ЖЫЛ ҚАНАТЫНДАҒЫ ЖЫР

 

Біз «Жазушы» баспасынан 1986 жылы шыққан 70 шамалы өлең кітабын оқып шықтық. Бәрінің де жырлайтыны – бүгінгі заман: космос пен химия заманы; бұл заман тұрмыстағы тыныштықты қандай ұнатса, махаббаттағы мазасыздықты, творчестводағы тойымсыздықты сондай ұнатады екен.
Өнерге тән өміршеңдік, өмірге тән ерлік бар. Өлең жазған кісінің бәрі ақын емес екен – дәлелденген шындық. Шын ақынды жасайтын да – өмір, содан алған әсер, тәжірибе болса керек. Біздің оптимизм деп жүргеніміз, бір сөзбен, өмірге сену деген сөз. Ал өнер – осы сенімнің айнасы.
Өмірге сену, оны дәріптеу – алдымен өнерге сену, өнерді дәріптеу екені хақ. Ақын Әбділда Тәжібаев:

Патшалар өліпті,
палуандар өліпті,
Емендер сыныпты,
темірлер сыныпты,
Қай ақын, қай жерде,
қай жылы сөніпті?
Қай құдай ақынның
өлгенін көріпті?!–

деуі осы сенімнің арқасы.
Қалижан Бекхожиннің «Қайран жастық» жинағы туралы баспасөз бетінде жақсы-жақсы пікірлер шығып жүр.
Поэзия жастықтың ісі, жастыққа тән процесс дейміз. Осы пікірдің өзін кейде қайта қарағың кеп кетеді. Поэзия жастыққа тән деген тұжырымнан гөрі, талант қартаймайды деген тұжырым әлдеқайда әділ тұжырым, әділ қағида сияқты. Шашына қарап-қарап шал есептеген адамдарымыздың жыр кітаптарын ашып қалсаңыз, жаңағы ойыңыздан ұялып қалады екенсіз. Мұндай «шалдарымыз», әрине, көп емес. Санап кетсеңіз, бір қолдың саусағына да жетпейді. Қалижан Бекхожин өлеңді төгіп-ақ келе жатқан ақын. Өлеңдері барған сайын от алып, барған сайын жаңарып, жасылданып бара жатқан сияқты. Шаш ағарған сайын жыр бағы көгере түсетіндей. «Шыққан күннен күтем ылғи жаңалық» дегені сықылды, ақын ылғи да бір жаңа тіркес, жаңа ой, жаңа ырғақ іздейді. Көбіне-көп табады да. Ақын бағбан сықылды: жыр бағының әр түбін күніге он түртіп, қисық өскен бұтағын қырқып, түзулерін мәпелеп, ертеңнен қара кешке шейін дамыл таппайды. Дамыл атаулының бәрі – творчествоға қас нәрсе. Бұл – жасқа да, кәріге де ортақ.
Талант деген дән іспеттес: құрғаққа, аңызаққа өспейді. Оның бораздасы – әжім, жаңбыры – тер, еңбекпен ғана ол көз сүйсінерлік көк алқапқа айналады. «Махамбет қабіріндегі тебіреніс» алдымен ақынның өзін-өзі қайрауы, өзін-өзі жауапқа алуы деп түсінеміз.

...Ал, мен –
Боқсақтағы боз қамыстай,
Тоғышарға иілген,
Бошалақпын, боз баспын.
Қойшы мінген жабымын,
Бәйгеге түсіп озбаспын...
Сен, бейне
Мұзды балақ қыран ең,
Қанатымен тас жарып,
Ажалын күткен қиядан.
Мен кейде
Жасықтардан жасқанып,
Өлімнен сескенгеніме
Сенің аруағыңнан ұялам.
Осы өлеңді естісе, Махамбеттің өзі де мәз болар еді. Қалижан поэзиясы – қашаннан адуын поэзия. Ол шым-шымдап еппен тартуды білмейді, ұстағанын жұлқып тартады, не жұлып алады, не шалқасынан түседі. «Қайран жастық» – негізінен, жақсы кітап, бірақ осы жақсы кітап үшін де «Махамбет қабіріндегі тебіреніс» – оқыс жақсы өлең.
Қазіргі қазақ лирикасы – өскен елдің лирикасы. Қазіргі өлеңде бос сөзге орын жоқ. Әрбір өлеңнің көтерер жүгі нақтыланып, көздегені көрініп келеді. «Тисе торғайға, тимесе терекке» дегеннен арылдық. Мұны бір сөзбен өлеңнің сыйым-дылығы (емкость стиха) артты дейміз. Поэзия нақтылығы дегеніміз де осы төңіректегі нәрсе.
Өнерде жақсы-жаманды айыртатын талғам екені рас. Талғам – таланттың таразысы. Талантты таба қылатын да талғам, оны танытатын да талғам. Талғамсыз талант табасыз нан іспеттес. Қай бұрышы қалай қисаям десе де еркін. Бізде өзгеге қатаң талап қоятын талғампаздар толып жатыр. Ал сол талапты өзіне қоятын адам кемде-кем. Өзіне сараң, өзгеге жомарт жандар екінің бірінен шыға бермейді. Қолдан келсе дәл сондай болғанға не жетсін! Қуандық Шаңғытбаев жұртшылыққа «Ар» атты кітабын ұсы-нғалы ширек ғасыр болыпты. Әрине, ширек ғасыр ішінде ақынның талай жинақ беретін мүмкіндігі бар еді. Бірақ ол – аса талғампаз, сараң ақын.
Қ. Шаңғытбаев поэзиясы туралы сөйлегенде, өлеңнің үндік, дыбыстық үйлесімін ауызға алмау мүмкін емес сияқты. Бұл – ақынның жақсы қырларының, негізгі қасиеттерінің бірі. Өлеңде үлкен адами-әлеуметтік ой, рух болып, ол осындай сұлулықпен төгіліп жатса, одан артық поэзия бола ма?
Ғафу Қайырбековтың баспадан жаңадан ғана шыққан жинағы «Алтын бесік» деп аталады. Бұған ақынның соңғы бірер жыл ішінде жазған, негізінен, жол-сапар жырлары енген. Ғ. Қайырбеков – нені де болсын түйіліп келіп түйдектеп тастайтын, айтқыш, жарма жыршыларымыздың бірі.
Алдымен ақын көңілінің құпиясын, сырын, стилін тү-сінуіміз керек. Бізге сырын сеніп айтқан адамға біз де сенуге тиіспіз ғой. Мен Ғафудың осы жолдарына сенемін, иланамын. Ал сендіре білу қуатты ақынның ғана қолынан келетін шаруа екені де болса ақиқат жай.
Өнер туралы, өмір туралы, беріктік, тұрлаулылық туралы ең әсем, ең қимас сырларын да ақындар осы туған жер өрісінде жақсы айта алатын сықылды. Жаңаша ай-тайын, жақсы айтайын деген игі талпыныс үлкен тақырып алдындағы жауапкершілікті арттыра түсетіні белгілі. Тұрсынзада Есімжановта:
«Опасыздық еткен адам Отанға
Сатылмай қоймас»,–

деген жолдар бар.
Біздіңше, сәтсіз, үстірт жолдар. Отанға опасыздық етуден өткен қандай сатылу болмақ?! Жалпы, опасыздықтан өткен сатқындық бола ма?! Осы сықылды ішінара кездесіп қалатын, аңдаусыз айтылған, тексерілмей тіркелген жол-шумақтар жалғыз Тұрсынзадада ғана емес, басқа да ақындарымыздан байқалады екен. Мұның бәрін жіпке тізіп жатуды артық көрдік.
Талантты ақындарымыздың бірі Мұқағали Мақатаевтың «Алатау, ассалаумағалайкүм» атты өлеңі бар.
Мақатаев поэманы да, өлеңді де көптеп, топтап жазып келе жатқан адам. Маған салса, оның басқа барлық жазғанын таразының бір басына, осы өлеңін бір басына салар ем. Кімге қалай екенін білмеймін, өз басыма осы өлең қатты ұнайды. Адамның қара көзімен ойнайтын сиқыр емес, қасық қанымен ойнайтын сиқыр бұл! Сырттай қарағанда осы өлеңде пәлендей әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ сияқты. Тың теңеу, соны образ, терең ой сықылды өлең атаулының бәрінен талап етіліп жүрген қасиеттер де байқалмайды. Кейде өлеңді де бір сөзбен жандырып, бір сөзбен бүлдіріп алуға болады екен. Осындағы орынды қолданылған: «жарықтық», «босаға», «ассалау-мағалайкүм» деген үш сөз өлеңді жақсы көтеріп кеткен.
Ал ең бастысы: ақын сезімінің шыншылдығы, мөлдірлігі. Осы күні дәуір тынысы, уақыт рухы деген сөздер көп айтылады. Мұны айтқызып жүрген де сол уақыттың, дәуірдің өзі болуы керек. Дәуір тынысы, уақыт үні деген дорбаға салып, биіктеу қазыққа іліп қойған нәрсе емес: Ол ұмтылып барып, іліп алып жүре беруге келмейді. Космос, корабль, стадион, эстрада сықылды сөздерді қанша үйіп-төгіп пайдаланғанмен, уақыт рухы берілмейді. Уақыт рухын бере алатын да адам рухы. Шын мәніндегі азамат сөзі айтылған жерде уақыт рухы қағаберіс қала алмайды; өйткені әрбір азамат – алдымен өз кезінің ұлы, өз ғасырының ұлы, жиырмасыншы ғасырдың азаматы, бесінші ғасырды жырласа да бүгіннің, осы кездің тілімен жырлайтыны – айтылып жүрген шындық. Әрбір жақсы шығарма – дәуір тынысын берген шығарма. Әрбір жақсы шығарманы жақсы ететін де сол дәуір шындығы.
Кейбір ақындарымыздың жинағын оқығанда, жақсы өлең таба алмай дал болады екенсіз. Әдетте біз мұндай жинақтар туралы ештеңе айтпауға үйреніп кеткенбіз. Баспадан кітап шығып жатыр. Бірде-бір жолының асты сызылмайды. Өйткені, бәрі дұрыс. Ұйқасы бар, ырғағы да бар. Қанша буынмен бастаса, сонша буынмен бітіреді. Сыртынан қарағанда жұп-жұмыр, теп-тегіс. Оқылғанда да мүдірмей оқылады.

Түнде ұзақ отырып қалыппын,
Құлаппын төсекке қалжырап.
Дей алман: «ұйқыға қаныппын»,
Мен үшін «кідірмес» таң бірақ.

Бұл – Әбірәш Жәмішевтің «Күміс кірпіктер» атты өлеңі-нің бірінші шумағы. Әбекеңнің геройы түнде кеш жатқаннан таңертең ұйқтаңқырап қалыпты. Бетіне күн түсіп тұр екен. Бар болғаны осы. Осы үшін қырық жолдай өлең жазылыпты. «Күміс кірпіктер» атты бұл өлең – жинақтағы ең басты өлең: жинақтың өзі осы өлеңнің атымен аталыпты. Жинақта мұндай өлеңдер біреу болса, кешіруге болар еді. «Күміс кірпіктер» кітабына енген өлеңдердің дені осы деңгейлес жатса, қалай налымайсың.
Өкім Жайлауов кітабын «Шопан дауысы» деп атапты. Жақсы тақырып, керек тақырып. Жинаққа алпыстан астам өлең еніпті. Бәрі де дұп-дұрыс, бәрі де мап-мақұл. Бірақ осы дұрыс нәрсенің бәрі поэзия бола бермейді екен. Айтыла-айтыла әбден жауыр болған ойлар, қиыса-қиыса қиюы қашқан ұйқастар.

Қазір сенің дей алман жолың тараң,
Игіліктің төліне толы қораң.
Қаһарыңнан қаймығып қалт-құлт еткен,
Ақ қар, көк мұз, түтеген долы боран.

Бұл – шопан туралы өлеңі.

Тездетіп бар да, үйінен
Акушер қызды кел ертіп.
Көңілімде толғақ жиілеп
Күпті ғып қойды елертіп (?).

Бұл – «Толғақ» деген өлеңі. Әріптеп іздеп, әдейі табылып алынған жолдар емес, Өкімнің кез келген өлеңінің кез келген шумағы осындай деуге болады.
Қадыр Мырзалиев – ақындық тапқырлығымен, ойының нақтылығымен ерекше көзге түскен ақын. Ол нені айтса да дәл айтады, тауып айтады. Өнер алдындағы өз жауапкершілігін бүкіл ел, заман алдындағы парыз-міндет деңгейіне дейін көтере білген, шын мәніндегі мәдениетті ақын. Поэзияның осындай бейнетқоры Қадыр Мырзалиев – жастар аталатын кейін-гілердің ішіндегі ең көрнектісі. Ол өлеңді төгіп-ақ жазып келеді. Бірақ Қадыр кейде қарапайым айтам деп, қарадүрсін айтып алады, түсіндірем деп ежіктеп кетеді. Керек нәрсені айтам деп кез келгенді айтып салады. Содан барып арзан, Қадыр қаламына татымайтын, тайыз жолдар туып қалады. Мұндай өлеңдер Қадырда өте аз, бірақ жоқ емес. Осы жағын талантты, талғампаз ақын ескерер деп ойлаймыз.
Сағи Жиенбаевтың жыр арнасында күркіреген көк толқын жоқ. Оның толқыны – бәсең ағатын, сабырлы, мінезді «Ақ толқын». Күркіреген көк өзенде көбік те көп болады ғой. Сағида ондай болмайды.

Қашаннан тауда жүргендер
Қасиетін білер бір гүл бар;
Құбылмайды өзге гүлдердей,
Қызықпайды оған бұлбұлдар, –

деп өзі айтқандай, Сағи ақын біреу қызықсын деп «құбылуды» білмейді. Ылғи да бір мінез, бір принцип. Барын орынды, ақылды пайдаланады. Сағи – шебер ақын. Оның әр сөзі орынында, әр бояуы керек жеріне ғана жұғады. Атқаны нысанаға дәл тиеді. Бұл – ақынның өлең ісіне ұқыптылықпен, сақтықпен қарауының арқасы, соның жемісі.
Төлеген Айбергенов сыршыл, жанып айтып, жарылқап тастайтын жақсы ақынымыз еді. Оның ақындық мінезі ер болатын. Жұлқынып, қызу сөйлейтін. Ежелгі халық поэ-зиясының отты, сазды рухын өлең жазудың осы заманғы техникасына сәтті ұштастыра білген бұл ақын тым ерте үзілді.
Өндіріп жазып келе жатқан ақындарымыздың бірі Тұман-бай Молдағалиевтің кейінгі кітабы «Ескерткішке» ақынның, негізінен, жолсапар әсерлері, көңіл күйі жырлары енген. Тұманбай – нәзік, сыршыл ақын.
Қазіргі өлең өнері, тағы да айтамыз, өскен өнер. 40–50-жылдары жазылған жап-жақсы өлеңдеріміздің кейбірі бүгін қарасаң ескіріп, ол жылдары шыққан биіктеріміз аласарып қалыпты. Бұл – заңды нәрсе. Бірақ шын мәніндегі жақсы шығарма ешқашан ескірмеуге тиіс. Спортта спортшылар күнбе-күн рекорд жасай бермейді. Олар рекордты өздерінен өздері озған шағында ғана жасайды. Мұндай шақ адам өмірінде біреу бола ма, он бола ма – оны айту қиын. Осы қағиданы поэзияға да қолдануға болады. Әр ақынның өзінен өзі биік шығатын, өзінен өзі озып кететін кездері болса керек. Сәбиттің «Майға сәлемін», Қасымның «Байқалын», Әбудің «Ақша бұлтын», Әбділдәнің «Аралдарын», Хамиттің «Жайық жырларын», Қалижанның «Махамбет қабіріндегі тебіренісін», Сырбайдың «Ақын мен толқынын», Жұбанның «Жыр туралы жырын», Қуандықтың «Реквиемін» т.б. ақындардың жекелеген туындыларын біз осындай озық үлгілер санаймыз. Біздің кейінгі ақындарымызда жақсы өлең көп-ақ. Жақсы кітап-тарымыз да бар. Бірақ жақсының жақсысы, жаңаның жаңасы болмай ма, Алатаудың барлық жерінің биіктігі бірдей болса, ол дәл осындай әдемі, осындай әсерлі болмас еді. Осы жағынан қарағанда, «пәленнің пәлен өлеңі-ай, шіркін!» деп тамсанатын үздік шығарманы біз алғы күннен күтіп келеміз.