ҚАЙЫРШЫ

Кешкі көше бұрылысына бір адам,
Қолы шолақ – қарасаң көз қимайды.
Жалғыз қолын алға жайып сұраған,
Қажып-талып қара бақыр жинайды.
Мүгедекті аяушы көп бұл күнде,
Ол да осыған алыпты әбден үйреніп,
Бес тиындар қалтасының түбінде
Сыңғырайды бір керемет күй болып.
Ақша берсе – қалады бір бас иіп,
Ал, бермесе өкпесі де жоқ оған.
Сен өтесің өз-өзіңнен басылып –
Көзі қандай сонда саған қараған!
Мен де сол бір қайыршыны көрем көп,
Кейде аяймын өзімді де, оны да.
Өзімді-өзім бір сезіммен көгендеп
Бес тиынды қыстырамын қолына –
Адам үшін қандай қорлық бұл сурет,
Сақалдыны сарсылтқаның тағы ұят.
Жер бетінде қайыр сұрап жүрсін деп
Бұл адамды жаратқан ба, табиғат?!
Немене бұл! Қатал соғыс тұр келіп
Көз алдыма. Осынау жан денелі
өзгелердің есебінен күн көріп,
Өз есебіне өмір сүріп келеді.
Аяушылық ащы ызамен тоғысқан
Басқа бір ой үймелейді басыма:
Мересьев аяқсыз-ақ соғысқан
Жауларына деген ұлы кекпенен.
Керең болып қалған еді Бетховен,
Соқыр еді Гомер ақын жасынан...

Жұлдыз, 1964, № 10, 137-бет.