаза болса – дәл мені жазалаңдар...

1967