Менің Қазақстаным!

Жұмекен Нәжімеденовтің 70 жылдығына

АЛТЫН КҮН – АСПАНЫ,
АЛТЫН ДӘН – ДАЛАСЫ...

Бөлек еді болмысы да, әуені,
Кезіп жүріп бұлбұл бағын мәуелі -
Өмір деген рингте өзеуреп,
Өзі менен өзі айқасты әуелі.

Өзі шындап қажыр-қайрат сезімін,
Төкті әлемге өз шуағын көзінің.
Жеңу үшін пенделігін өзгенің,
Быт-шыт қылды пенделігін өзінің!

Шалқыған жоқ шарап ішіп-шатысып,
Барлардағы қан базарға қатысып.
Біліп алды бір пенденің ішінде,
Пушкин –
Дантес жататынын атысып!

Шымырлаған ой мен сезім-кескінде,
Сөйлеген жоқ жырдан басқа еш тілде.
Тіршіліктің күйкі қамын күйіттеп,
Тісін жарып көрген емес –
Ешкімге.

Көп пендеден қайтып әбден меселі,
Қайтара алмай езге кеткен есені, -
Қыл, қыбырдай соқыршекке тоғысқан,
Жүрегіне шөге берді кеселі.

Құлағында –
Хиросима сарыны.
Бара жатты демі бітіп, тарылып.
Сыйғыза алмай өрт пен дертті,
Тарс етіп –
Жүрегі оның кетті кенет жарылып!

Өмір сүріп жүріп –
Жүрміз шатысып,
Қилы-қилы қан базарға қатысып.
Ішімізде – бірін-бірі жеңе алмай,
Пушкин менен Дантес жатыр атысып!

Жүрміз бірде үстем боп та, тең де боп,
Жүрген жоқпыз рахаттан кенде боп:
Пушкин жеңген күні бір сәт –
Адам боп.
Дантес жеңген күні –
Күйкі пенде боп!

Жүрміз...
Сөйтіп әлі талай жүреді –
Ізгілік пен Зұлымдықтың сүрені –
Бәрінің де жүрегіне жүк артса,
Жарылмас ед Жұмекеннің Жүрегі!

 

20 сәуір, 2005 жыл
Қарағанды қаласы