Екі ақын туралы бір пікір

Асылхан Рахманов – өлеңді көптен жазып жүрген кісі. Көп өлеңдерінде қаламы төселіп қалғандығын танытады. Әрине, сыдыртып, бір оқып шыққан кісіге пәлендей, бейтарап тұрған кемшілік те байқала қоймайды. Ал, үңіліңкіреп қарағанда, басқаны былай қойғанда, ұйқастың өзі тәлтіректеп жатқанын көру – қиын емес. Мәселен: «шарқ ұрып» пен «артылып» атамзаманнан жақсы ұйқасып келе жатқан сөздер, тіркестер. Осыған «аршылып» дегенді ұйқастырады. Мұнда бір-ақ дыбыс – «ш» әрпі бүлдіріп тұр. Кейде бірнеше дыбыс (әріп) келмей жатса да – құлаққа жағымды естіледі, «анау-мынаусы» білінбей кетеді. Ол – логика, мазмұн-мағнаның тұтастығына, жарастығына байланысты. Асылы, мазмұн, логика үйлеспеген жерде мықты ұйқастың өзі түк бітіре алмайды-ау.

Жараспайды екен қоймасаң өстіп өлшеніп (?)
Шаттықтан шалқып, қайғыңнан қара қамшы өріп –
Мұндағы «Қайғыңнан қара қамшы өріп» деген тіркесте поэтикалық сипат, образға ұқсас бір нәрсе бар. Бірақ осы образ дамымай қалады. Образ – образ үшін, теңеу – теңеу үшін емес, ол дамығанда, әрі қарай тереңдегенде ғана тұтас мән-мағына, тұтас көрініс береді, сонда ғана жай сөздер тіріліп, күшейіп кетеді. Рахмановта әлгі шумақ:
Көрініп сосын ақ қырау-ақпан егделік,
Көрінбей сосын жаз пейіл-мамыр еркелік – деп аяқталады. Бұған бірдеңе түсінем деудің өзі – астамшылық пиғыл сықылды.

Қара шашты әп-сәтте-ақ қырау шалып,
Өтеді екен уақыт қыранша ағып.
– Көз көргеннен сол елде кім қалды?– деп,
Жүреді екен аталар сұрау салып.

Аракідік кездесіп қалатын мұндай шумақтар автордың ақындық қабілетінен хабар айтады. Немесе:
Қара атандармен қайқы белдерде жол өріп –
дегені қандай әдемі! Әттең, бұ секілді тұстар тым сирек, әрі түсіңде көрген жайларың сықылды, үзік-үзік боп, әр жерде бір бұлдырап қала береді.
Сәуегейлер көз алдын сағым қылып,
Сәйгүліктер сауырын сабын қылып,
Дүниеден жұлдыздар көшеді екен,
Қырғи қанат қиялдай ағып жүріп,–
дегендегі алдыңғы екі жол өз-ара жымдасып, жарасып тұрғанымен соңғы екі жол алдыңғы екеуін бұлдыратып жібереді, алдыңғы екі жолдағы ойды дамытпайды, не жарастықты жасалған қорытынды емес. Сайып келгенде, автордың өзі айтқандай, «көз алдың сағым боп» қалады. Бұлдырлық – мағынасыздық деген сөз. Мағынасы бар сөзді бұлдыр атау – сауатсыздық болар еді. А.Рахманов, сөз жоқ, ақындық өнері бар адам. Бірақ әр жолының мағынасына шаншыла қарамайды екен. Еңбек, еңбек ізі байқалмайды. Сондықтан ақынның:

Бір тереңге енем деп, өзімді өзім
Жібермесем болғаны жазым қылып –
дегеніне қосыла қою қиын.

Биіктен төніп сырласар
Ізбасар аласаларыңмен.
Өзімді көрсең бір жасар,
Таусылмас тамашаларың ба ем.

Кездер ме ең күліп жүздесер,
Есейген ересегіңмен.
Жалғаған жаңа ән, күй-нөсер,
Мен сенің келешегің бе ем.

Сырттай қарағанда, осы өлеңде мін жоқ дерлік. Әр жолды жеке-жеке алып көрсең – түсінікті де. Ал, төрт жолдықты түгел қосып оқып көріңізші?

Қоңыраулы керуенін тізілтіп,
Менің бабам ен далада көшіпті.
Шабандоздар жүйріктерін сүзілтіп (?)
Данышпандар бір-ақ сөйлеп кетіпті.
Бұл – баяғы: Дарияға қойып кетсең – күмп етеді,
Иттің жатып үргені – жаз болғаны – сияқты «жырдың» о жақ, бұ жағындағы дүние. Немесе:
Түк көрмедім дей алмай, күліп өткен күндерім,
Тірі жүріп өле алмай күйіп өткен күндерім –
дегенге де түсіне қою оңай емес. Түк көрмедім дей алмайы не? Күліп өткен күндері қалай? Тірі жүріп өле алмай-ды қалай түсінуге болар? Өлген кісі, өлі жүріп өле ме? Міне, түсініксіз өлеңнің үлгісі! Бұ секілді тұстар Асекеңде молынан кездеседі. Қалай? Өлеңде күрделі сезімдерді беруге тырысқанда, өстіп, жаза ма?! Сірә, бұ кісінің өзі де түсінбей оқитын болу керек. Әсіресе, өз өлеңдерін. Өлең туралы түсінік – өлеңнің өзін жазғанда айқын көрінетіні рас болса, ақынның көп шығармаларында ұстанған принципін, өзіне, өзінің өлеңіне қойған талабын құптау – болмайтын сықылды. Асылханның мына жинағын бұ күйінде шығару – оқушыдан да, ал, одан гөрі қазіргі әдебиеттен ұят. Әлі көп-көп жұмыс жасату керек, жинақтың қай бір жерлерін қайыра іріктеп, қайта құрастырған жөн шығар.

Өр төсінен даланың
Көсіле орын аламын.
Сәт сапар,– деп шығарып,
Қош, деп қарсы аламын.

«Жол» атты өлең, жолдың монологы. Өлең – Шолпан Қыдырниязованың өлеңі. Онша ұтымды шумақ емес екені көрініп тұр. «Сәт сапар деп шығарып, Қош деп қарсы аламын» дегенінің мағынасы екіұштылау. Бәлкім, «Қош келдің» деп қарсы алатын шығар? Онда да жетісе қойар ма еді, дегенмен... Әрі қарай:

Арқаладым мен көпті,
Талайлар маған тер төкті.
Тұлпардың таттым тұяғын (?)
Шаралаған (?) жер-көкті.

Мұндай жырлардың күні бүгін құлаққа кіре қоюы қиын.
Шолпан Қыдырниязова – айтысқа шығып жүрген кісі. Домбыраға қосып айтқанда жоғарыдағы жырларға да жұрттың қол соғары хақ. Әйткенмен, қазіргі өлең өнері өсіңкіреп кеткен сияқты. Техникасы, ұйқас-үйлесім, мән-мағнасы жағынан көп өлеңдердің әлгіндей жеңілдікті көтермеуі кәдік. Жоқ, бұл домбырамен айтылатын өлеңдердің құнын кеміту емес, жазба поэзияның, кітап болуға жарайтын көркем шығарманың көп ерекшеліктерінің дүзуін ғана еске салу. Былайша айтқанда, гәп «әу» дегеннің барлығы өлең болмайтындығында. Қыдырниязованың өлеңдері ауызша, «суырып салып» айтылғанға да ұқсамайды, біздіңше, сахнада әнмен айтуға лайықталып, жазылып шығарылған. Жазылып шығарылған соң, әрі кітап боп басылғалы отырса – жазба әдебиеттің, қазіргі әдебиеттің негізгі талаптарын қоймасқа болмайды.

Іздедім сені сағына
Шыршалы, таулы жондардан.
Оқылмаған томдардан (?)
Шартарапты жолдардан,
Көріспеген қолдардан.
Іздедім сені сағына,
Мәуелі, сырлы бақтардан.
Үнсіздік басқан шақтардан,
Алғашқы жауған ақ қардан,
Көп күттірген хаттардан.

Құлаққа жатық естіледі, көзге де жат емес, бір қарағанда төгіліп-ақ тұрған тәрізді. Бірақ мағына жағынан, тым жалпылама, өстіп сырғи береді, сырғи береді. Мұндай шумақтарды жазу үшін сезім-ойдың тереңдігі керек емес. Әрі бұл осы күні кейбір ақындардың творчетсвосына дерт боп жабысып жүрген «іздедім», «таппадым» мен «қайда жүрсіңдердің» жалаң көшірмесі іспеттес.
Шолпан – өлең жаза алатын адам.

Сыймай Жайық кең арнаға,
Жартасқа ұрса толқынын.
Қайтті екен балам – деп ана,
Секілді сенің толқуың – тәрізді әп-әсем, татымды шумақтар да кезігіп қалады. Бірақ, тұтастай алғанда, барлық өлеңде дерлік, әйтеуір бір нәрсе жетпей жатады. Тәп-тәуір жолдардың өзі жалпылама, арзанқол тіркес-жолдармен араласып, көрінбей қалып кетеді.

Көрінген көкжиектен,
Көктемгі сағымбысың?
Кешігіп қолым жеткен,
Әлде сен бағымбысың?– Бұ сын-ды шумақтарды әрі қарай соза беруге болады. Ол үшін ақын болу міндетті емес, сөздердің дыбыстық келісімін ести білетін құлақ (слух) болса – жетіп жатыр. Жазса, ізденсе, еңбектенсе – жазып-ақ кететін кісінің әлгі секілді арзан сөздерді өлең көріп, алданып жүргені қынжылтады.
Қысқасы, Қыдырниязованың да жинағын бұл күйінде жариялауға жарамайды. Көп-көп еңбектену, іздену керек. Бәлкім, жаңа, жақсы өлеңдері бар шығар? Бәлкім, сәтті шыққан айтыс-өлеңдерінен іріктеп алуға болар? Қалай болғанда да, есімін ел білетін адамдардың еңбектеріне мұқият қарау жөн.