...Жапырақ тұр көз жасын жанарына іркіп ап,
Жас шырмауық фонтан боп атылады бұрқырап.
Мәрмәр үйлер – бір ғажап,
балкондары – ертегі,
Жасыл бағы ымыртта ертегілер шертеді.
Қала бірақ күтімсіз,
тым қоқырсып кетулі
салақ әйел ұстаған байдың үйі секілді.

Дәл осындай қалада баяғыда бір әкім
ақылымен әлемге әйгілі боп тұратын.
Қаланың да дана әкім таратыпты атын кең,
Өз қаласын сүйіпті ол,
Сүйген бірақ ақылмен.
Уақ-түйекті тізбелеу – ұсақтық қой десек те
Ұялмай-ақ сол әкім
Жазып-сызып алатын
Көктейтұғын әр шыбықты есептеп.
Атақ, даңқы асса да – адам болып қалыпты,
тасытпаған ешқашан махаббаты халықтың.
Қызмет етті әкімге ел:
ақылдылар табынып,
жарамсақтар қошамет айтып жүрді жабылып.
Бұйрығының өзін ел бой-тұмар ғып тағынып,
жазасының өзін жұрт күтеді екен сағынып.
Мұрттай ұшып сол әкім ауырыпты бір күні:
Қайғы-жасқа шыланды шыршаның да кірпігі,
Қасіреттен тас балқып,
Жапырақтар сарғайды,
Қалың қара халықтың шашы ағарып бір күні;
бір-бірінен құпия тасаланып бір күні
Құйылыпты тұс-тұстан тәуіптердің түр-түрі.
Халық тілеп құрбанға қой шалыпты тарығып,
Шөп терісіп даладан – қайнатыпты дәрі ғып –
Ем іздепті Ел-Ана күні-түні толғатып...
Көтеріп ап жастықтан ауыр басын сонда әкім
былай депті жұртына:
– Мың болыңдар, достарым,
Құшақтар ем бәріңді – көтертпейді қос қарым.
Дәрің бірақ дарымас,
Құрбандығың – құр шығын,
белім меңдеп барады,
алдырмайды ұршығым.
Сырқатымның дауасын өзім айтар халім бар:
Қазір іздеп қаладан кетік кірпіш табыңдар –
Соны бассам қыздырып жазыламын, – деді әкім, –
баяғыдан дертімнің дауасы осы болатын.
Қуанысып қалың ел жиналыстай тарады,
«кірпіш деген немене!»
«Табамыз!» деп барады.
Осы қала түгелдей қаланған деп кірпіштен –
бірі кезіп көшені,
бірі ауласын қарады.
Үш күн, үш түн тентіреп іздесе де көп адам,
Көпір асты,
Көл маңы... сонша ұлы қаладан
табылмады бірде-бір сынық кірпіш,
Масқара,
Жарты кірпіш бермеді сол қайырсыз астана.
Қайғы басып жұрт жүзін,
Жанарлары жасқана
Хабарлады әкімге ел:
«Жомарт қала басқаға –
тасқа сараң боп шықты;
ұяттымыз – таппадық!
шегіртке боп шырылдап,
Құмырсқа боп қаптадық!
Қаламыздың мақтаны:
ақ мәрмәрдан өрілген кең сарайлар қақпалы,
Сол қақпалар маңында көлденең тас жатпады,
Үш күн, үш түн кезгенде дауаң үшін, уа, тақсыр
Халқың сенің сен үшін кетік кірпіш таппады –
Кінәліміз алдыңда!
Қайғы шегіп халық тұр,
тұңғыш мәрте бұйрығың орындалмай қалып тұр!
Лебіз ет тек: табанда бұзамыз да бір үйді
Әкелеміз арқалап!»
Әкім сонда жымиды,
Серпіп сонсоң көрпесін,
ауыр басын шекелі
биік салған жастықтан жеп-жеңіл-ақ көтеріп:
– Жұртым, саған мың алғыс, мен жазылдым, –
деді әкім, –
Ғұмыр бойғы арманым осыны есту болатын,
Кетік кірпіш таппасаң – жақсы ұстапсың қалаңды,
Жойылыпты салақтық – қуат қосты маған бұл!
Кешір, қауым, үш тәулік ауру тістей қақсатып
бос қинасам – осыны білу еді мақсатым...

Еліне сай есі бар,
даңқына өзі тұратын
Жұртты осылай сынаған баяғыда бір әкім.

Бұ да – ескі жай.
Бізде енді жаңалықтың түрі көп:
емханалар – керемет,
аптекалар – құдірет,
ауырмайды ер, сондықтан, мән бермейді тасқа аса,
Халқын әкім сынайды – сынайды тек басқаша...

1980