Адастырып арзан дәме, жалған үн,
кемеңгерлер кемітпесін салмағын.
Жеңілдесін көкке ұшатын кемелер,
азаймасын тек салмағы Балғаның.

Шегеге де, сезіп жүрміз, жан тәтті,
балға алдында қағады ол да жалпақты...
Әйел біткен қары талсын бала ұстап,
дән салмағы майыстырсын алқапты.

...Жоқтық, аштық, қайғы, қаза сондағы
танкі, кеме, самолеттер бомбалы –
бәрін қосып есептесең – толмады
«жесір» деген жалғыз сөздің салмағы.

Өмір – нәзік,
бірақ ауыр сынына
шыныға бер,
шыныға бер, шыныға.
Мизам-жібін үзе алады, байқасаң,
салмағымен құстың қауырсыны да.

Кетпен, күрек салмағы осы жер өңін
жасандыра, жасандыра береді!
(Ауыр екен, досым, жаңа кітабың,
сыны бірақ жеңіл тисін дер едім).

Салмақ керек!
Ай мен Жұлдыз, бүкіл көк –
салмақ бәрін ұстап тұрған бүтіндеп.
Қатер-оқ боп атпаса екен қорғасын,
қара тас тек ұшпаса екен түтін боп.

1978