ЗАУАЛ

Жастық шақ – бұл да бір зауал.
Ибсен
 

Пролог

Бұл өмірдің жоқ басы мен аяғы.
Бізді аңдитын кездейсоқтық баяғы.
Төбемізде – мәңгі-бақи қалды ымырт,
Не құдайдың жарқын жүзі – мәңгілік.
Суреткер, құдай саған жар болып,
басталғанның аяғы да бар деп ұқ.
Түсін мықтап, илана бер бұған да:
Ұжмақ пен тамұқ аңдып тұр алда.
Саған сыншыл салқын ақыл берілген,
Көргеніңді оймен өлше, ерінбе.
Қос жанарың болсын өткір, әрі анық
Сүртіп таста ұсақ-түйек жайды ойдан –
дүние тұр сұлулықтан жаралып.
Жарық қайда, қара түнек қайда, – ойлан.
Өтсін түгел, асықпасын аптығып,
дүниенің арамдығы, пәктігі –
Елегінен өтсін сезім, ақылдың.
Зигфрид те нақ осылай семсерін
Шоққа салып қызартыпты біресе,
суға малып сазартыпты біресе –
баж-бұж етіп суарылған сұр болат
дұшпандарға әлі тұнып тұр қарап...
Бір жалт етті Нотунг – семсер сенімді,
Миме – қортық шығара алмай түк үнді
Зигфридтің аяғына жығылды.
Семсерлерді кім соғады? – Ер соғар
Ал, мен күш пен батырлықтан кендемін,
сендей құлмын, тек ақылды пендемін, –
Топырақпын, рухым да көр, тыныш,
Менің үшін – дүние түгел қорқыныш.
Ендігі ерің – бос тер төкпес, о-дағы
Халықтың тек қолқанаты болады.
От фонтаны көкке атылып тұр, әне,
Әр ақылдың, әр жүректің күмәні
Әркімнің өз ой мен заңын құрады...
Европада айдаһар жүр бір шұбар
аузын ашып, қан жұтуға құлшынар...
Соған қарсы семсер ұстап кім шығар?
Біле алмаймыз: біздің елдің үстіне
Баяғыдай қара тұман түсті де,
Өрт қаулады, түтін исі бұрқырап.
Бірақ ән бар – естіледі ән даладан,
Көпшілікте, әйттеу, біреу салады ән.
Иоанның басын (сұмдық бар тағы)
Соломея бишіге әкеп тартады.
Қылша мойнын қидырғалы ол анда
Қылышқа өз басын қиған заманда,
Мұнда – оның өлеңдерін керемет
сыбайды кеп... мен жырлаймын, не керек –
Соңғы өкімді кесетұғын сен емес,
күш бермеймін. Ал ерегес, ерегес!
Мейлі, шіркеу тарс жабылсын қараңғы,
Пастырь ұйықтап қалсын мейлі,
Маған бұл
бұйым емес, алаңды өтіп шөп басқан,
бұраймын да ашқыштарды тот басқан,
Кіремін де таңның ұрлап жарығын
Мен құлшылық ете білем бәрібір,
Ей, сен, азған періштені құлатқан
жер үстінің жұмысын да бір атқар!
Рұқсат ет, тым құрыса бір күшті
Аударайын парағын бір тұрмыстың.
Мұрша бер тек, көре алмаған Сен де әлі
Жалаңаштап көрсетейін шындықты,
Көңілімізде не құпия ой барын,
жүректе ыза қайнағанын сұмдық бір,
Кекке өртеніп жастық шақ пен бостандық
халық қалай өскендігін күресіп.
Әкелерде – балалардың үлесі:
титтей ғана үзіндісі тұқымның –
екі-үш ұрпақ – белгілі ғой бәрі енді,
ескіліктің өсиетімен құтылдың:
жаңа тұқым түйін салды, байланды –
көмір – алмасқа айналды.
Бір еңбекқор қайла астында ол енді
Жер қойнынан шықты,
қаулай жөнелді!
Сен де, ұр, қане, ұмыт мүлде тынысты,
Мейлі өмір терең тамыр-жымысқы,
О, қаһарлы Ямбым менің, ал сілтет,
Алыс мақсат – алмас болып жансын тек!


Бірінші тарау

Он тоғызыншы ғасыр, темір ғасыры,
Расында, қатал ғасыр тас бауыр!
Ай түгілі, жұлдызы жоқ жасырын
түн-түнекке адамды әкеп тастадық!
Бас қатырар түсініктер түніне,
Ұсақ шаруа, тұрмыс та жоқ келелі;
Сен әкелдің, қарғыс, арыз тілі мен
қансыз рух, қаусап біткен денені!
Оба орнына ауруың да дап-дайын:
Жүйке ауруы, іш пысқанда – өсегі,
Жарып алсын деп, ұрғандар маңдайын
тас қабырға мұқтаждық боп өседі.
Ұйым-сұйым, конгрестер, банктер,
бос желпініс қызыл сөзден құраған,
ақша, акция...
Мықты екенсің, тауып көр,
Миы дұрыс істейтұғын бір адам?
Жарты дарын, соның өзі жасырын,
(бөлісуге қолайлырақ он есе ол!)
Салон емес, қонақ бөлме ғасыры,
Сұлу да емес – аты ұрғашы демесең....
Буржуйлардың дәулеті өсіп ең мықты,
(Беті күліп, зұлым ойын жасырды)
туы астында туыстық пен теңдіктің
Сұмдықтарын туындатқан ғасыр бұл...
Ал, адам ше?
Ол – еріксіз сүрді өмір:
адам емес, машиналар, қалалар
Сорды өмірді, жан қалдырмай бірде-бір,
айдаһарға бара-бар...
Кім басқарса қуыршағын әр елдің
Сол білді тек қылмысты да, кінәні,
таратқанда аспанына әлемнің
гуманистік тұманын:
Сол тұманмен шіріп біткен, сұр ұсқын
тән солып, жан өшіп кеткен құсады.
Періштесі қасиетті ұрыстың
бізді тастап ұшып кеткен құсады.
Онда – қанды кек қоздырып, от көсеп,
Шешіп жатыр дипломаттар ақылы:
Онда – жаңа зеңбіректер боп кесел
Жаумен шындап айқасуға, ақыры,
онда – ерліктің орынында – арсыздық,
ал, жеңістің орынында жүр үрей,
басшы біткен бірін-бірі әлсіз ғып
ұрсысады жеп қоярдай тірілей,
жүк керуенін сүйрейді бір шерулі,
Жалқау штаб, интенданттар тек кілең
Роландтың «мүйізіне» – кернейді,
айырбастап дулығаны кепкімен...
Ол ғасыр тек қарғыстарға бай-ды шын,
қарғыс әлі айтылады – ыңғайсыз.
Қалай жою керек оның қайғысын?
Төсек салды ол – ұйықтауға тек тым жайсыз...
Жиырмасыншы ғасыр... емес одан тың,
одан да өткен түн құшады кең өлке
(Одан да зор, одан да өткен қаралтым
Люциферден түскен сұмдық көлеңке).
Өрт түтіні күн батқандай ызалы,
(біздің күнді сәуегей дәл болжаған)
Жұлдыздардың құйрығы тым ұзарып,
Көкте сұмдық елестер жүр – сол жаман,
Мессинада жер сілкініп бір ұлы,
(болмас енді ғайыптан түк үмітің)
машинаның талассыз бір гүрілі
Өлім соғып жатқан сын-ды күні-түн;
Алданғаны соққы болды сананың
бұрынғы ой мен ғылым, сенім-нанымға:
тұңғыш ұшқан аэроплан барады
белгісіз бір орта менен қалыңға...
Сырт айналу жиіркендіріп тіршілік,
оған деген ессіз сүйіспеншілік,
құштарлық пен өз еліңе деген кек...
Қанын сығып қара жердің ұялы
біздің күре тамырға үріп құяды,
межелерді, өлшемдерді құлып қып
бұзып, жарып жаңалықтар келеді,
көз көрмеген өзгеріс пен бүліктік.
Ал, адам не? – ар жағынан болаттың,
От ішінде, түтін жұтып күрсінсең,
қандай отты қашықтықтар ашылды.
жанарыңа: нені көріп тұрсың сен?
Машиналар тісін қайрап кіжініп
не деп жатыр,
қалбағайлар ұлыған
бұлтты тіліп неге айтады суық ән?
Енді менің ер соңымнан, оқушым,
солтүстіктің астанасы суыған,
дертті қала көрінген сол қарайып –
финнің алыс жағасына барайық!

Жетпіс сегізінші күздің аяғын
бітті қаужап кәрі ғасыр баяғы.
Европада жұмыс қызып күн-түні
Жатыр мұнда – баяғыша батпаққа
қадалады мұңды күннің кірпігі...
Сентябрьдің ортасында сол жылы
Шуақты күн болып еді көп бірақ,
таң-азаннан халық қайда барады, –
Дауыстары қайраттырақ, қаттырақ,
«Ура!» деген үн бұршақ боп жауады,
Көшелерде полиция жүр өріп,
айқай-сүрең, сеңдей соғылысқан жұрт,
жұдырығын біреу еркін жіберіп...
Қаланың дәл шетінде,
Жарқыраған монастырь тұр алтын бас
қырғын-сүрең, шарбақ біткен қалтылдап,
Орман құсап топылған ел, ал мұнда
Москва атты заставаның алдында –
қара құрым күймелер мен арбалар,
пролеткалар, каска, тұмақ – ол да бар,
Сан бояулы бөрік, белбеу сан баулы,
патша-ханым, бүкіл қауым таңдаулы!
Патша-ханым көзіне ептеп жас келген,
Күзгі шуақ шаңы астында ел мен жер;
Өтіп жатыр тізбек болып әскерлер
жат шекара, өзге өлкеден келгендер...
келеді олар қайтқан сын-ды парадтан.
Не бөтен тіл, бөтен қала не түрлі
Царьградтан, жорықтардан кешегі
ешқандай бір із қалмаған секілді.
Одан кейін – Балқандықпен бара-бар,
Плевна, Шипка, Дубняк – ер кілең,
сұсты қабақ, жазылмайтын жаралар,
алдыратын жаулар емес еркімен...
Павловшылар, гренадерлер... ол әне,
шаңдақ жолды шалқая аттап алады.
Жүздер сұсты, кеуделерде жаңағы
Георгий-крест жалт-жұлт етіп қалады.
Быт-шыт болған батальоны олардың,
бірақ тірі қалғандары қасқиып,
енді, міне, көздеріне толар мұң
жыртық-жыртық туларына басты иіп...
Ауыр жорық аяқталды ақыры,
ұмытылмас ұлы күндер арқылы!
Өз еліне оралды олар, міне, енді,
өз халқына жарасты да қалды нақ.
Халық немен қарсылайды, ал бірақ?
Бүгін – өткен ұмыту жөн көп істі,
бүгін – сезімді ауырлатып жіберді,
Мейлі, енді – жел әкетсін, соғысты!
Қауышудың шаттығымен етті ұмыт,
олар бәрін ұмыт етті бәр-бәрін:
жаудың жауған оғы астында көп тұрып,
Өлім-өмір сайыстарға салғанын;
Көп ер үшін қалды мәңгі түн болып,
Меңіреу, қатал суықтық,
қашқандарды өлімнен
сол өлімнің құшағына қуып тық!
Ауру, шаршау, ашаршылық бар тағы,
ысқырған оқ шымырлатып арқаны,
қырау қатқан төсектердің қыртысын,
Жылытпаған оттың-дағы сұр-түсі,
тіпті, түнгі ұрыс-керіс азабы:
штаб пен жай жауынгердің таза ары,
Бәлкім (барлық жұрттан гөрі жазалы)
Ұмыт болды интенданттар базары...
Бәлкім, ұмытпаған шығар бірін де? –
дәм-тұзымен дастарқандар тұр күтіп,
оларға арнап сөз сөйленер бүгін де
Шылым тосып, гүл лақтырар пір тұтып
терезесі, балконымен әр үйдің...
Иә, олар қошаметке жариды,
әр жауынгер найзасының ұшында
бір-бір букет желкілдейді, қара, әне,
батальон командирі барады –
ердің қасы, мундирінің өңірі,
ат сауыры, қойны-қонышы, көңілі
бәрі-бәрі гүл боп кеткен секілді...


Казармаға күн батқанша жетуді
келеді аңсап: біреулері қап-қалың
жарасына қанмен қатқан мақтаны
ауыстырса дейді, ал, біреу мақтанып
крестермен түссем дейді көзге анық,
Сұлулардың көз құрты боп – тілек құр;
селқос ерні мұртымен сәл қозғалып,
әзіл айтсам, деп аңсайды, бір өткір;
Штаттыққа білсеңші деп әліңді,
Ойнай тұрып орденімен жап-жаңа,
бір көріну – бала құсап кәдімгі...
Ал, шынында, осы адамдар бір бетті
әділ жұрт па, ақылды ма бұ халық?
не үшін бұлар болды мұнша құрметті,
іздеріне табынардай дұға ғып? –
Жанарында офицердің кез келген
Соғыс салған сүгіреттер тұр әлі.
Бұрынғы емес, жүздері де өзгерген,
олар – соғыс көргені үшін кінәлі.
Жат өмір өз кітабының беттерін
көп аудартқан бұларға да, теп-тегін
оттан қайта жаралғандай, жырлайды
сол баяғы бір жайды:
Ақ генерал ақбоз атқа мініп ап
оқ астында тұрғандығын күліп-ақ,
тұрғандығын әруақ боп бір мықты,
оқты әзілдеп, ойыншық қып тірлікті,
түтін мен от қара-күрең соқадай
қалай боздап құлағанын ботадай,
солдат өліп, уысында қарысқан
полк туы қалғандығын құламай,
тау жолында зеңбіректің артынан
полковниктің итергенін шыдамай,
Патша аты жай солдаттың алдына
қыр-қыр етіп жығылғанда күрт келіп,
патша, кенет, көріністен жаңағы
сырт айналып көзін қалай сүрткенін...
Иә, олар ажал, ауру, аштыққа
Жай солдатпен бірге жүріп бастыққан...
Кім соғысты көрген болса, сол әлі
ауық-ауық бір суыққа тоңады –
Ол бір аяз көп маңдайға жазылған,
күллі әлемді оқиғалар тілімен
сөйлететін сол болады, бір ғана
Ештеңеге кесел етпейтінімен...
Ондайларға әсер етіп бәр-бәрі
Жынды болып шыға келер жартылай.
Өкіметтің асығатын ісі бұл:
Пешкі бола алмайтұғын кісіні
өйтіп-бүйтіп амалдап, бір заматта
айналдыру не турға, не атқа...
Ал оқушым, тура менен атты бұл
Санау біздің еркімізге тимеді,
бізді көптің ортасына сүйреді
Сырттай бақылаушылардың әлгі бір
Тобырына сүңгідік біз – күй кетті,
кешегіні ұмытуға үйретті...
көз алдымыз түрлі түс боп құлпырды,
ал, құлақта «Уралаған» үн тұрды.
Көпшілігі өзін-өзі ұмытып,
Шаһар іші босқа таптап шаңдады, –
Солдаттарға еліктеумен, мұны түк
етпеді елең, тентегіндей ауланың.
Сәттік сезім, елдің сәттік қызығы
Күндерінде Петербург күзінің!
Семьяның басы шығар, жақ ашпа,
әне, біреу мініп отыр ағашқа!
Әйелі оны шақырады дауыстап,
үні бітіп керегі жоқ ызадан
қол шатырмен түртеді кеп алыстан
Ұяттылау бір жеріне қызара.
Ал, ананың кірер емес қыртына,
қыстырмайды жұртқа күлкі болғанын,
Қыңбайды өзі, қозғалмайды мұрты да,
Жоғарыдан көріп отыр бәр-бәрін!
Әскер өтті. Жаңғырығы құлақта
Қалып қойды – тарамады ел бірақ та.
Шаңдақ жолда дымқыл ізін қалдыра
Сушы да өтті бөшкесімен су толы,
ат айдаушы қалды бір сәт абдырап,
айқай салды бір әйелге – сүйтеді,
дәл осы үшін жетті алқынып асығыс –
халық шаңын баспақ болып су бүркіп,
Полиция ысқырды бір шыңғыртып...
Казармада таң дабылы қағылды –
Сонда ғана семьяның басы әлгі
ағашынан түсті отырған қашанғы,
әлденені күтеді әлі жұрт бірақ...
Иә, бүгін күні олардың оралған
астанада шат көңілдер бас бермей,
дүңгір қағып тас көпірмен таралды, ал
қалың нөпір – бейне жаяу әскердей
өтіп жатты қиқы-жиқы сап құрап
салтанатты, әрі шулы адамдар...

Біреуі өтсе – екіншісі келеді,
мынау басқа – танымайсың сен оны,
бір жылт еткен бейне қайтып келмейді,
ертегіге айналып кет сен, мейлі...

Күннің нұры сәл кідірді дірілдеп
сонау биік терезенің бірінде,
көрер ең сен терезеден ең ерен
қаны қашқан бір бейнені көрер ең,
байқар едің әлденендей белгіні,
рас, рас білмейсің ғой сен мұны,
Бірақ өтіп кетесің сен қарамай,
Кездессең де танымайсың оны дәл
Кетесің сен әлгі топтың соңынан,
Сол топ құсап жоғаласың ақыры,
өт, жүргінші, саған берер ақылым:
көңіл бөлме, сипап қой да мұртыңды
адам ба, үй ме, оғаш зат па бір түрлі –
саған оның бәрі бір ғой, расы.
Сенде талай шаруа бар, сірә, осы,
сен, әрине, біле алмайсың халді бұл:
тас қабырға ар жағында әлгі бір
тасаланып жатыр, бәлкім, тағдырың...
(Самаурын мен әйеліңді, жігіт, сен
Сәл ұмытып, ақылыңа жүгіртсең,
қорыққаннан құбыжық боп мына әлем
Тақыршаққа отыра ғап жылар ең!

Ымырт түсті. Түсірілді перде де,
адамдар да толып кетті бөлмеде.
Жабық есік ар жағында, ал, міне,
басталды бір қаңғыр-күңгір әңгіме,
Сол әңгіме естілгенмен жайлы үні
қоздатады тұрмыс жайлы қайғыны.
Күңгірт сөздер, жағылған жоқ шам әлі,
асығыс жоқ, түбінде бір жанады;
ымырт сын-ды жұрттың жүзі көмескі,
көлеңкенің өзі де анық емес тым,
қарағанмен айырмайсыз Сіз де оны –
Әлденендей әйел, еркек тізбегі.
Жиын, сірә, сөйлемейді бөсіп кең,
әрбір жаңа кірген қонақ есіктен
Қатал көзбен үнсіз шолып маңайды
айналаға аң секілді қарайды.
Міне, әлдекім жарқ еткізіп оттығын
шылым шекті – әйел отыр жаңа бір,
маңдайы ашық – маңдайындай баланың,
қарапайым өре салған шашын да,
ақ жағасы жалпағырақ, расында,
қара көйлек – қарапайым тамаша,
өзі арық, бойы-дағы аласа,
сәби-жүзді, көгілдір көз жанары
Әлдеқайда қадалып бір қалады,
Жұмсақ нұрлы, әсем көз де жаңағы
қасірет пен ерлік оты жанады...
Күтіп отыр... қоңырау үні шыр еткен,
Есік баяу ашылды да, бір еппен
Жаңа қонақ кірді ақырын, іркіліп:
Қимылында сенім жатыр бір тұнық
ер пішінді, сұлу тұлға, ал, оның
киімі де шетелдіктей әдемі,
талғампаз жан, қолындағы қалпағы
жылт-жылт етіп назарыңды тартады;
қоңыр көзде от бар, әрең байқалар,
бірде тулап, бірде тынып жай табар,
сына-сақал – ұшы өткір, сүйір де ол,
мазасыздау аузын әжім үйірген;
Басы ауыр, шашы қара, тас-қара,
Сұлу, әрі жексұрын-ды масқара:
үркек ерні қалыпты сәл түріліп
қайғысына араласып бір үміт.
Жиылған топ тына қалды, ақ тымық,
екі қолды қысты, екі сөз лақтырып –
Қалғанының аялдамай жанына,
Келді қара киген әйел алдына...
қадалды ол жанарымен тінтіп от,
Қолын қысты әлгі әйелдің сілкілеп,
«Соня... Софья Львовна, Сізді мен
құттықтаймын қашып шығуыңызбен!
Қанды айқасқа шықтыңыз ғой тағы да!» –
деді: сонсоң белгісіз бір себеппен,
екі сызық осынау ақ майданға
терең-терең батып кетті кенеттен...

Шапақ сөнді. Азаматтар зиялы
тостақтарға ром, шарап құяды,
Жасыл жалын толы ыдысты, о да енді
Жасыл тілмен жалап ала жөнелді.
Бір тостақтың бетіне енді жаңағы
Қанжарларды айқыш-ұйқыш салады –
Жалын лаулап көтеріліп барады,
күйген ыдыс ернін жалап ол, кенет
отырғандар жанарында дөңгелеп,
дір-дір қағып жанады...
Түн-тобырмен арпалысып жанады от
ақшыл-көк бір нұр шашады және көк,
Осыған сай гайдамактар жыры ескі
көтерілді қоздырардай күресті,
бейне, алда той болардай не түрлі
ендігі өмір тыныш өтер секілді,
көңілдердің шын сәбилік шаттығы
Әлгі қатал жанарларда жақты нұр...

Біреуі өтті – екіншісі келеді,
Көріністердің ала-құла қатары,
Суреткер, асығып бақ, сен оны
енді қайтып көре алмайсың, шатағы
Сәттік қана оқиғалар үшін сен
Ғұмыр бойы өкінесің – түсінсең,
Мұндай сәтте шабыт тастап кетсе егер,
ол сықылды қасірет те жоқ деме –
Онда өзіңе өзің ғана өкпеле!
Сенің ғана пайдаңа асар бәрі анық,
Жалғыз тілек – қарай гөр тек қадалып.

Петербург аспанының астында
Сол заманда бір семья күн кешті.
Ақсүйектер – түгел туыс, үндес-ті,
ғасырлар мен дағды үйреткен оларды
өзгелерге сәл менсінбей қарауды.
Бірақ билік ақ саусақтан, әттең, бұл
ептеп-ептеп шығып бар жатты енді,
жағымпаз боп жазылды енді, жаңадан
патшалардың қызметшісі ең адал,
Жиіркеншектік арқасында баяғы
Халыққа – жақ, патшаны да аяды,
ал, көбіне ақсүйектер өрелі
екі жақтан бірдей қорлық көреді.
Мұның бәрі бәлкім күлкі шақырып,
бәлкім, сырттай ескірген боп көрінер.
Расында, нағыз есер мақұлық
Күле алады өміріне орыстың.
Барлық кезде ортасында ол екі оттың,
бәрі батыр бола алмайды еркектің,
Жасырмайық, ең таңдаулы адамың
Жиі-жиі бүгежектеп қалады –
Өмір алдында, қайдан соғар қаңғырып
Тұрмыс желі, біле алмайсың мәңгілік;

Көктемдегі өзен құсап бұл өмір
қозғалуға дайын тұрар үнемі,
сең үстіне сеңді бүктеп тұрғызып,
күтір-күтір күйреткені бір қызық,
таптайды ол әкімді де, кедейді,
мынау – лас, мынау адал демейді.

Менің-дағы үй-ішіммен болды осы:
Ескіліктің сыр-сыр етіп кеудесі
жібермеді күнелтуге жаңаша,
Сый етті де тыныштықты тамаша,
Игілік те берді кештеу демесең
(Жақсылықтан құралақан емес ол,
қазіргілер ойлағандай тіпті де,
Кез келген үй есігі ашық болса егер
қарлы құйын қақ төріңе жол шегер,
Ұятсыздау болса еркек басы ауған
түк қиындық келтірмейді, расы,
Өз жарыңа опасыздық жасау да).
Қауіпті емес қарсылықтар, ақыры
Жаратылыс тану ғылымдары да,
(Өкіметті сонша қорқытатұғын)
дін секілді момын ұғым, тағы да
«Бұл семья сандырақ жай, аусар үн» –
деп жұлқынған жұрт ызалы жанын жеп,
ал ішінен бір айтуды аңсады;
«Мария Алексеевна-ханым!» деп...
Тірі естелік, ескіліктен қалғанмен,
Достасуға сенімі жоқ жалғанмен
тиіс болды, толды содан бар ыдыс,
екі иланым, жарты тірлік, жарым іс,
Сиқырланып қалды содан бұл орта:
баяғы ескі дағдысына құмарта,
өзгелердің тырнақшаға ап сөз, ісін,
кейде, тіпті, қорқудың да өзі сын;
ал, тіршілік жатты өзгеріп, ол, анық
шайқатылып тұрды айнала, жаңалық
жел боп кеулеп кірді ескі үйге манағы:
қисық жаға көйлек киген бір арсыз
Ұялмай-ақ арақ сұрап тұрады,
үй-ішінің бұзса шырқын, шыдамын
(азаматтық борышым деп ұғады),
ал, әйтпесе, маңыздырақ бір адам
алқына кеп әлденені сұраған –
«Халық еркі» журналын ап, басына іс
түскен жандай ақылдаспақ асығыс,
себебі не шым-шытырық бұл істің?
Не істеу керек «Ұлы күні ұлыстың»?
Қалай басу керек жастар ың-жыңын? –
Бәріне аян: бұл үйдің мол шыдамы,
еркелетіп шығарады, ұғады,
бәрін жуып мейірімді сәулемен
тазартады, құтқарады әуреден...

Қарттар күні таяп қалды, кетті мән.
(Амал нешік, күнді аяп қаншама,
тоқтатам деп ұмытылғанмен жан сала –
күш бермейді сайдан өрген көк тұман).
Семья басы – сол қырқыншы жылдардың
Серігі еді, көтерілді адам бұл
ең алдыңғы қатарына заманның,
Николайдың күндерінен ақ табан
азаматтық арын таза сақтаған,
ел ағарту күзетінде бүгін ол,
бірақ жаңа қозғалыстың басында
ептеп қате жасап алды, расында...
Тургеневтің тыныштығы алаңсыз
бұған да тән болатұғын; әлі де
шарап дәмін айырады, әрине,
тамақты да білетұғын бағалай;
французша сөйлеп, Париж дегенді
өз жұртынан жақын сезді, ол енді
(Күллі Европа сол Парижге қарыз-ды,
Неміс түсінде көреді Парижді)
бар жағынан батысшыл боп жөнелді, -
жаны бірақ – орыстың қарт балпаңы,
ой желісін французша тартады
Көңілінде көп-көп ойдың басы ісіп,
Борель ресторанынан ас ішіп,
Щедринше күңкілдейді жылауық:
табан-балық піспей қалып бір ауық,
не сорпаның тұзы дұрыс татымай.
Тағдыр заңы темірдей ғой, япыр-ай:
Суық құзға өскен гүлдей үкі ілген,
момын, жайлы семья бар, күтім мол...

Семьяда үш қыз өсіп келеді:
ең үлкені кітап қарап, үлбіреп,
әрбір беттен күйеу күтіп жүр жүдеп.
Ортаншы қыз – жақсы оқиды сабағын,
ең кішісі – секіреді, шабады,
еркін, ерке мінезі ыстық қыз анық,
бірге оқитын құрбыларын ыза ғып,
бұған жалқын-қызыл шашбау қосыңыз –
басшы әйелді қорқытатын осы қыз...
қыздар өсті: оларды той, қонаққа
Күйме жегіп апарады бүгінде:
әлдекім жүр терезенің түбінде,
кіші қызға хат жолдады әлдекім,
Әлденендей тентек юнкер әндетіп –
көзге алғаш қайғы жасы кілкіді,
Паң, ұялшақ үлкен қызға бір күні
сөз салды кеп адал көңіл бір жігіт,
үйдің іші қалды кенет дүрлігіп,
қалыңдықты ұзатуға дайындап...
«Қызымды анау сүймейді-ау – деп уайымдап,
қарт күңкілдеп, жиырады қабағын –
емес-ау бұл біздің орта адамы...»
Шеше бұған қосылады ішінен,
бірақ бұлар бірін-бірі түсіне
бір-бірінен жасырады сырды әлгі...
ана байғұс асыққаннан қиналды,
Киім бітті, жасау-жабдық жиналды, –
көрсет енді (бұл бір қиын тақырып)
таныстар мен туыстарды шақырып...
барлық дәстүр атаулыға күйеу қас
(«Халық сорлап жатса» қалай ұялмас).
Қалыңдық та сол пікірден бас алған;
ол – ерімен бірге болмақ қашан да
Нұр сәулесін бірге шашу – тілек бұл
«Жарқыратып патшалығын түнектің»
(азаматтық некені де ол қолдады
Мойнына гүл-алқа тақса болғаны)
Азаматтық неке жайлы бір қызбен
Ой толғатып, күзгі аспандай сұр жүзбен,
шашы ұйпалақ, қыртыс-қыртыс фрагі
Мехрапқа ол да келіп тұрады,
жаңа шыққан жас жігіттің өзі де
тіркеледі «еркіндігін» сезіне.
көңіл жықпас қарт тақуа, саусағы
дір-дір қағып кірес қойып таусады,
оған-дағы, күйеу жігіт секілді,
Түсініксіз айтылған сөз не түрлі.
Ал, қалыңдық басы айналып, бір түрлі
қызғылт бояу ойнап шығып құлпырды
бет-жүзіне, сықылданып таңғы арай,
көз жасы да барады еріп – тамбағай...

Өтіп ақыр ыңғайсыз көп жай тағы,
олар енді семьяға қайтады,
өмір шіркін жақсы жағдай арқылы
жай таптырып, рақатымен шарпыды;
оларға ерте іс жасауға ел таныр,
жас белдерге бүгілуге ерте әлі;
Балалықтың таласынан ол әлі
достарына түні бойы мүжіліп,
Шыға қоймас, шөп үстінде қонады
қиялында ғана біздің бұл жігіт...
Қонақуар, қайырымды үйде бұл
табылады жеке бөлме, сыйлы өмір,
ал, талқандау ескі өмірді ұят-ты,
әрі бұған келмейтін іс сияқты:
үйдің іші сыйлайды оны, бұл – анық,
жаңа тұрғын деп қарайды қуанып,
бірте-бірте үйренеді бәріне:
әрине, әлгі ең кіші қыз әлі де,
Халықшылдау мінезімен жат, асыл,
Мазақтайды ерге шыққан апасын,
Ортаншы қыз – қызарақтап күллі сын
айтып, жөнге келтіреді сіңлісін,
ал, үлкені – қиялдайды тұнып бір
иығына иегін сүйеп жігіттің;
Ері бұз кез босқа талас құрады,
атасының сарсаң қылып құлағын
Социализм, коммуналар туралы,
сөз жеткізген әлдебіреу иіскеп –
«Сатқын» болып аталуға тиіс деп,
Сөйлейді ол көкірегі жаңғырып,
Мәңгі осылай түсіп жатар талқыға
«Қарғыс атқан бұл мәселе мәңгілік»...

Жоқ, көктемгі тентек өзен сеңі де
бұза алмайды тіршілігін бұлардың:
жас жігітті қалдырады жайына,
қарияны қалдырады жайына –
үрейлене қарау үшін қалып бір
Су ауқымын аққан сеңнің күшін де,
алға қалай «шақырғанын халықтың»
көру үшін түсінде...
Бірақ осы балалықтың қиялы
үйренуге кесел етпес, ақыры,
жақсы үлгіге бұл қауымнан зиялы
(Әкесі де қостайды оны ақырын),
ақ өңірге мына қисық жағаны
айырбастап, қызмет алу бар әлі,
бір ұл көру әкесіне табынар,
өз жарыңды сүю деген тағы бар
үлкен әкім болмай-ақ қой, жарығым,
міндетіңді жақсы орында – бәрібір,
қызметкері болып-ақ жай кеңсенің
пара алмасаң – жақсылығың сол сенің...
Иә, өмір – өлуге әлі ертерек;
шешесі ұрысқанға шейін еркелеп
басылатын бала сын-ды бұлар да;
бұлар «маған роман емес», шығарма:
бұларға әлі оқу керек, өрепкір
бос сөз керек, тәтті қиял керек бір,
Бірақ олар ұға алмайды тағы да
қасіретке ұшыраған көздерді:
қандары да өзге олардың, жаны да –
сүюі де (о, бейшара) өзгерді...

Күндер солай өтіп жатты. Көптен бір
бұларды да толқын ұрған. Көктемгі
Өзен тасып, су ұлғайды тас-қара,
мұз үйіліп қаһарлана масқара,
Кенет, түсіп сабасына байыпты,
Өтті айналып әлгі жыртық қайықты...
Сонсоң бірақ тұманды бір күн туды –
Семьяға сүттей ұйып отырған
қосылды кеп бейтаныс жан бір түрлі.

Тұр орныңнан, шық ертемен көгалға:
ақшыл-сұрқай аспан жақта, жоғарыда
құзғын ұшар қанаттарын жай қағып,
бір шеңберден бір шеңберге айналып,
Салағырақ жасырылман көзге алыс
Ұя бар деп қай бұтаның түбінде...
Құс шырылы – кенет, оқыс қозғалыс...
Құзғын естіп... енді бір сәт дегенде –
Құйылады төменге...
көрші ұядан абыржыған үн шығып,
Соңғы балапанның дауысы тұншығып,
ұлпа мамық желге ұшады, не шара –
бүрді құзғын құрбандығын бейшара...
Сонсоң қайта көтеріліп тартады,
бітпейтұғын шеңбер сызып, ал, тағы
тойымсыз көз мекен-жайы жоқ әлі
Шолады кеп сол баяғы көгалды...
Қашан көрсең – бір көрініс баяғы...

Россия-ана, құс секілді, аяды
балапанын, бірақ оның тағдырын
құзғындардың тырнағына тапсырған.

Анна Вревскаяда кеш өтті –
таңдаулы жұрт, келді адамдар есепті.
Достоевский келіп жүрді қайғыдан,
аурудан да жүрегі әбден айныған
Жеңілдету үшін ауыр тірлігін,
Жасы ұлғайған шағында да, түрлі ұғым
«Күнделікке» күш жиып, ел өсегін
(Победоносцевпен онда дос еді).
Нақ осы үйде қолын сілтеп шабытты
Полонский жыр оқыған жанып бір.
Түсіп қалған бір министр, сірә, шын
тәубе қылған мойнына алып күнәсін.
Университет ректоры Бекетов,
болған мұнда, профессорлар бар тағы
Суретшілер, ақындар да арқалы,
Патшаның құл, қызметшісі, басқа бар,
және соған жақпайтұғын қасқалар
бұ жерден сен жұрттың шұбар, аласын...
ал, бір сөзбен, бәрін көре аласың.
Бұл салонда жұрттың бәрі шыдамды,
көңілі үшін үй иесі әйелдің
бір-бірінің қолын қысып тұрады
либерал мен славянофилдер де:
(Расында, дәстүр ерте тараған,
Россияда құдайына қараған:
Қол қысысып, жүреді ғой әр адам)
Жұрттың бәрін – тілімен де емес тек,
жанарымен, мінезімен бұйығы –
Ә дегенше, – құдіретін елестет,
көпті өзіне қояды әйел үйіріп.
Әйел, рас, көздің жауын алатын
көркімен де шығарған-ды ол атын,
оған қоса – қайырымды болатын.
Кім Аннамен байланыста болса егер,
қалай түсіп қалғандығын сол сезер
(Ал, әзірге жазбаса – жөн болады
ол туралы жазушылар қаламы).
Қоғамдық бір міндет бардай және онда
Жастар да көп келетін бұл салонға:
біреулері – пікірлес боп кіреді,
ғашық болып қалғандықтан – біреуі,
бірі – астыртын жұмыс үшін... әрине,
бұл келіншек керек еді, бәріне,
уақыт тауып, қуат тауып қолға тың,
бәр-бәріне кірісетін ол батыл
Жоқ, ол үшін қолдан келмес ештеңе,
кіріседі ол ең қатерлі іске де... –
сол салонға түсті де бір мықты жол
біздің үш қызды апаратын түп-түгел.
Арасында лауазымды шалдардың,
арасында бейкүнә жас жандардың,
ол салонға жетегінсіз басқаның,
өз үйіндей кіріп жүрді жас ғалым.
Еті үйренген, еркін қонақ, ол әбден
«Сен» деп сөйлесетін талай адаммен.
Ерекше етіп көрсететін сыртын кіл
жас жігітте мінез бар-ды бір түрлі.
сол-ақ еді (қонақ үйге кіргені)
Достоевский байқап қалып бір жолы,
«Мына сұлу жігіт кім?» деп сұрады
Вревская құлағына сыбырлап:
«Байронға ұқсас екен», – деді, – түрі нақ.
заматында қанат бітіп жаңағы
қауымға сөз жел секілді тарады, –
жұрттың бәрі жаңа адамға қарады.
Әншейінде қыңыр қауым, не керек,
бұл жолы бір қайырым етті керемет.
«Сұлу, есті» – деп бекітті әйелдер,
ерлер жағы кіржиісті: «ақын» деп...
Ал, еркектер кіржиіссе – күлкілі,
сірә, бұ да қызғаныштың бір түрі...
бірақ әйел сезімдерін жаңағы
жынның өзі айыра алмай қалады...
Олар тағы таң қалысты ышқына:
«Байрон болса – пері ғой, ол – күш, күнә?»
Әлгі жігіт лордқа ұқсас еді, рас,
өр көкірек, тәкаппарлық аралас,
жүзін оның, ойлап айтса артынан,
Мұңның ауыр жалыны көп шарпыған.
(Жалпы, аңғарып қалған еді ел оны –
енді соған иланғысы келеді).
Өзінің сол, қырсыққанда, ниетіне
Жоқ-ты, бәлкім, ондай қасиеті де...
Тек әлдебір құмар сезім тереңнен
байқалған соң лордпен ол теңелген:
Соңғы ұрпақ ол, көкірегінде күліп шын
сол баяғы ұшқын қалған бүлікшіл,
адамға тән емес талап жағынан
Байронға ұқсап қалар, бәлкім, тағы да
інілердің ауруы бар не түрлі
Сау ағаға ұқсайтыны секілді:
сол баяғы қызғылттықтың шапағы,
үстемдіктің нышаны сол баяғы,
Құрдымға әкеп тірейтұғын – аяғы.
Тек құпия рух қалған – бар шама,
Сырқатының салқынынан шаршаған,
Жалын сөнген, жан қарайып, күш кеміп,
Сана жеңген жынды сезімді іштегі;
Нақ осылай, қайтқан кезде күш тегі –
Жыртқыш құстар қан ұялап көзіне,
қанат қомдар, ауырғанын сезіне.

«Неткен ғажап, неткен ақыл» деп талып,
көппен бірге қайталайды кіші қыз,
әкесі де келісті, сәл ақталып,
Үйге қонақ шақырылды – топ халық:
ішінде сол, Байрон да бар жаңағы,
шақыруды о да қабыл алады.
Бұл семья қабылдады әдемі
жас жігітті туғанындай, әуелі
Нева үстіне мініп тұрған сарайда
қонақ қой деп тартты ортаға, алайда
ақсүйектік ескі ойымен ол енді
кәрілерді сүйреп ала жөнелді,
көне ғұрып, тәрбиемен сірескен:
ой ауқымы кең, әрі еркін болса да
Жаңа лорд ескі ұғыммен бір өскен
әдептілік сақтады ол соншама
Әйелдердің ақ саусағын киелі
ол ешқандай жиіркенішсіз сүйеді.
Оның жарқын ойларының, кесірлі
Қайшылығын көре тұра кешірді,
сол қайшылық астындағы телегей
қара түнді көңілшек жұрт елемей,
соның бәрі таланты еді сиқырлы,
Көзінде оның от жанатын бір түрлі...
(Қанатының құрығанын сезді ме? –
Жыртқыш құстар күш салады көзіне...)
адамдармен туыстырған, сірә, оны
Жастық шақтың күлкісі боп жүреді,
Сол бір жастық, сол бір еркін жылдары
Ойын оңай – ойнап еді бұл-дағы...
Өз қуысын көре алмады өзі оның...

Бұл үйде оған түстік ішу әдет-ті
жұрттан гөрі жиірек кеп кешқұрым
Сөздерімен әрі тірі, әрі отты
баурайтұғын, (Заң адамы ескі бұл
болғанымен, ақындық бар түсінде:
Констан мен Пушкин дос боп ішінде,
Штейнмен төс қағысар Флобер)
Еркіндік пен идеалға тұрады ер –
Мұның бәрі ойын емес ол үшін,
тек құпия бір сұмдық бар, онысы:
Әлденені жақтап алып, құлатып
Құлатқанын отыратын ұнатып.
(Ақылы оның «бестік» қояр, не «бірлік». –
қияға ауып кетер есі табанда –
Орта баға деген, сірә, жоқ онда!)
Жек көретін қылықтарды кейде ол
Махаббатпен қорғамақ боп сөйлеген,
бейне, семіп, өліп қалған денені
қан құюмен тірілткісі келеді...
«Талант» десіп шулап жатты айнала –
Мақтанған жоқ (олай деп те ойлама),
Кенет оны қайғы басты бір жұмбақ...
байыз таппай ауру жаны, жас бірақ
Өз-өзінен шошынды да (жақсылап)
Сүйініш іздеп көріп еді: не білді –
Сөздің бәрі бөтен болып көрінді...
(О, қызыл сөз! Не керегің бар сенің,
Көңілдерді әрі қатал, әрі кір
Сен жұбатып ала алмассың бәрібір!)
Сонда көнбіс рояльға, салалы
Саусақтарын жатқыза бір салады,
Дыбыстарды гүл құсатып, ал енді,
Жұлу деген – ессіз, өжет, батыл іс,
берілуге өзі дайын әйелдің
киіміндей лақтырады асығыс...
Маңдайына шашы құлап келеді...
Құпия бір діріл жатты денеде...
(Ақ төсекте кездестірген ардағын
Құмар жастың қимылындай бәрі-бәрі...
Дауылды үннің тасасынан әлгі адал,
Кенет ғажап (сондағыдай дәлме-дәл)
бейне туып – сездіреді жаңа күш
Түсініксіз, қасіретті, әрі алыс...
Көк аспанда ақ қанат құс жүр, міне,
тыныштықтың кездеспеген ауылы...
Бірақ осы ішектің әсем сыңғырын
Көміп жатты күйдің қара дауылы...
Не боп қалды? – Болды-дағы болары:
қол қысысу, әңгіме, сөз көп өңге,
Меңіреу көздер қадалады еденге...
Келер күндер
Сәл байқалар белгімен
бөлінген ғой бүгінгіден. Болды ол
Семьяның өз адамы. Көркімен
кіші қызды айырды ол еркінен.
Патшалықты (кім біледі: қайдағы?)
берем деді. Неткен жомарт – сыздайды іш,
түсі қашып сеніп қалды қыз байғұс...
туған үйін осы қыздың әдемі
түрме қылды (расында ал оның
түрмеге ұқсас ештеңесі жоқ еді)...
Бірақ бөтен болды айнала қуыс, жат,
бұрынғы дос жоғалды, енді туыстап,
осынау бір жұмбақ сүйкімділік пен
Сұлу сөздің қармағына іліккен
бейшара жан керең тартып құлағы
ойып түсер отты көзге құлады...
Ол – өмір, ол – бақыт, ғайып құдірет,
қыз еңіреген ерді тапты, әрине
күллі үй-іші, туыстардың бәрі де
қоштамады, тыйым салды бәріне,
Мұның бәрі қинады қыз жүрегін
өзі де оның түсінбеді, ұғып дәл,
қыз айрылды қылымсудан, қылықтан
ол есінен тана жаздап жүр еді...
Ал, жігіт ше? –
Сыр ашпайды пендеге,
Неге бұлай, асықпайды ол неге?
Шынында оның тездігіне әскерлік
бұл қылығы түк қоспайды қастерлі...
Жоқ, қулау жан кейіпкерім бұл менің
көңлі жіті, мүмкін емес білмеуі,
жас байғұстың азап шегіп жүргенін,
бақыт сыйлау сорлы бала-қызға енді
Өз қолында – сондықтан да ізденді...
Жо, жоқ... бірақ өшті мұздай боп бәрі
кеудедегі құмарлықтың оттары,
қоя тұр деп сыбырлайды әлдекім...
Ол – бір суық, қатал ақыл, қорқар түк
Жоқ қой, бірақ, билікті алды сол тартып...
Ол – өмірдің, жалғыздықтың әсерін,
азабын да біліп қойған бас еді...
«Жоқ, ол мені сүймейді, тек ойнайды –
деп қыз бірде тағдырына қол жайды: –
Неге қинап, қорқытады ол мені
қорғаушысы жоқ бейшара пендені...
Сөз салуға асықпайды – сеземін:
Әлденені күтетіндей өзі оның...»
(Қарашы: өстіп жыртқыш күшін табады:
қазір – ауру қанаттарын қағады,
көгалға еппен қонған сәтін көр мұның,
ыстық қанды жұтады енді ол тірілей
қорыққаннан есі ауысқан сорлының
қалтырауға шамасын да келтірмей...)
Міне, саған махаббаты – бас ұр, жүр, –
сол бір вампир-қан сорғыштық ғасырдың,
тартып алып адамдардың арманын
мүгедекке айналдырған бәр-бәрін!

Бейбақ ғасыр, о, лағынет, лағынет!

Осы орында болса да ердің қандайы,
әлдеқашан аяғына маңдайын
Сүртер еді; кейіпкерім тым адал
қорқады ол қыз алдаудан – күнәдан:
оғаш мінез мақтан емес, он есе
біледі ол: сабылып кеп күн-түні,
не Дон-Жуан, сайтан болу немесе
Ол ғасырда екендігін күлкілі...
Өз сорына көп білді ол, көп ілім:
оңай емес «аңғал» болып көріну
Сол ортада, ортасында тобырдың, –
Осы сөзде – жиіркеніш пен мазақ, ә? –
Қоралы қой атаймыз ғой (өзара)...
«Халқы ұйғарса – хан түйесін сояды» –
тек осыны ескерген жөн болады,
тым құрыса, қазіргідей күндері:
ақылынан ажыратып білгені,
есуастау жүрген жақта қалғып ол
(Осы соның кінәсі ме алдымен?), –
Қыз да, бәлкім, әсерінсіз өзгенің
таңдап, тауып алар еді өз жолын,
бәлкім, сондай ақсүйектің қызына
кейіпкерім қараймын деп қызыға,
өз тағдырын телігені әкеліп, –
әрине, бұл қателік...

Өз жолымен өтер уақыт, бұл бірақ
Қайыртпады. Жаңа беттер сылдырлап
аударылып жатты ақырын. Әр тайып,
бара жатты әлгі ескі үй қартайып.
Балкандағы келіссөздер туралы
әңгіме езіп елшіліктер шулады,
әскер келіп жатты ұйқыға, о да анық:
Нева мызғып кетті тұманға оранып,
бейбіт тұрмыс жұмысы енді сөз болды,
штаттықтар мәселесі қозғалды:
Тінту, ұстау, жала жұрттың әні боп
Қорлық, ғайбат, кісі өлтіру – саны жоқ...
Түн-түнекте езген қаза, қайғы әлгі
біздің Байрон кітап құртына айналды;
ғылым қуып, қорғады да атағын
мақтау сөзге белшесінен батады
Варшавадан кафедра алды бір...
лекция оқуға өзін дайындап,
азаматтық праволар жайында
көңілімен ептеп шаршай бастаған –
қызға сөз сап, қарапайым болды әрі,
қызды өзінің тағдырымен жалғады,
және алыс алып кетті қызды әлгі,
алғы күнді сезе тұрып ызғарлы –
Әйелі де көрсетсін деп енді ебін,
бөліссін деп кітап жазу еңбегін...

Өтті екі жыл. Жарылды сол бомбы да
Екатерина каналынан жаңғыра,
Россияны түтінімен бүркеді.
Бәрі бұрын сезіп жүрген жұрт еді,
Осындай бір зауалды сәт боларын,
Осындай бір карта ашылып қаларын...
Сол ғасырдың қасіретін сәті әлгі –
Соңғы сәт боп – бірінші март атанды.

Қайғы кірді. Үй ішінің жартысы
тарап кеткен секілді аттап бұл елді:
Ойын, күлкі жоқ жататын шарпысып –
Кіші қыздың үңірейіп тұр орны,
Өмір сүру – қиындады, кісіні
шатап, шырмап бітті түрлі түсінік:
Россия аспанында тұрды бұлт
қартайды әке соған қарап бұрлығып...
Кіші қыздан хат-хабар жоқ, қайғы бар...
Кенет сол қыз қайтып келді бір күні...
Не боп кеткен? Жүрегің құр шайлығар!
Сіріңкедей қатып-семген шіркінің,
азған, тозған, және соған еті өлген...
баласы бар жөргекке орап көтерген.

Екінші тарау
(кіріспе)
 

Сол бір алыс, керең жылдар, адамды
Жаншып жатты мең-зең ұйқы қараңғы:
Победоносцев Россия үстіне
Сүртіп тұрды лас үкі-қанатын,
Күндіз де жоқ, түн де жоққа бара-бар,
тек қанаттың көлеңкесі ғана бар;
Шеңбер жасап айналып ол даланы
Россия жанарына қарады
Сиқыршыға біткен әйнек-көзімен;
ертегінің ақылды, әсем сөзімен
Россия-ару оңай ұйықтап қалады –
Мең-зеңдіктің мұнары ұрып жанарын,
Үміт, ойын алды өткізіп ұйқымен...
Бірақ ол бір түнек сиқыр астында
күш-қуаты қайнап жатты тасқындап:
сиқыршының езгісінде болса да
рухы сау, әрі таза соншама,
темір қолмен қанша мытып бүргенмен,
босқа шықты бар қайраты...
бір қолмен
қазылық қып сиқыршы әлгі жылтырақ,
шық бетінен жасыл-бұйра бу өрді
қарағайдың хош исімен бұрқырап...
ал, екінші қолымен ол қас қыла –
Тірі жанды салып жүрді кептіріп
Столының жабындысы астына.

ІІ

Сол бір алыс, ұмыт болған жылдары,
Петербург мұнша сұрқай, тас кілең
болмағанмен, қаталырақ қала еді,
Нева суын ақтаратын әдемі
бекіністің астымен...
Курант жылап, найза күнге жылтылдап
сол баяғы мырзалар мен сылқымдар
табысатын аралға осы, не түрлі
кербез аттар шұлғып тастап кекілді
кісінесіп табысқаны секілді,
қара мұрт пен қалың жаға қытықтап
еріндерді, көздер күлім қағатын...
ұмытқам жоқ, екеуміз де, досым-ай,
бар дүниені ұмыт қылып осылай
Шырқадық қой, бірақ тірлік жаңағы,
бақыт емес, қызығы да шамалы...

ІІІ

Күншығыстың сұмдық таңы жасқана
Сол жылдары шапақ шаша бастаған...
Петербургтың тобыр жұрты, жарамсақ
Жанарымен жалтақтайды патшаға...
Тобыр халық, расында, қаптап жүр
Медаль таққан атшылар да жай ғана
селтеңдетіп қыздырады аттарды,
Полицейлер шолтаң қағып айнала
қуады елді... әлдебіреу күшті үнді
«Уралады», қышқырды,
дырау патша – бейне бір қап сулы-ірің
Үй-ішімен шыға берді ауладан...
Көктем, бірақ күн қызуы шамалы,
пасхаға да – жеті жұма бар әлі,
ал, шатырдан суық тамшы құлаған
мойыныңа мұп-мұздай боп енеді,
дір еткізіп тұла-бойды, денені...
қайда қара – қақап тұрған жел тегіс...
«Өмір сүру – мұнша неткен жиіркеніш» –
деп күбірлеп, айналасың шалшықты;
бұралқы иттер оралады балаққа,
жылт-жылт етіп галоштары тыңшының,
аулалардан шірік иіс аңқиды,
«Шапан!» дейді ескі-құсқы жинаушы,
Жүзін көрсең қарсы келген біреудің
келер, кенет, түкіріп кеп жібергің,
егер оның аңғармасаң көзінен
сондай ойда екендігін оның да...

IV

Бірақ майдың түндерінің алдында
бұл қаланы қалың ұйқы басқанда,
биіктеген сықылданды аспан да,
ай зорайып, дөңгелене қалды да
Құпия бір нұрға шомып, албырап,
тұрып алды күзеткендей таң алдын...
Ұстауға жоқ ұлы қалам, о, менің,
құламаға – жарға орнадың неге бұл?
Есіңде ме: шыққан кезде ақ түнде
Сфинкстың қарап тұрған жағына,
гранитке жып-жылтыр
ауыр басыңды иген шақта сұрғылтым,
естір ең ғой: ту алыстан талып бір
теңіз жақтан шыққан үнді қауыпты
құдай үшін миға сыймас теріс үн,
тым ерекше әдеттегі жер үшін...
көз жетерді көрдің ғой сен, расында,
періштедей тұрып қорған басында,
(Өң бе, түс пе): желкен керіп жігерлі
ғажап флот құрылды да, міне, енді
бөгеп салды Нева суын кенеттен...
Ұлы Петр – ең басында флоттың,
Желкендерін желге керіп шіреп тұр...
Толқытты бұл түс болып көп жүректі...
Россия, маңдайыңа сенің де
тағдыр қандай түс жазды екен тегінде?
Бірақ сонау қалған жылда әріде
түс көп енді, бәріне емес, әрине...
Халық тарап қалып еді азайып
алаңдарда, сол бір сәтте ғажайып,
(тек асығыс ғашық жігіт өтеді
жалғыз ғана, жағасын сәл көтеріп...)
бірақ флот маңындағы су қызғылт –
келер күн боп келеді таң арайлап,
кемелердің жалаулары тұр мызғып,
әлі-ақ, міне, таңның ерке желі ойнап,
Күреңітіп күншығыс жақ төбеден
хабаршы-таң, келеді атып таң қанды,
Порт-Артур мен Цусиманы ап келеді ол,
Келеді алып Тоғызыншы январьді...

Үшінші тарау
 

Әке қалды Варшавада жалығып
тырысуды қойып мүлде намысқа,
поезд жүйткіп барады алып, ал ұлын
туған теңіз жағасынан алысқа...
Жандармдар, рельстер, жаргонды
баппен айтқан, жоқ кісілер түк түрі,
Міне – дертті таң нұрында қалды енді
Россия польшасының түкпірі...
Мұнда өткен де, қазіргі де күйік боп,
Кекпен қайрап шақырлаған тіс кілең;
Коперниктің өзі кегін күйіттеп
Еңкейеді бос кеңістік үстінен...
«Кек! Кек!» – дейді суық шойын жаңғырып,
Варшаваның үстінде тұр мәңгілік:
асау атқа кеуіп кеткен танауы
Аяз-Мырза қанды тепкі салады...
Жылымық кеп: тіршілік бар, е, міне,
аспан шеті сарғаяды еріне,
поляк-қызы дөңгеленіп көздері
еркелейді, алдайды да өзгені...
бірақ бәрі: жерде де осы, көкте де
бұрынғыша қысым жасар өкпеге...
Европаға шығар болат-жол жаңа
адалдықпен жылтылдайтын – сол ғана.

Вокзал лас, иесіз қалған үй мұнда
Зұлымдықпен сатылған қар-құйынға;
Вислаға салынған сол көпір де
Секілді еді не бір қамал, не түрме;
Әке сорлы ауыр науқас меңдеткен –
бәріне таң, тағдырына енді еппен
қарайды ол: сорлы өмірдің өзінен
бір ғажайып көргісі бар көзімен;
қара тастан нан көрмекші ол әлі,
ажалсыздық белгісі – сол болады,
көмескілеу жарығында қол-шамның,
таңы елестеп кетеді оған арайлы,
құдай, өзің ұмыт еткен Польшаңның! –
Жастық шағын мұнда қалай шақырады?
Желден нені тілейді ол жөтелмен?
Күзгі күннің ұмыт қалған жапырағын
Және құрғақ шаңды ұйтқытып көтерген.
Ал, түн болса – аяз алып келеді,
Ұйқы басар қажып-талған денені...
Көшелердің аты қандай сұмпайы!
Міне, міне, «Гүл алаңы» ақыры... –
қайталанбас келді минут, міне, енді:
аурухана ұйықтап жатыр тым-тырыс
терезеде әлдекім тұр қарайып,
әлдекімге ұқсайтындай бұл тұрыс,
Әке... ұлы қалды бір сәт дем алмай,
Қарайды кеп, өз көзіне сене алмай...
Бейне бұлдыр түс көріп бір, сол түсі
Жанарында қатып қалған тәрізді,
Мына сын-ды жауыз ойдың толқысы:
«Ол тірі әлі!.. Варшавада бұл бөтен
Заң туралы сөйлесейін індете,
юристерден қайырып бір қарызды!..»
бәрі бірақ бір минуттық іс еді:
ұл асығыс есікті іздей түседі
(аурухана үлгірген-ді жабылып),
қоңырауға жармасты ол қағынып,
кіріп келді... сықырлады баспалдақ...
Киімі лас, шаршап-талған жолда алыс,
баспалдақпен жүгірді ол жоғары –
көңлі қамсыз – аяу қайдан болады...
шырақ шалқып, қақты біреу қалбалаң,
бірақ мұның жолын дереу бөгеді
Сонсоң қатаң былай деді әлгі адам:
«Профессордың ұлымысың?» – «Мен едім...»
Сонда ғана (жалған сыпайы өңменен):
Табытқа өлік семіп келіп тоқтапты,
Қыр мұрыны – қыран тұмсық боп қапты.
Аянышты-ақ көрініс бұл қаралы
Мына жатыс жат бөлмеде, тар әлі.
Өлік енді көрсетуге дап-дайын
Сарғыш жүзін, әжімі жоқ маңдайын...
«Ол жақсылап тынығады енді» – деп
ойлады ұл, салқын көзбен көндіге
ашық қалған есік жаққа қарады..
(Әлдебіреу осы өзімен бірге кеп
қарап тұрды шырақ қойған іргеге,
абайсызда соның алған демінен.
Май шам шалқып өліктің сұр өңімен
бар тұлғасын тербейтіндей бір түрлі, –
Сонсоң бойын жазады да ұзарып
Жақтауға әлсіз көлеңкесін сызады...
ал, түн болса – терезеде тұр әлі...)
Ұлы ойлайды: «тойы қайда өлімнің?
әке жүзі тыныш екен ғажап тым...
Ой мерезі, қайда әжімі азаптың?
Құмарлық, мұң түңілуге жеткенде
бәрін қосып ажал жуып кеткен бе?» –
Бірақ бәрі қажыған-ды. Ал, өлі
бүгін жалғыз ұйықтай алар әдемі.
Туысқандар тарап кетті. Тек ұлы
қалды еңкейіп табытқа әлгі. Боп ұры
Сақинаны алмақ еппен келіп бір
қатып қалған саусағынан өліктің...
(тәжірибесіз жанға қиын батыл ғып
Өлілердің саусақтарын жазу да).
Тек қана ол бүге беріп тізесін
Марқұмның дәл көкірегі тұсына,
көрді ап-анық осы бетте шаршаған
Көлеңкелер жатқандығын қаншама...
Икемге енбес саусақтардан сақина
Сырғып түскен уақытта табытқа,
кірестеп ұл әкесінің маңдайын –
Көрді содан кезбе жолын шаңытқан,
тағдыр берген бейнеттердің қандайын...
қолын түзеп, құдай-бейне, ұдайы
жанған шырақ, қарап алып тағы бір
Шықты есіктен: «Жар болсын», – деп, – құдайың».
Ұлы онда сүйді әкесін он есе
бірінші боп, ең соңы боп немесе,
арасында жаназа мен бір күшті
Зерігудің, ішінде ит-тұрмыстың...
әке жатыр, қатал да емес түс-өңі,
Ұйпалақ шаш қабағына түседі;
бірте-бірте құпия бір қауыппен
көзі ашылып, имиеді мұрыны;
бейшара сәл жымиыпты, дәл содан
езу қапты бір жағына бұрылып:
Бірақ шіріп, бұзылу – көп өң берді,
сол өңімен – өлік мықтап жеңген-ді...
Сол өңімен ұмытқанға ұсады ол
ұзақ көрген қоршылығын, құсамен,
бөтен топқа жымиды ол және бір,
әлдекімнің жаназасын әскери –
разы боп шығарғанға әдемі...
қара тобыр аянбады, ал, бірақ,
Неше түрлі сөз сөйленді сандырақ;
Көкірегіне өліктің сол, бір сері
жас келіншек үйіп кетті гүл шоғын;
сонсоң табыт, қақпағына салды нақ
ауыр-ауыр қорғасынды сімерлеп
(тірілсе егер тұрып кетіп жүрер деп).
Сонсоң, қайғы өлшегендей күнбұрын,
қазынаның орнынан табытты
сүйреп шықты, итерісіп бір-бірін...
қара дауыл, жоқ қиыршық қар бүтін.
Зәрлі күнді алмастырды зәрлі түн.
Бейтаныс бір көше, алаңдар арқылы
қаладан шығып, далаға
Шұбырды жұрт, қара табыт қалқыды...
«Еркіндік» деп аталатын мола да,
Иә, еркіндік – көп тыңдаған жырымыз,
денемізбен сезінгенбіз мұны біз:
топырағы қызарғанда қабырдың,
түрме есігі ашылып бір кеткенде,
жарымызға опасыздық еткенде,
жарымыз да соны жасап, тез ұғып,
Әлдекімнің қор болғанын сезініп,
қалған шақта кіжінеміз қатерлі
есігін тарс жауып алып пәтердің
министрлер менен заңға баяғы;
идеалдан айырғанда кісіні
өсіп кетіп капиталдың түсімі;
Расында... сол моладан бір түрлі
еркіндіктің исі шыққан сықылды:
бітті, міне, іш пыстырған жаназа,
қарғалардың басталып шат шуылы
Қоңыраудың үнімен бір құйылды...
қанша қуыс болғанымен көп көңіл
бұл өмірдің білді жанып кеткенін...
Тіпті, күннің өзі-дағы жаңағы
Әкенің жас қабіріне қарады.
Ұлы да тұр көз қарасы шабан, жай,
сары шұңқырдан әлдене іздеп табардай...
бірақ бәрі жүзіп кетті елес боп
көзді жауып, көкірек қысқан емес тек...
Үш күн – үш жыл ауыр өмір! Тағы бұл
Сезді суып кеткендігін қанының...
Ауа райы? Жиіркенішті жұрт үні,
сезім бе әлде әкесіне деген бұл? –
Есі кіріп, танығалы оң-солын,
әке жайлы көңілінде баланың
ылғи да бір ауыр ойлар қалады –
әкесін ол білген емес оңды аса.
Анда-санда кездескені болмаса,
Күн өткізіп екеуі екі қалада
жолдары да бір-біріне жат еді,
(бәлкім, ең бір құпиясынан басқасы).
Әкесі оған тек қонақ боп келетін,
көздерінің айналасы қызара,
Суық көңіл, сылбыр сөздің және тым
ақыры кеп соғып ашу-ызаға...
қырсық мінез, мұның қыңыр ақылы
қайғы-мұң мен қайырымсыз сана еді,
былғап бітті балалық ой-әлемін
(ал, ойы әлі есер еді, шала еді...)
Әке көзі сезім толы, толы ақыл
кейде ұлын мейіріммен шолатын,
Сол қарастан жұмбақ шуақ сиқырлы
түсетұғын сөздеріне бір түрлі...
Әке отырды – ұмытқан жоқ ұлы әлі –
шылым шегіп ызалы;
ал, бұл болса тентектіктің бүтін бір
түрін ашты арасында түтіннің...
кенет (сәби, жауыз еді ұл қандай!) –
Сайтан түртіп тұрғандай,
Жүгіріп кеп әкесіне жаңағы
ине сұғып алады...
Әке, шошып, түсі қашып бір түрлі
айқай салды...
Сол бір дауыс қатал тым
құлағына осы жолы естілді
«Еркіндіктің» моласында ап-айқын, –
есін жиды... жел ысқырып соғады;
Қабыршы еппен тегістейді моланы;
бұталарда қу жапырақ жұлқынып...
өксіп-өксіп жылайды кеп бір әйел
қасіретке беріліпті құлай ол...
танымайды, бір ғажабы, оны ешкім
қара киген, жабық жүзі, көмескі
тұлғасы да, қара перде астында
Не бар екен? Сұлу ма бір – жан құрбан,
кемпір ме әлде жағы түсіп болдырған,
Кемсең-кемсең еткен кезде, иегі
бәлкім, имек мұрынына тиеді?
Үңірейген екі ұртына жас аққан?
Емханада мұнымен бір елес боп
сол түні өлік күзеткен жан емес пе?
Бетін ашпай кетті, ақыры, ол әне...
бөгде адамдар топтанады, толады...
аянышты-ақ әке байғұс, аяды,
оған тиген мұра да сол баяғы:
Ғұмыр бойы алдап келген өзін кіл –
Флоберлік «Тәрбиесі сезімнің».
Жаназадан бір құтылдым деп еді,
Жігіт бірақ әке үйіне келеді.
Кеттік біз де, оқушы дос ақылды,
Көзімізді салу үшін, ақырғы
тұрмысына сорлы әкенің (жақында
мақтатпауға бұл дүниені ақынға!)
Кірді ұлы. Қаңыраған үй тым күңгірт,
дымқыл, суық көлеңкелер тұр мүлгіп...
әкені жұрт аңғалдау жан санаған,
ептеп еркі болатұғын және оған:
жатты сайрап әр нәрседе, күз – көңіл
оның мұңды мінезінің іздері;
профессор – сыйлайтұғын елде де оны
ғылымда да болды біраз еңбегі;
сөйте тұрып арзан рестораннан
тамақ ішті – қызметші жоқ жаланған;
көшеде ол жүретұғын бір қырын,
аш ит құсап өткізіп бар тірлігін,
Өзі асығыс, берекесіз түр-тұлға
Тонын киіп жаға-жеңі қырқылған;
Көргендер бар түскен шақта қыс мүлде –
Отырғанын қап-қара шпал үстінде;
Жиі-жиі демалатын ол мұнда,
әйнек қатып екі көздің орнында
қадалатын өткеніне... шығарды ол –
бәрін «жоққа», «нені өмірде құмармен
бағаласақ; жылдар бойы, сірә, осы
бөлмесінің тазармаған ауасы;
төсек асты, орындықтың жан-жағы
шаңға бөккен кітап, қағаз бәр-бәрі;
жылдар бойы жылытпаған үйін де ол
бәрін үйіп, жинай берген-болғаны;
жыртық қағаз, шүберекті, жалбаны,
нан қабығын, қауырсынды – қаламды,
темекінің қораптарын сол әлгі,
жуылмаған іш-киімді, қап-қалың
туыстардың, әйелдердің хаттарын,
суреттерді, жинаған-ақ дегенмен
талай затты, айтылмайтын өлеңмен...
ақырында – әлсіз сәуле түсі өлі
икон қойған шкафтарға түседі
«Рухани мінез-құлық туралы»
Жазбаларға, хабар-хатқа бумалы...
Жермен, өстіп, есептесіп қайғылы,
жастық шақтың жалынынан айрылып,
бір кездегі радикаль-фауст бұл
«түзеледі» өліп, бәрін ұмытып тауысты;
Жылтсыз өмір – түтіні көз қариды,
сөздің бәрін дыбыс деп тек таныды –
«еркіндік» пе, «еврей» ме – бәрібір...
тек музыка – оятар сол қалған-ды
қанаты ауыр тартып біткен арманды:
күңкіл-күбір сөздің бәрі жай қалып:
жексұрындық сұлулыққа айналып;
Жазылатын бүкірейген тоқ бел де
күй-сандық бір күңіреніп кеткенде,
сұмдық үндер шарпитұғын жанды ұшып:
Оянатын құмар, үміт қарғысы,
Ұят, тілек, жатқан қайғы қан құсып...
Сөйте-сөйте құрт ауруын кеуденің
өз еркімен таңдап алды; меңдеді –
Жатты сонсоң емханаға жаман бір
Сараң сері – Гарпагоны заманның...

Әке солай сараңдықпен сүрді өмір,
Ұмытты оны ел, жан қалмады бірде-бір,
Қала өмірі – салды салтын тепкі ғып
бұралқы иттей құр сүйегін кептіріп;
Ұмытты өзін, құдай да оны етті ұмыт.
Көңілі бірақ... сезген еді көп оның,
күпір-көкірек көп істетті дегенін!
Іш пысқанда көңлі тартып көмескі
құмарлықтан; тегін жағдай емес-ті;
Жаны оның – әлденедей данышпан
қайғылы ұшып келетұғын алыстан;
оятатын рухын да Шуманның
қайырымды үн қатал қолдан туған бұл,
жауырынынан ызғар сезіп сонда бір
бәлкім, ескі аңыздардың толғағы,
оның соқыр көкірегі толды, әне,
елестейтін: екі үлкен көз, кейде осы
тауда сынған қанаттардың бейнесі...
осы естелік тұтап жатса кімде егер,
сол өзгеге ұқсамайды, күнде көр:
күллі өмірін алдын оның бір ұлы
ақындықтың қасиетті дірілі,
Кейде саңырау, соқыр, мылқау ол әрі
Сондайда оған құдай серік болады,
Кейде тонап кетеді оны, күркелі
Врубельдің өзін құртқан жын-пері...
ақыл көзі, ой жанары тым терең,
бірақ оны тұншықтырар түн керең,
түсінде де ол қатал, суық ең өлі
тек ақылдың қасіретін көреді.

Ел – қорлықтың салмағына жаншылған, –
Зорлық пенен қиянат тұр қалшылдап –
Періштедей кейде қанат жиятын,
Кейде әйелдей жойып алған ұятын.
Күш-қайраты, даналығы халықтың
үн қатпайды, қатып ұйықтап қалыпты,
Құлы болып жалқаулықтың қанаған
Күллі халық адасып жүр далада.
Ана ғана ойлап ұлы туралы
түні бойы ессіз еңіреп шығады,
әкесі де жауға қарғыс төкті бір
(кәрілердің жоғалтатын жоқ түгі!..)
Ал, ұлы ше? Сатып кеткен ол елін,
жаумен бірге шарап ішіп келеді,
жел ұрады терезені ақырып,
таза өмірге, ар алдына шақырып...
Сені де өстіп, о, Варшава қаласы,
Өр-тәкаппар поляктардың, қарашы,
Мүлгуге ылғи мәжбүр еткен еді ғой,
орыстардың әскерлері не дүлей?
Тас бүркеніп, жасырынып қалды өмір,
бай-төрелер сарайлары қалды үнсіз,
Жалғыз Аяз-мырза ғана долдана
бар бағытқа ұрып тұрған – сол ғана!
Құтырады ол бурыл шашы бұрқырап,
жер мен көктен таба алмайды бір тұрақ,
кәрі тарлан қағынғанда – өстеді,
дауыл болып далақтаған бос жеңі,
Немесе, ат кісінесе шыңғыра
телеграф сымдарымен сыңғырап
жауап берер, Мырза тізгін тартады,
ауыр шойын қайталайды жаңғырып
қатып қалған ат тұяғы дүбірін
бұл өмірдің суығынан мәңгілік...
басын төмен салып мырза қайтадан
қасіреттен күңіреніп айтады ән...
дүние кезіп, асау атты талайғы
тебініп қап қанды шпорын қадайды...
Кек! Кек! – дейді Варшаваның алабы,
Суық шойын жаңғырығып барады!
Кафе, барлар жарық, нарқын еселер
«Жаңа дүние» сауда жасап тәнімен,
Қайнап жатты ұяты жоқ көшелер,
ал, қалтарыс – қараңғы еді не деген
онда өмір жоқ, жел мен құйын ұлыған...
Қар жауады, құдай аяп, міне, енді
бір ғажайып сиқырымен жауған қар
басты өмірдің байырғы үнін жігерлі...
Қар ұйтқиды, сыңғырап кеп құлайды,
ол – бір ескі тыныштығы құдайдың...
Күнәдан пәк кейіпкерім сүйкімді,
Сені де әлі қар басатын болады,
Әзірге сен қайғы-мұңмен бір түрлі
Әкеңді әрең жерледің ғой, сен әлі
Сенделесің, қаңғырасың дамылсыз,
ауру, әрі бұзық тобыр ішінде...
береке жоқ, сезім-ой жоқ ісіңде,
бас мәңгіріп, жанарың да жалынсыз,
Жүрек, бейне, кезбеліктен кесірлі
қалған сын-ды бір он жылға қартайып...
Міне, қол-шам әлсіз сәуле шашады...
Әйелге ұсап, таса жерден дәмелі
Міне, әлдекім жылжып басып келеді...
Жетті, міне, қу-жағымпаз бір епті,
Сықты асығыс жүректі
Сұмдық қайғы тылсым ғып
Жерге салып, тастағандай жапсырып
Қуатты қол бір сұмдық...
Келе жатыр, жалғыз емес ол енді,
Әлдекімді серік еткен сықылды...
Міне, тауға бастап ала жөнелді
Варшаваның бір көшесі үкімді;
Висла, әне, – қарлы құйын тозағы...
ықтын іздеп тасасынан үйлердің,
тоңғандықтан тіске тимей тіс мүлде
безгек ауру тәрізді бір күйге енді,
кілт бұрылды өкше-ізі жағына,
Коперник сфераның үстінде
қар жамылып ойға шомған тағы да...
(Қатарында – жау ма, дос па – қараңдап
Мұң келеді...) сәл оңға
бұрылды да тауға қарай, бір замат
көзі шіркеу мұнарасына сырғанап
тайып кетті жасқана
(әлденендей маңызды ұры масқара,
салған оны, аяқтамай тастаған)...
Кейіпкерім еселеді жүрісін,
тек кешікпей тағы шаршап, құрысын, –
Тұла бойын күш бермейтін майда бір
Сұмдық діріл жайлады
(Сол дірілде бәрі-бәрі болатын:
Суық, шаршау, қайғы жүрек жаратын...)
талай сағат өтіп кетті, ал, оның
кезгеніне қар жамылған даланы
бос қаңғырыс уақыт алды қаншама...
қарлы құйын қақап, ұлып шаршаған
тынши берді, ұйқы құшты Варшава...
Қайда бармақ? Күшті қайдан табады
түні бойы қаңғыруға қаланы –
енді кімге көмек бере алады!
Жүрегі оның түннен енді нәр алды,
түн секілді көз қарасы қараңғы,
тас-саңырау жүрегі оның тоқ, бірақ
өкініш жоқ, оны еститін жоқ құлақ,
бейне мынау үйлер сын-ды, өзге бір
ақ шел басқан әйнектерін-көздерін!
Тек ақ қанат-қар қалықтап жауады,
қысты күні ол – алаңдарды жабады,
жабады да өлілерді бүгін ол,
ал, көктемде – бұлақ болып жүгірер...
Кейіпкерімнің көкейінде, ал, бірақ
әрпіл-тәрпіл шатысқан ой-сандырақ...
келеді ол... (Ізіне қар қонады,
жалғыз бірақ екеу еді ол әлі...)
Құлағында әлдене үн көмескі...
Кенет, алды – шексіз қоршау боп өсті,
Сірә, Саксон бағы шығар, бұл енді
Соған келіп жайлап қана сүйенді.

Орта, қайғы, адамдар мен келесі
күндер қамы тұйыққа алса сені осы;
егер сенің көңіліңдей жабыққан
соңғы үмітің шегеленсе табытқа,
көшесінде қаңыраған қаланың
күйзеліс пен ауру мүжіп сені әрі,
келе жатсаң иесіз, сұр үйіңе,
кірпігіңді қырау жапса, бір ағат
салмақ басса – көрші бір сәт, тұра ғап
тыныштығын тыңдап көрші сол түннің:
сезесің сен басқа өмірді, толқуды,
жарықта сен аңғармаған ешқашан;
айналаны көзбен шоли бастасаң
бәрі-бәрі әсер етер басқаша:
қар жамылған көше, алау түтіні,
таңды күткен түн-жүректің лүпілі,
дүние-суық ақ мұнармен тұтап бір,
аспан-кітап ішіндегі кітап бұл;
көкірегіңнен қаңырап қалған жаңағы
Ана бейнесін табасың сен әлі,
теңдесі жоқ осы сәтте және сен –
шам шөлмегі өрнегі де ең әсем,
аязы да қалтыратқан қаныңды,
махаббат та суық алған кәдімгі –
алғыс болып тұтанады бәр-бәрі,
ақ батаңды жаудырасың сонда бір,
түсінесің, өмір-ұлы ол аса,
«бар дауыспен» шырқайды ылғи жаңаша,
ал, дүние – әрқашан да тамаша.

(А. Блок. Таңдамалы, Алматы, Жазушы, 1980, 2-том,
79-123 беттер)