Бір жазушының романы туралы

Оқиға Қытай жерінде, негізінен, бір семьяның от басы төңірегінде өрбиді. Совет жерінде туып-өскен, Садық деген кедей қазақ үй-ішімен бір түнде Қытай жеріне өтіп кетеді. Оның Әрін, Есжан, Мұқан, Есен, т.б. ұлдары және қыздары бар. Қытай жерінде бұлар қатты қиыншылыққа ұшырайды: Жұмыс – қиын, жұмыссыздық одан да қиын. Әйтеуір өлмешінің күнін көріп, өзі әзер отырған елге өкімет өзгеріп, аударыс-төңкеріс, аласапыран заман орнайды. Сәндуа (Сян-Дао-Пинь) шаңияның қылышынан қан тамады. Ол бір топ нөкерімен келіп, малымды ұрладыңдар деген сылтаумен бүкіл бір ауылдың Өсерхан бастаған бас көтерер ер азаматын, тапа-тал түсте жер-кепеге қамап қойып, тірілей өртейді. Садықтың Есжаны да соның ішінде кетеді. Өстіп жүргенде заман желі басқа бір жақтан еседі. Енді байлар кедейлерден қорқа бастайды. Мұқан Сәндуа- шаңиядан ағасы Есжанның кегін алуға бел байлайды. Бірақ күзеті мықты әкімнің өз басына ештеңе істей алмаған соң, ақ боз атын ұрлап алып, жойып жібереді. Шаңия ұрысын біле тұрып, шақыртып жауап ала тұрып кешірім жасайды, өйткені, заман өзгеріп барады. Кедейдің аузын алу, оған кешірім жасау – байлар арасында модаға айналып, Теңізбай атты екінші бай Садықтың Мұқанын піркәшік қып жұмысқа алады, Теміржанды (ұлы) оқытсын деген желеумен Есенді де уысында ұстауға тырысады. Есен Жұмабек-мұғалімнен сабақ ала жүріп, Теміржанды оқытады, өзін «Сіз» деп атауға үйретеді. Есеннің Биғайша атты апасы бар еді, ол Қайроллаға күйеуге шығады. Қайролла келіншегін сабай береді, сабай береді, ақыры Биғайша чехоткадан өледі.

Романда махаббат мәселесі де аракідік назар аударып қалып отырады: Теңізбайдың қызы Күнзия, Мұқанға ғашық; Сол Теңізбайдың кіші тоқалы Кәмилә Әрінге ғашық, ал Есенге Еңсебайдың қызы Мәкен ғашық, т.б. Бірақ ғашықтар бірі-біріне бұйырмайды: Күнзия қалың берген жеріне барып, сол босағада қайтыс болады, Кәмиланың жәйін Теңізбай сезіп қап, таяққа жығады, Әрінді де дүрелейтін еді, бірақ Әрін, жас емес пе, қашып құтылады; ал, Мәкен... романның аяғында Есен мен Таңат (Есеннің жолдасы) екеуі Совет жеріне қашып өткенде «көзі жәудіреп» қоштасып қала береді... Біздің байқауымызша, шығарманың негізгі линиясы осы. Қосалқы линиялар, тарам-тармақтар өте көп, эпизодтық оқиғалардан аяқ алып жүргісіз; 340 беттей қолжазбаның әрбір үш беті сайын дерлік, әйтеуір бірдеңе болып жатады: не төбелес, не ұрыс, нағыз болмағанда біреу жайлауға, не қыстауға көшеді. Қысқасы, осы шығармадағы әрбір оқиғаны бөліп алып, көркем ойдың заңымен (логикамен) тәптіштей өрбітсе – әр саласы бір-бір шығарма болып шығатынына күмән келтірмеске болады. Бәлкім, қарапайым, әлі оқу мәдениетіне, талғам-танымға үйренбеген, әдеби дайындығы нашар кітаптың оқиғасын қуып қана оқитын оқушыға, жалықпау үшін, әр бет сайын, әйтеуір бірдеңе болып жату – керек те шығар, бірақ... оқиға үшін ғана жасалған оқиғаның өзі, шынын айтсақ, адамды жалықтырып жібереді екен. Себебі, психология, мінез-құлық, образ-бейне т.б. секілді көркем шығармаға ең керекті қасиеттердің бәрін оқиға көміп, көрсетпей жібереді. Басқа сөзбен айтқанда, сылт баяндаумен отырған автордың (жазған кісінің есімі, шығарманың аты да қолжазбада кездеспеді) суреттеуге, бейнелеуге уақыты қалмаған сияқты. Шынайы көркем шығармада керісінше: жазушының қолы бейнелеуден босамауға тиіс еді.

Ал, сөз басу-баспау жөнінде болса, ашып айтайық, романды шығаруға болады, бір сыдырғы мүдірмей оқылатын тіл бар, оқиға, жоғарыда айттық, өте көп; тұрмыс-тіршілік, қимыл-әрекет те жетіп жатыр. Бірақ қолжазбаны қайта қарауды керек ететін, негізгі, осындай жайларды ескермесе болмайды: 1) Садық атты кедей шаруа бір түнде үдере көшіп, Қытай өтеді. Неге? Садықтың Әрін деген баласы советтің белсенділерінің бірі; ешкімді ешкім алалап жатқан жоқ; шаруа, жағдай бәрі ортақ. Садықтың сылтауы: «бұл ел осынша жұрттың қайсыбірін асырай алады». Әрі Қытайда қайын-жұрты бар, соларға қосылып бай болуды көксейді. Бұның бәрі дәлел емес. Бір мемлекеттен екінші мемлекетке тәуекел ғып өту үшін, қазақтың көшкіш халық екенін мойындағанның өзінде, әлгі сылтау – тым әлсіз, сондықтан сендірмейді; әрі Садық шаруа баққан адам, бас пайдасына келгенде шаруаның психологиясынан өткен, мықты (трезвий деген мағынада), одан алғыр психология жоқ. Теңізбай сын-ды байдың ықпалымен кетсе – бір сәрі. 2) Сәндуа-шаңияның тал түсте бір қора адамды қамап қойып өртеп жіберуі, тіпті, сорақы. Шаңия қатал-ақ болсын, қаніпезер-ақ болсын, құдірет-билігі одан зор екен делік. Сонда сонша көп адамның сұрауы қайда?Үкімет, қанша әділетсіз дегенмен, үкімет емес пе? Кедей-кемтарды жан орнына санамайтын, байлардың мүддесін қорғайтын үкімет қана болсын, бірақ, түк жазығы жоқ қара халықты бүйтіп қырғыза беретін үкімет бола ма? Автордың емеурініне қарағанда, олардың (өртеніп өлгендердің) ешқайсысы мал ұрламаған, Сәндуаның өзінде де оған дәлел жоқ, сөйте тұра тексеру-тергеусіз бұлай әрекет әрекет етуі – ешбір қисынға келмейді; Сәндуа шонжар адам, бірақ онан жоғары жұрттың бәрі сол шонжардың аузын жалап күн көріп жатқан жоқ қой. Оның да жаулары болуға тиіс еді. Әрі шаңияның ешқандай әңгімеге ілікпей, соңынан сөз де ермей, әлгі өзі өртеген жұрттың топырағында алшаңдап жүріп жатуы, ақырында, сонша адамның кегін жалғыз Мұқаннан басқа ешкімнің қумауы, қууға талпынбауы шындыққа жатпайды. Әлде автор елдің ездігін көрсетпек пе? О, онда мәселені басқаша қояр еді ғой. Сонан соң, сөйткен шаңияның (әкім), белгілі байдың тақымына басқан сүйікті атын Мұқан секілді сіңір-кедей ұрлап алып, жытып жібергенде анау түк те істемейді, ұрысын сезіп, ұстап тұрып қоя бергізеді. Заман ағымынан қанша сақтағанда да, Сәндуа сияқты, ұстаған жерінде қолы, тістеген жерінде аузы кететін қайсар күш тіпті де бұлай істей алмайды. Істеймін деген күннің өзінде қолынан келмейді, себебі, әлгі сын-ды қорқақтықты ондайлардың қаны, табиғаты көтермейді. Егер автор оны аяқ астынан гуманист етем десе, мүлде қателеспеді. Әсіресе осы тұсты мықтап ойланбаса болмайды. 3) Есендердің аталас туысы Нұғыспан, Теңізбайдың қазаншысы Нұрахмет, кіші тоқал (Әрінге қылмыңдайтын) Кәмилә, Есенді Мәкенге ертіп әкелетін Сәбира атты қыз мүлде басы артық кейіпкерлер. Осылар қатысты жердің бәрін сызып тастау жөн. 4) Теңізбай Әріннің әйелі Балкеш пен өз тоқалы Кәмиләның ұрсысып жатқанын естіп қойып, серіктеріне Әрінді нұсқап: «байлаңдар!» деп бұйырады. Әрін мен Кәмила арасында бірдеңе болды ма, жоқ па – оны Теңізбай түгіл автор да білмейді. Соған қарамастан атақты бай, тағы да тапа-тал түсте Әрінді байлатып, тоқалын таяққа жығып, өзін-өзі масқаралайды. Теңізбай немене, осынша ақымақ па? Автордың ойынша, ол қарау, зұлым адам. Әйтсе, ана екеуін сонша асығыс жазалаған күннің өзінде басқа бір тәсіл таппады дегенге ешкім иланбайды. 5) Теңізбай романның бір тарауы ішінде бірнеше мәрте көшіп-қонады: жайлауға, қыстауға, одан қайтадан жайлауға, қайтадан қыстауға. Байдың бір-ақ көшкенін суреттеп берсе жетіп жатыр, қалғанының керегі жоқ. Содан соң. Шаңия өртеп өлтірген көп жігіттердің ішінде кеткен, Өсерхан дегеннің жесірі Ұрқия атты әйел бар. Аш-жалаңаш, ауру-ақ, автордың көрсетуінше, кәдуілгі кедейдің жесірі Совет жеріне өтіп кетеді. Қалған жұрт атысып-арпалысып әзер өтіп жатқанда Ұрқияның қалай өткені жұмбақ. Автор ол әйел туралы: Совет жерінде, «қатардағы колхозшы» боп жүріп жатыр деп өте шығады. Ешқайсымыз шекара бұзып көрген емеспіз, бірақ, ол кез келген адам кез келген уақытты аттап жүре беретін жер болмасқа керек. 6) Мұқанның Күнзиямен кездесуі (ұзатылғаннан кейін), Есеннің Қытай жерінен кетердегі сүйген қызы Мәкенмен қоштасу тұстары да сендірмейді. Ол жерлерді де қарау абзал.

Біз жоғарыда роман тілін «бір сыдырғы» деп бағаладық, бірақ бұл айтуға тұратын міні жоқ деген сөз емес. Мәселен: «Түйедей сорайып бой көрсеткен мешіт» (25-бет), «түс болғанша үй бетін көрмеу» (32-б.), «Кешкі бейуақта күңгірт тартқан үй іші арқыраған өзендей бұлқынып тұр» (81-бет), «қанттың тіс тиген бүйірі арық малдың қабырғасындай ырсияды да тұрады» (100-бет), «домбыра үні солғын, төбеден аққан тамшыдай тық-тық етеді» (119-бет), «тырнақтай дөңгелене қонған бірнеше қараша үй» (122-бет), «Кенет найзағай шатырлағандай әлде не шарт етіп, гүрс ете қалды... Сүйтсе, күйге басқан, оркестрдің алғашқы дүмпуі екен» (228–229-беттер), «Әрін де оқыранған сәурікше мұртын сылап» (274-бет) тәрізді сөз, сөз тіркестері көп болмағанымен, кездесіп қалып отырады. Бір ойдың, не көріністің қайталанып кеткен жерлерін қолжазбаға сызып, көрсетіп кеттік.

Сонымен, романды біраз қайта қараған соң оқушыған ұсынуға болады.