Қара тал судыр қағып жапырағы
қайың боп ойнағанда – қатырады.
Ролін тау-қыранның байғыз ойнап,
бұлбұлды есек сынап жатыр әлі.

Түк ұқпай қайсар Емен заман жайлы,
Шілік әлі майысып амалдайды.
Қорқытып қоңыр қанден пілдерге үріп,
Қу түлкі арыстанды әлі алдайды.

(Арыстан – құдірет қой бірақ әлі,
кім қарсы азулыға тұра алады?!
Табылды, білемін, тек бүгін ғана
түлкіге алданбаудың бір амалы).

Япыр-ау, көңіл қалай қамықпайды –
Әтеш те әтештігін танытпайды.
Осы екен шын өкініш, анық қайғы:
Маймылдар айна сырын әлі ұқпайды.

Бір күндер өтіп жатыр бірге ілесіп,
Аққу мен қара қарға іргелесіп.
Аңқаудың аузында әлі ірімшік тұр,
аш қасқыр ала қоймен жүр кеңесіп.

Тоқтыққа әр құмырсқа жол ашты ұлы –
Жоқ!
Бүгін о кезгінің жоқ аштығы.
Келеді әттең, әттең әлі қалмай
қимыл мен пиғылдардың оғаштығы.

Бұл, рас, көне мысал, тозған қайғы,
аққу, шортан, шаянға сөз қалмайды.
...Жігіттер, ойлан бірақ,
бүйте берсек
біздің де көп жүгіміз қозғалмайды.

1978