Сүт орнына суды ұйттық,
сөз орнына аңқылдақ,
жезімізді жылмиттық
бергісіз ғып алтынға.

Қайда айырма: бір болды
осалдық пен мықтылық.
Ақыл болса – үйрендік,
ауру болса – жұқтырып.

Жер мен көкке теңеп ек,
арзан, қымбат арасын.
Ол теңеу де, не керек,
ескіріпті-ау, шамасы.

Себебі: мен ұтылдым,
қабырғаммен сөйлестім –
аспан жақын сықылды
көңілінен кей достың.

Анау алыс дегенді
жақындатсақ анық біз,
мынау жақын дегенді
алыстатып алыппыз.

Жанын жақса от ұстап,
берер бетті «бүтіндеп»,
Нокаут аз бокста,
ұпайменен ұту көп.

Дана емессің – даңқың құр,
сүйсіну де – ой деп пе ең,
Сары құмды алтын ғып,
алмас кесіп әйнекпен;

Жезді алтын деп мейлің
Мақта!
Сенген болам ғой.
Жездің түгі кетпейді,
тек алтынға обал ғой.

Бал орнына – су жұттық,
жыр орнына аңқылдақ,
жезімізді жылмиттық
бергісіз ғып алтынға

Анау қымбат дегенді
арзандатсақ анық біз,
мынау арзан дегенді
қымбаттатып алыппыз.

1967