Жұрт айтады, масқара
Шайқор бопты ұлы атам.
Содан ба, әлде, басқа ма,
Шайды мен де ұнатам...

Тұйық қыздың сіңлісі –
Қулық екен күллі ісі:
«аға, – деді майысып, –
шыға қойшы шай ішіп».

«Рақымет, шыбыным,
тағы бірде», – дегем-ді,
Мен жазған бір өлеңді
оқып ала жөнелді.

Көніп қалдым,
Іркіліп,
үйге кірсем ақ ойлап:
бір қыз отыр;
кірпігін
мақтап қойдым абайлап.

Шай іштім де, қыдиып,
Кісі құсап киіндім,
Кіші қызға жымиып,
Үлкен қызға иілдім.

Кіші қыз кеп ағалап
тағы бір күн тұр мені:
«Жұмыс – Хаққа аманат,
Шай ішуге жүр», – деді.

«Рақымет, қырғиым,
Шай іштім ғой», – дегем-ді,
Мен шертетін бір күйді
Мақтап ала жөнелді.

Тағы көндім.
Іркіліп,
Әдеп сақтап жатпадым,
екі қыздың кірпігін
алма-кезек мақтадым.

Өзімсініп мен де енді
Шай іштім де ас үйден,
Кіші қызға қол бердім,
Үлкен қызға бас изеп.

Тағы келді бір күні,
Күн еді-ау ол көктемгі,
«тәтем, – деді, – кірпігін
Сылағалы көп болды».

Еркеледі кіші қыз,
ал, үлкені – майысты:
«ішіңіз, – деп, – ішіңіз»...
Мен шай іштім, шай іштім.

Қалды, сөйтіп, күллі ісім,
белгісіз бір күйге ендім...
Сүйгендіктен сіңлісін,
апасына үйлендім.

Күмәнім жоқ, күмәнім:
(Қыздар кімді аяған)
Тілім шығар кінәлі,
Кінәлірек шай одан.

Айтып салдым барымды,
ерсі болса қайтейін.
Бір тәуірі жарымның,
Үндемейді әйтеуір.

Қабағы жоқ тас түйген,
Жұлқымайды жеңімнен.
Қорқады тек басқа үйден,
Менің шай ішкенімнен.

1980