Толғансам, Туған жер, сен сиынарым,
тірлігім сиынбасам қиын әлі.
Тауыңмен рухымды көтер менің –
естілсін әнім ойлы, күйім анық.

Тартпайды маған біткен тасқын бәсең
жатқанда табанымның астында сен.
Ұстатпа домбырамды надан қолға,
кеудемді жамандарға бастырма сен.

Өнерді өзіңе арнап өрлеткелі
мидан ой, қабағымнан тер кетпеді.
Орманның ойларымен оят мені,
теңіздің толқынымен тербет мені.

Тимеген ат тұяғы қайран адыр,
бір жыршы туды сен деп сайрағалы.
Алысқа баста мені дала жолы,
атымды, Талап-атшы, айда, кәне!

Тек саған, саған ғана сүйенемін,
топырақ қасиетті, киелі елім.
Бұталар, етегімнен іліп, тартпа,
шоқалдар, қолтығымнан сүйе мені...

1970