“Мектеп” баспасының кітаптары жөнінде

Жұмекен Нәжімеденов

“Мектеп” баспасының кітаптары жөнінде

Кітап – білім көзі, рухани азық. Әрі дос, серік, ақылшы. Біздің қоғамда, әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде кітаптың атқаратын қызметін айтып жеткізу қиын. Қысқасы, ең ақылды, ең ұлы ұстаз – кітап. Бұл қанша айтылса да арымайтын, қажымайтын қағида.
Осы салада “Мектеп” баспасының жұмысы айрықша. Оқушы балалардың біліміне, санасына, жас мөлшеріне сай (оқулықтан өзге) әдебиетті саралап, әр класс оқушысына лайықтап ұсынатын жалғыз баспа сол – “Мектеп”. “Мектеп” баспасы бұл бағытта бірқыдыру жұмыстар істеген. Толып жатқан сериялы әдебиеттердің шығуы – соның айғағы. Әр серияны құрастырғандағы мақсат айқын, бағыт белгілі. Қайткенде тәрбие жұмысын жақсарту, қайткенде молырақ білім беру деген секілді ізгі ниет – барлық серияға тән, барлық кітаптың негізгі өзегі, “қызыл жібі” екені айдан анық. “Мектеп” баспасында осындай сериялардың саны – онның үстінде. Және барған сайын сериямен шығатын кітап санының көбейіп келе жатқанын көреміз. Мәселен, 1971 жылы түрлі сериялармен 7 кітап шықса, 1972-де – 18, 1973-те – 26, ал 1974 жылы 56 кітап жарық көріп отыр. Көлемнің, тираждың өскені - өзінен өзі белгілі.
Көркем әдебиет туындыларын іріктеуде, балалардың ұғым- танымына орай ықшамдау-қысқартуда көп мән жатыр. Бұ жағынан да біраз ізденіс, әрекеттер бар екені байқалады. Әсіресе бұл талап қазақ совет әдебиетінің көрнекті қайраткерлерінің (С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов т.б.) шығармаларын іріктеу, топтауда көзге айқын шалынады. Бірақ кітап – кітап, шығарма – шығарма. Жақсы шығарманы жаман кітап қып шығару әбден мүмкін. Кітаптың түр-болмысы, басылымы (оформление) талай сын. Өйткені осы серия кітаптарын сыртына қарап ажырату мүмкін емес. Көбін жоспарды көріп, сонымен салыстырғанда ғана айырылады. Мысалы: “Методикалық кітапхана”. Жоспардағы серияға осындай ат қойылып, айдар тағылған. Ал, бұл сериядан шыққан кітаптарды өзара салыстырып көру қиын. Бірі біріне мүлдем ұқсамайды. Р. Нұрғалиевтың “Өнер алды – қызыл тілі” мен К. Қайымовтың “Зоология және танымдық ойындар” атты кітаптарын бір сериядан шықты деуге болар ма? Оның үстіне Р. Нұрғалиевтың “Өнер алды – қызыл тілі” мен методиканың арасында қандай байланыс бар? Және бұл кітап – кітаптан гөрі әр тақырыпқа оқылған лекциялар жиынтығына көбірек ұқсайды. Бұл да ойланатын жай секілді.
Кітап мәдениеті – мұқабадан басталатынын ескерсек, осы сериялардың қайсысы серия, қайсысы оқулық, қайсысы жай брошюра екенін айыра алмай дал боласыз. Серияға ұқсайтын жалғыз-ақ “Мектеп кітапханасы” – МК. Мұның өзі адамды шатыстырып бітеді. Мысалы, жоспарда осы серия: “Библиотека школьника”, “Школьная библиотека”, “Библиотека школы” деп әлденеше құбылады. Мұның өзі “көш жүре түзеледінің” кебі шығар. Әйткенмен осы “көштің” тең артқаны да нақ бүгін емес сияқты...
МК-ның астына қайсы бір кітаптарда “Мектеп кітапханасы” деп жазылған да, қайсы бірінде жоқ. “Кластан тыс оқу” , “Кластан тыс оқу кітабы”, “Повестер мен әңгімелер”, “Поэмалар” тәрізді ала-құлаланып кете барады. Осының бәрін бір жүйеге келтіру жөн. Бұл ретте “Жазушы” баспасы шығарып жүрген сериялардың мәдениетінен үйренген мақұл болар еді. Сонсоң кітаптың мазмұнын (оглавление) құрастырғанда да осындай ала-шұбарлық байқалады. Автордың фамилиясы әр қалай беріледі (біресе бас тақырыптың астына, біресе шығарманың аяғына), ал дұрысы әуелі автордың аты-жөні, содан кейін барып тақырып тұруға тиіс.
Кластан тыс оқуға арналған Мұхтар Әуезовтың повесть, әңгімелерінің сыртындағы фамилияны жас, тосын оқушы Әгуезов деп оқиды. Мектеп баласы үшін әріптер айқын, қатал жазылуға керек еді. МК сериясынан шыққан кітаптардың біреуін алайық: “Мектеп кітапханасы”, Алматы – 1972, кластан тыс оқу, 4-5 кластар үшін. Бұнда бұрынды-соңғы қазақ жазушыларымен қатар басқа, бауырлас халықтар әдебиетінен аудармалар басылған. С. Айни, М. Жәлел, Л. Толстой, Я. Франко (белгілі Украин жазушысы Иван Яковлевич Франко кітаптың мазмұнында, өстіп, Я. Франко боп жаңсақ жазылып кетіпті), В.Г. Короленко, А.П. Чехов, М. Горький т.б. жас ұрпақты тек ұлт әдебиетінің деңгейінде қалдырмай, өзге халықтың көркем туындыларымен де таныстыру – құптарлық-ақ іс. Амал не, таза техникалық, жалпы кітапты құрастыру мәдениеті жағынан толып жатқан ақаулар мұнда да бар. Әуелі автор, мысалы, С. Айни туралы қысқаша үзінді жариялаған. Осы үзінді (текст) аяқталмай жатып, оқушыға берілетін сұрақтар басталып кетеді. Яки, шығарма тексті мен сұрақтардың арасы ешқандай тыныс белгімен бөлінбеген. Содан шығарма қай жерден бітті, сұрақ қашан басталды - ажырату қиын. Сырт қарағанда бәрін де повесть деп қабылдап, оқып кетуге әбден болады. Бұл техникалық редактордың сауатсыздығы.
Енді сол кітапта оқшау, айналасымен жараспай тұрған бір өлең – ауған ақыны Бахтанидың өлеңі бар. Көлемі 12 жол. Өлеңді басуға, әрине, болады, бірақ баспаса да ештеңе етпес еді. Өйткені бүкіл кітаптың құрылымына, рухына келмей тұр. Бұл кез келген жерден келіп кірген кездейсоқ өлең құрастырушының кінәсінен келген. Кітап деген – резен қап, не наурыз көже емес, әркім барын қосатын. Онда, әр түрлі авторлардың шығармаларынан құралғанның өзінде біртұтастық, белгілі бір жүйе, заңдылық болуға тиіс қой?!
Серияға енген аударма шығармалардың бәрінің бірдей көркемдік сапасын түпнұсқамен салыстырып тексеру мүмкін емес. Сонда да болса аракідік көзге ұрып, “мен мұндалап” тұрған тұстарға қайырыла кетуді артық санамадық. Мәселен, әлгі кітапқа А.П. Чеховтың “Аққасқа” (“Белолобый”) атты әңгімесі жіберіліпті. Сол әңгіменің бірер сөйлемін ғана салыстырып көрейік.
А.П. Чеховта: “... и в это время в хлеву что-то вдруг завизжало, залаяло и залилось тонким, подвывающим голоском, овцы шарахнулись к стенке и волчиха, испугавшись, схватила, что первое попалось в зубы, и бросилась вон”...
Аударма: “Сол кезде қорадан тұтқиылдан бірдеме жіңішке дауыспен үріп қоя берді, қойлар үркіп қабырғаға тығылды. Сонда қасқыр шошынып кетіп, алғаш тісіне түскенді ұстай алды да, қаша жөнелді...” (140-бет).
А.П. Чехов: “Она (волчиха) бежала, напрягая силы, а в это время Арапка, уже почуявшая волка, неистово выла, кудахтали в зимовье потревоженные куры...”
Аударма: “Қасқыр ышқына-ышқына қаша жөнелді. Қасқырды сезген Арапка бұл кезде өршелене-өршелене шабалана үрді, шошынған тауықтар шақыруда болды (140-бет). Бұның барынша олақ аударма екенін дәлелдеп жатудың қажеті болмас. Осы секілді шатпақ-шалыс тілде оқып, сөйлеп үйренген шәкірт ертең, азамат болғанда өзінен кейінгілерге не бере алады? Мәселе орашолақ аударылған бір шығарманың тағдырында емес, соны оқып, рухани тәлім алатын, мыңдаған, он мыңдаған жастың болашағы хақында екенін ұққан абзал.
Тағы бір сөз. Ол қаралып отырған серия жинақтарында жұртшылыққа аты мәлім балалар жазушыларының аз қамтылғандығы. С. Маршак, С. Михалков, К. Чуковский, А. Гайдар, Ж. Родари, Х. Андерсон, Н. Носов, А. Барто сықылды балалар әдебиетінің бүкіл Одақ, әлем мойындаған зергерлердің шығармалары жоқтың қасы. Неге екені белгісіз, өзіміздің С. Бегалин, Б. Соқпақбаев, С. Сарғасқаев, М. Жаманбалинов, М. Гумеров, Ә. Дүйсенбиев, Қ. Мырзалиев, Қ. Баянбаев сынды ақын-жазушылардың өлең, повестері “Мектеп кітапханасының” негізгі, төл туындысы емес пе.
Қысқа жанрда балалардың ең қызығып оқитындары – жұмбақ, жаңылтпаш өлеңдер. Серияда (біз оқыған кітаптарда) жаңылтпаш мүлдем кездеспеді. Ал, жұмбаққа әжептәуір орын берілген. Бірақ көбі сапасыз. Мысалы:
“Аяғы жоқ, алыстан келеді,
Өзіңе сәлем береді” (хат), немесе:
“Иесі алуан өнердің
Қолындамын шебердің.
Қисықты ұрып түзетем,
Шегені ұрып біз етем” (балға), немесе:
“Жонамын, қашаймын,
Ағаштан, темірден
Керек зат жасаймын” (қашау).
Бұл жұмбақтардың қай-қайсысы да бала қиялын селт еткізбейді, айтарын өзі айтып, күнілгері анықтап қойған. Бала “қисықты ұрып түзетем, шегені ұрып біз етем” дегенде-ақ жұмбақ шешуін тауып салмай ма? Қашау да солай. Мұның бәрі біздің жас жеткіншек – бала туралы өте нашар ойлайтынымыз, оның қабілетін ескермейтіндігіміздің, танып бағаламайтындығымыздың белгісі. Халық қалай жұмбақтаушы еді? “Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау” (жұмыртқа). Немесе: “Төребайдың төрт ұлы төбелесіп келеді, Егеубайдың екі ұлы ерегесіп келеді” (түйенің төрт аяғы, екі өркеші). Әрі әдемі, әрі қызық. Әрі бұл ең маңыздысы болу керек, бала қиялының еркінірек, биігірек шарықтауына мүмкіндік береді, өмір, болмыс шақта қатты ескерілуге тиісті мәселе.