Ұнап қалдың, қалқам, – дедім бір қызға,
соны айтқанда жүрегім сәл ығысты.
Қыз ақырын қарады да жұлдызға
– Ертең, – деді, – болады екен күн ыссы.
Дедім тағы: сөзім менің мәңгілік,
Өз ыстығым өз ернімді кептірді...
Қыздың көзі аспан жақта қаңғырып,
– Биылғы ыстық, оңай емес, – деп күлді.
Куә мынау қараңғы түн, бай қала, –
Ұқсаңшы деп айқайладым ышқынып.
– Мейлі ғой, – деп жымиды қыз жай ғана,
Қолтығыма үш саусағын қыстырып...
–  Бүгінгі жас жүрексіз бе, бетсіз бе, –
деп күрсіндім;
– Тағдырға, аға, көніңіз,
ішкен біреу тиісе ме деп сізге
Серік болдым, кешіріңіз! – деді қыз.

1980