* * *
Қайдан шыққан сөз екенін кім білген,
мәнін бірақ сөздіксіз-ақ
білдім мен.
«Ит өлген жер екен ғой ол,
ит өлген»,
алыстығын сездім, сездім жүйкеммен.
Тексерткенде әлдекімнің
ант, атын
«чистилище» деп атапты
Данте-ақын
дастанының бір тарауын,
ал, менше
бар күнәңді таразыға тартатын
мекеме емес
тек өлі үшін, шамасы,
меніңше, бұл өмір-өлім арасы –
не моргке, не үйіңе
жол шегер
арада бір жол айырығы болса
егер
Ре-ани-мацияның сол мәні.
Ал, мен өзім – Нәжімеденов болғалы
тағдырымды шешті талай кеңселер.
Бір күн, бір ай,
талқылап ап бір апта,
бұлай анық шеше алмаған бірақ та.
Жүрегімде діріл бар бір –
үңілме,
кей кезде бұл ұқсамайды
дірілге.
Ре-ани-мация ғана шешеді
менің түпкі мәселемді түбінде.

               * * *
«Итке темір не керек»,
Бұл –Асқардың мақалы.
Айтылған соң керемет
Елге тарап жатады.
Шың болған соң шыңың да
шындық болса деген ек:
әкім болу шынында
Шмановқа не керек.
Көктің бұлты суалып...
сірә, менше көп керек.
Бұлтты көрсек қуанып,
жаумай қойса өкпелеп,
жүріп жатқан тіршілік,
өмір солай десек те,
сөз не керек Асқарға,
ер не керек есекке.
Күн жаумады – қынжылдым,
бүгін де күн қауысты.
Екі кеще, бір мылжың
басты мүжіп тауысты.

               * * *
Көп, көп сырды ормандағы жай халық
таба алмапты деседі.
Маймыл адамға айналып
аман қапты деседі.
Эво-лю-ция деген де бір мықты,
Бірақ тірлік – үзілмес бір тамыр бар.
Ештеңеге айнала алмай құрыпты
алуан түрлі заврлар.
Талай құстың кетер құрып көп түрі
тұмсықтардың түрткірі,
азулардың өткірі.
Цивилизация алаңқы ғой,
бұлт ала,
оның-дағы кей бұйрығы келте ғой.
Піл де білед екен дейді еркелей,
Тек оның да түгін қарсы сипама.
Қасқырға да қамқор болды бір ұлық,
жыланға да керек екен жылылық
Жыландар да жарық күнмен қоштасар,
не күн аяр әлденеден жарығын.
Не құрыса о құрысын бәрібір
хамелеон құрымайды ешқашан.

               * * *
Прозаиктердің арасында – ұлы ақын,
ал, ақындар ішінде
сыншы болдың сұрапыл.
Сені ақын деп танымады бір ақын,
Сыншы боп та түрің жоқ-ау шығатын.
Табиғат шын қулығы мол жымысқы,
өнер кейде белгі сын-ды жыныстық.
Әйел болсаң еркекке де болмас едің керегің,
Тым құрыса әйел-дер ішінде еркек болсаң деп едім.

               * * *
Аузың – былжыр, малжалаң,
қараған жан құсқысы
келеді екен, хал жаман,
жүрек сыздап, тіс түсіп,
береке ұшып,
бедел қап,
ауру кірді әбігер.
Жазыласыз деді алдап
күлім көзді дәрігер.
Сендірдім-ау деп ойлап,
сөйлеген боп әрнені,
сауал қояд абайлап:
«бала-шаға бар ме еді?»

Түсінбейді-ау шамасы,
оқығанмен ол әлі:
қазекеңнің болмаса егер баласы,
басқа несі болады?!
Шыным осы ед –
күліп ала жоғалды.
Ұғынықты халық едік қандай біз!
Шыныңызды айтпасаңыз деді әлгі
біз де сізге ем қондыра алмаймыз!
- Бар күшімді жазылуға жұмсайын,
Мәлім дедім, қалқам, ақылды екенің.
Тап осылай күліп тұрсаң күн сайын
Дәрісіз-ақ мен жазылып кетемін.