Көңілдің көзге шығып жарықшағы,
су қосып керосинге, жағып шамын,
шешеміз от тұтатып жылытатын,
бір талын сіріңкенің жарып шағып.

Жарытпады жабығып жаншылып та,
кейісе шығатын тек даусы мықтап.
Есімде, көп күлмеңдер деп ұрсатын,
күлкі де өкінтердей таусылып қап.

Қара шәлі жарасты өз басына,
сенді ол тек сол шәлінің тозбасына.
Жыласаң – жылама деп тағы ұрсатын,
таусылып қалатындай көз жасы да.

Тамақ жәйін сөз етсе...
кейде, кенет
кебетін таңдайымыз бейне кенеп.
Ондайда отыратын, ойланатын,
айтпайтын, бір ғажабы, сөйлеме деп.

Кей күні қап ұстасын – бір арлансын,
Мейлі бір нан ұстасын – құмар қансын –
қолдары дірілдейтін,
ұстағаны
таусылып запы еткеннен шығар бәлкім?!

Еске алсаң – мұңаясың,
білем мен де:
бел байлап ед әйтеуір тіленбеуге.
Байқасақ: үйреніппіз сол күндерден,
сөзден өзгенің бәрін үнемдеуге.

1967, 1982