Жыр-ескерткіш құямын

Аға жазған кітапты алып, жырды аштым,
Өлең оқып, ойша онымен сырластым.
«Тусам да мен топырақта сен туған,
Дарынмын деп айтуға әлі тұрмаспын.

Құнды сөзді жұлым-жұлым жыр етем,
Бірақ мені түсінетін кім екен,
Құм мен қырым шабыт беріп жаз десе,
Қалайша мен бұл өмірден құр өтем.

Жыр өзенін жатқан таудай құлатып,
Сараптамай сезіміне сынатып,
Шала өлеңді жазып жүрген інісін,
Аға тұрды жырыменен жұбатып.

Шын жүректен шыққан мұның сыр екен,
Жалтақтамай жырға бетті бұр бекем,
Өз жырыңмен өзіңді-өзің түсіндір,
Менде сөйткем, - деді маған Жұмекен.

Сен қолдасаң, бәрін кезіп қиянның,
Құнды сөздің тек құрышын жиямын.
Алпысыңда шаламын ғой, жетпісте.
Сізге арнап жыр-ескерткіш құямын.